Үндістанның астанасы Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Сапы сайысынан командалық жарыста ел намысын қорғаған қазақстандық арулар 13 жылдан кейін қайтадан Азия чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Бұл жетістікке оралдық спортшы Ирина Бакалдина да өзіндік үлесін қосты.

Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, София Николайчук және Дарья Самоделкинадан құралған Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін өткен кездесуде Сингапур командасын 42:39 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер құрамасы бұған дейін сапы сайысынан Азия чемпионатының командалық жарысында 2013 жылы ғана қола медаль иеленген болатын. Осылайша, араға 13 жыл салып, ұлттық құрама қайтадан жүлде тұғырына көтерілді.
Жарыс барысында жерлесіміз Ирина Бакалдина бастаған қазақстандық спортшылар жоғары шеберлік танытты. Команда алдымен 1/8 финалда Таиланд құрамасын 45:22 есебімен жеңсе, ширек финалда Жапония спортшыларын 45:42 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Өкінішке қарай, жартылай финалда Оңтүстік Корея құрамасына есе жібергенімен, қола медаль үшін болған бәсекеде Сингапур командасынан басым түсті.
Айта кетерлігі, Азия чемпионаты Ирина Бакалдина үшін аса табысты өтуде. Бұған дейін оралдық спортшы жекелей сында Азия чемпионатының алтын медалін иеленген болатын. Енді ол командалық жарыста да ел қоржынына қола жүлде салып, Қазақстан құрамасының тарихи жетістігіне өз үлесін қосты.
Оралдық семсерлесушінің бұл табысы – еліміздегі семсерлесу спортының даму деңгейін көрсететін жарқын жетістік.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz