20.03.2023, 17:00
Оқылды: 260

Оралдағы «BALAUSA» медициналық оңалту орталығында кішкентай ем алушының тұсаукесері өтті

Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қаладағы «BALAUSA» медициналық оңалту орталығында кішкентай ем алушы Абдырахим Миржанұлының тұсауын кесу рәсімі өтті. Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлаған шарада ақ тілектер айтылып, дәмге толы дастархан да жайылды.

74ED0682-B1A1-4462-A3F0-A9406DA68598

«Біз оңалту орталығында ауырған кішкентай сәбилерге қызмет көрсетеміз. Орталықта реабилитолог, невропатолог, ортопед-травматолог, психолог, логопед мамандары қызмет атқарады. ЛФК, массаж, физиотерапия, галокамера, гидротерапия секілді ем-шаралар жүргізіледі. Бізде сөйлеу қабілеті дұрыс дамымаған, өздігінен жүре алмайтын, еңбектей алмайтын бір жасқа дейінгі балаларға үш-төрт мезгіл, жастан асқан балаларға алты ай сайын екі курс реабилитация өткізіледі. Осы ем-дом шараларының арқасында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тәй-тәй басып, жүріп кеткен балапандардың тұсаукесер рәсімін өткізіп жатырмыз. Бізде барлық мамандар кішкентай сәбилермен түрлі жаттығулар жүргізеді, сөйлеу қабілетін түзетеді, медициналық көмек көрсетеді», - дейді орталықтың меңгерушісі Уагади Нигметов.

88701D85-060B-4578-8CA4-7A5EEB9042B0

Орталықтағы емнің арқасында немересінің осы күнге жетіп, қадам басқанына кішкентай Абдырахимның әжесі бек қуанышты.

– Ұлыстың ұлы күні жолы ашық болсын деген ниетте немеремнің тұсауын кестіріп, тәй-тәй басқанына қуанып жатырмыз. Баламның осындай дәрежеге жеткеніне толқып та тұрмын. Нағашы әжесі екеуміз осы оңалту орталығына баламызды әкелмес бұрын, ол ештеңе сезбей, өздігінен қимылдар жасай алмайтын еді. Орталыққа әкелгеннен бастап баламыздың жағдайы жақсырып, оң нәтижелер байқала бастады.

Осы кезге дейін Астанаға үш рет, осындағы тағы бір оңалту орталығына үш рет бардық, ал осы «BALAUSA» орталығына екінші рет келіп, ем алудамыз. Орталық бізге өте қатты ұнады. Себебі Астанадағы орталықта ем алуға 24 күн беріледі, бірақ сенбі-жексенбі күні демалып қалатын күндеріміз болды. Ал бұл орталықта үздіксіз ем қабылдап жүрміз. Немерем күніне 8-9 арнайы сабаққа қатысады. Балам осы орталықта жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жерге жолдамамен келдік. Алғаш келгенде бала отыра алады, бірақ жүріп кетеді деп ойламадық. Кейін ем-шаралардың арқасында бала жүре алатын жағдайға жетті.

Басында немерем адымдап басып жүрді, кейін жүріп кеткенше тоқтамадық. Қосымша Астанаға, Алматыға барып ем қабылдадық. Нәтиже өте керемет болды. Қазір бала жетектегенде жақсы жүреді. Осындағы барлық мамандарға алғысымыз шексіз. Бірінші Алла, екінші дәрігер мамандар, үшінші баламызға бәріміздің шексіз мейірім төккеніміздің арқасында осындай дәрежеге жетті деп ойлаймын. Ерекше балаларға мейірім көп керек, олармен үздіксіз жұмыстану қажет. Біз осымен тоқтамаймыз, әлі де ізденеміз, жұмыстанамыз, - дейді Қалима Зұлқашқызы.

036A2C25-45D6-4829-BF94-1B49DF00FF51

Айта кетсек, орталықта әр түрлі диагнозбен дүниеге келген балалар ем алады. Реабилитолог, невропатолог, ортопед-травматолог, эрготерапевт, психолог, логопед, массажист мамандары қызмет атқарады.

Гүлмира Сәрсенғали
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале