20.08.2021, 10:40
Оқылды: 1524

Оралдық студент АҚШ-та ақша табуда

Work and Travel – бұл студенттерді жұмыспен қамтуға арналған ең танымал бағдарлама. Яғни студенттер әр жаз сайын АҚШ-тың 50 штатының бірінде қызмет көрсету саласында жұмыс істей алады. Өзге елдің мәдениетімен жақын танысып, ағылшын тілін білу деңгейін жетілдіруге мүмкіндігі болады. Осы мүмкіндікті сәтті пайдаланған жастардың бірі – М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінің 4-курс студенті Ернұр Ізімов. Ол Монтана штатының Бозмен қаласында еңбек етуде.

америкадагы студент (3)000

«Мен бұл бағдарламаға мектеп кезімнен дайындалдым. Ол бағдарлама туралы ютуб желісінен влогтар қарап, мәлімет жинадым. Бағдарламаға 18-25 жас аралығындағы ЖОО-ның күндізгі бөлімінде оқитын студенттер қатыса алады. Мектеп оқушысы немесе колледж студенті болсаңыз, бағдарламаға қатысу мүмкін емес. Мен 1-курстан бастап бағдарламаға қатысуға тырыстым, бірақ жасым 18-ге келмеді. 2-курста пандемияның әсерінен барлық шекара жабық болды. Сәті 3-курста түсті», - дейді Ернұр.

Кейіпкеріміз бағдарламаға тіркелу үшін, жалпылама бағыт-бағдар алу үшін арнайы Work and Travel-ге дайындайтын компаниялардың көмегіне жүгінген екен. Қазақстанда бұл бағдарламаға дайындайтын компания көп. Әр компанияның қызмет көрсету бағасы әр түрлі. Өйткені ұшу-қону нүктелері сондай-ақ, жұмыс берушілер тарапынан, елшілік тарапынан өзгешелік бар.

Бағдарлама шығындарына келсек, ол бағдарламаға өтініш беру үшін 1990 доллар төлеген, ал виза үшін 160 доллар шығын кетті. Бірақ бағдарлама үшін жұмсаған ақшаңызды Америкада жұмыс жасап 1-1,5 ай ішінде қайтарып алуға мүмкіндік бар. Салыстырмалы түрде Қазақстанда бір ай жасап тапқан қаржыны ол жерде 1-2 аптада табуға болады. Сондай-ақ ол жақта ақша жасаған жұмысыңыздың сағаты мен сапасына төленеді екен.

Бұл бағдарламаға қатысу үшін ағылшын тілін білген жөн, әрине. Ағылшынды білу көп нәрсеге әсер етеді. Құжаттар тапсырған кезде сұхбаттасу ағылшынша өтеді. Одан бөлек жұмыс барысында клиенттер және жұмыс берушімен сөйлескен кезде оны еркін түсініп, оған ойыңды ашық айта алатын деңгейде болуың керек.

Алғашында Американың Техас штатының Галвестон қаласында  Galvez қонақ үйінде  busser (мейрамханада үстел жинап, ыдыстарын қайта жабыдықтаушы) болып жұмыс жасаған.

– Қазіргі кезде Монтана штатының Бозмен қаласында Yellowstone club үйінде lodge-keeping (тазалаушы) болып еңбек етіп жүрмін. Аптасына 40 сағат жұмыс жасаймыз. Негізгі жұмыс уақыты 8 сағат, егер клиент көп болып жатса, «our time» деген қосымша  уақытқа ақша бөлек төленеді. Яғни әдеттегіден жоғары. Мәселен, екі аптада 600-700 доллар таптым.

Work and travel бағдарламасы тек ақша табу мүмкіндігі ғана емес, жұмыс уақыты аяқталған соң, демалуға, ел көруге мүмкіндік беріледі. Жалпы, бұл бағдарламаны таңдағаныма өкінбеймін, - дейді Ернұр Ізімов.

Аружан Тоғайбайқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале