Орал қаласындағы «Balziya» мейрамханасында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған мерекелік кеш өтіп, оған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысты.

Фото: Мәди Салық
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистер миссиясы туралы сөзін тілге тиек етіп, БАҚ-тың қоғамдағы рөліне тоқталды. Әкімнің мәліметінше, бүгінде облыста 123 БАҚ (98 газет, 12 электронды БАҚ, 13 ақпарат агенттігі) тіркелген, сондай-ақ «Ақжайық», «ТДК-42» телеарналары мен «Жайық Пресс» медиахолдингі табысты жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар биыл Тасқала аудандық «Екпін» және «Қаратөбе өңірі» газеттеріне 90 жыл толды. Облыс әкімі тілшілердің «Таза Қазақстан», «Адал азамат», «Келешек мектептері», «Заң және тәртіп» сияқты мемлекеттік жобаларды насихаттаудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Кәсіби мереке аясында бірқатар маман марапатталды. «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлжамал Кенжеғалиева мен «AQJAIYQ» телеарнасының бас редакторы Айгүл Логашкина Мәдениет және ақпарат министрінің «Ақпарат саласының үздігі» медалімен, «Жайық Пресс» ЖШС қызметкері Нұрлан Серғазиев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. «Орал өңірі» газетінің тілшісі Ясипа Рабаева министрліктің Құрмет грамотасын алса, «Самал» газетінің бас редакторы Жұмажан Сүндетов пен журналист Түгелбай Бисенов облыс әкімінің алғысхатына ие болды.
Сонымен қатар Президент тапсырмасымен еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана берілуде. Осы жоба аясында өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Әділет Орынбасаров пен «24KZ» телеарнасының операторы Болат Жарылғасовқа пәтер кілттері салтанатты түрде табыс етілді.
Шара аға буын өкілдерінің құттықтауларымен және жергілікті өнерпаздардың концертімен аяқталды.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz