13.11.2019, 10:11
Оқылды: 283

Оралдағы Зияткерлік мектеп командасы Бүкіләлемдік олимпиаданың үздік сегіздігі қатарына кірді

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жас робототехниктер командалары Венгрияның Дьерынан табысты оралды.

Алматы және Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектептер бірлескен командасы WRO чемпионатының (WorldRobotOlympiad–Робототехникадан Бүкіләлемдік олимпиада) үздік үштігіне еніп, елге қола медаль алып келді.

Құрама команда «Ақылды білім» секциясында математика мен бейнелеу өнері пәнінен сабақ беретін, әліпбиді үйренуге көмектесетін, көру және есту қабілеті нашар балалармен жұмыс істейтін бастауыш сынып мұғалімі «Ziggurat» роботын таныстырды.

Жобаның идеясы Талдықорған Зияткерлік мектебінен Даниил Филимоновке тиесілі, онымен бірге Алматыдағы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектеп оқушысы Любовь Дудченко және Талдықорғандағы NEXTROBOT орталығынан Элина Пак жұмыс істеді. Ал оларға робототехникадан Алматы облысы құрама командасының жаттықтырушысы Николай Авдюнин жетекшілік етті.

nish

Оралдағы Зияткерлік мектеп командасы Бүкіләлемдік олимпиаданың үздік сегіздігі қатарына кірді.

Оралдық робототехниктердің жетекшісі Нұрболат Дағаровтың айтуынша, беделді сайыстың «Топ 8» аталатын категориясы бар. Үздік сегіздікке енген командаларды салтанатты түрде атап, қошеметке бөленеді. Зияткерлік мектептің командасы Regular Junior High санатында (Серік Санжар, Мирас Иманғали) осы аталымға ілікті. Аталған санат бойынша 100-ге тарта команда бақ сынаған екен.

– Біздің алдымызда Тайланд, Тайвань, Ресей, Малайзиядан келген робототехниктер бар. Regular Junior High санаты бойынша қазақстандық робототехниктер алғаш рет үздік сегіздікке кіріп тұр. Бұл – жақсы жетістік, - дейді Нұрболат Сәрсенғалиұлы.

– Олимпиада кезінде көптеген өзге ұлт өкілдерімен танысып, достар таптық. Алғаш рет бүкіләлемдік жарысқа қатысқанымызбен, сайыс кезіндегі тапсырмаларды уақытылы шешуге тырыстық, - дейді Серік Санжар мен Мирас Иманғали.

Венгрияның Дьер қаласында өткен WRO – 2019 «Ақылды қалалар» тақырыбына арналды. Онда әлемнің 73 мемлекетінен 400-ден астам құлтемір құрастырушылар шеберліктерін көрсетті.

Айдана Хамидуллина

Оралдағы Назарбаев зияткерлік

мектебінің баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале