Облыс орталығындағы Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде №268 сайлау учаскесі орналасқан. Мұнда дауыс беруге келіп жатқандардың қарасы қалың болды, әсіресе студенттер көп.

Фото: Мәди Салық
– Мен осы оқу орнының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының үшінші курсында оқимын. Бүгін 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатыстым. Бұған дейін мұндай науқанды сырттай ғана бақылап келген едім. Енді өзім де дауыс беріп, таңдау жасау мүмкіндігіне ие болдым. Әрине, бұл – мен үшін ерекше сәт. Себебі өзімнің азаматтық құқығымды пайдаланып, дауыс бердім. Жастардың ел өміріне белсенді араласып, көзқарастарын білдіруі қажет деп ойлаймын. Себебі бұл еліміздің жарқын болашағы үшін аса маңызды. Жастарды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырамын, – деді студент Аружан Садырғали.
№268 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Алтынгүл Қайырлиеваның айтуынша, бұл сайлау учаскесінде тізім бойынша 1288 сайлаушы тіркелген. Сағат 12.30-дар шамасында 200-ге жуық сайлаушы дауыс берді.
– Дауыс беруге келушілердің басым көпшілігі – жастар. Жалпы, жастарды еліміздің болашағы ойландыратыны қуантады. Бұл – үлкен саяси науқан. Тұрғындардың қатысу белсенділігіне жақсы деп баға беруге болады. Үйден дауыс беретіндердің саны – біреу, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар – бесеу. Қазіргі таңда есептен шығару куәлігін алғандар жоқ. Бүгінгі сайлаудағы бір ерекшелік – егде жастағы адамдарға, алғаш рет дауыс беріп жатқан 18 жасқа толған жастарға, 100-ші, 500-ші және 1000-шы дауыс берушіге, сонымен қатар отбасымен дауыс беруге келген белсенді азаматтарға арнайы сыйлықтар табысталуда. Дауыс беруге келген мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құрал-жабдықтар қойылды. Есту қабілеті төмен адамдарға арналған дыбыстық жазбалар, сонымен қатар Брайль қарпімен жасақталған құрылғы, лупа бар, – деді комиссия төрайымы.

Ерлі-зайыпты зейнеткерлер Салауат Садықов пен Күләш Молдашева да елдегі маңызды науқаннан сырт қалмады.
– Сайланған депутаттар халыққа адал қызмет етіп, жемқорлыққа жол бермейді деп сенеміз. Шынайы адал азаматтар болса екен деп тілейміз. Біз сол үшін дауысымызды бердік. Еліміз осылай қарыштап алға дами берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, бізге керегі – сол. Күні бүгінге дейін бүкіл сайлауға қатыстық. Өйткені біз азаматтық құқығымызды білеміз және соны пайдаланғымыз келеді. Бүгін мұнда отбасымызбен келгенімізді елеп, үлкен жасымызды сыйлап, сыйлық табыстап жатыр. Алғысымды білдіремін. Мен көп жыл педагогика саласында қызмет істедім. Жұбайым Салауат Қасымұлы ауыл шаруашылығының механизациясы саласында еңбек етті, – деді Күләш Айтқалиқызы. Мұнда үш байқаушы сайлау барысына зер салып, дауыс беру үдерісінің заң аясында өтуін мұқият қадағалап отыр.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz