18.07.2022, 17:00
Оқылды: 78

Оралда жол апатынан 8 адамның қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Оралда жол апатынан 8 адамның қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8

БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мерхат Әженовтің брифингте мәлім еткеніндей, оқиға бүгін сағат 02.22-де айналма жолда «VenOil» жанар-жағармай станциясы маңында болды.

Оның айтуынша, 1990 жылғы жүргізуші «Nissan Maxima» автокөлігімен басып озу кезінде қарсы бетке шығып кеткен. Соның салдарынан 1982 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «Лада 11183» автокөлігімен түйісуге жол берген.

Салдарынан «Nissan Maxima» автокөлігінің жүргізушісі есін жия алмастан, облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.

«Лада 11183» автокөлігінде болған бес адам оқиға орнында қаза тапты. Оған қоса 2011 және 2012 жылғы екі бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды», деді М.Әженов.

Оқиға орнына БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағы да барып, тиісті қызметін атқарды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлік апатынан сегіз адамның мерт болғанын жазған едік.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале