2.06.2026, 17:45
Оқылды: 51

Өрісі кең Өнеге

Бүгінде облыс аумағындағы республикалық маңызға ие тасжолдар біртіндеп жөнделіп келеді. Осының әсерінен жаңарған жол бойындағы ауылдардың экономикалық әлеуеті де артатыны даусыз. Өнеге – Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына алып баратын жол қиылысындағы ауыл. Республикалық «Казталов – Жәнібек – РФ» тасжолының жөнделуі Өнегенің өрісін кеңейтіп отыр.

WhatsApp Image 2026-05-28 at 13.09.414

Бұл ауыл Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінің аумағында орналасқан. Округ орталығы – Жасқайрат ауылы. Округ әкімі Сержан Қошановтың айтуынша, Жасқайрат пен Өнегеге қоса, округке қарасты Құрсай, Көлтабан деп аталатын екі елді мекен бар. Мұндағы тұрғындардың жалпы саны бір мыңға жуықтайды. Ал Өнегенің өзінде қырық шақты түтін бар, осында бас-аяғы 130-дан аса адам тұрады. Ауылда 1-4 сынып оқушыларына білім беретін бастауыш мектеп, фельдшерлік амбулатория және 2024 жылы салынған кітапхана халық игілігіне қызмет етуде.

Бірнеше нысан салынады

Қазіргі кезде Өнеге ауылының тұсында «Атырау жолдары» мен «Теміржол жөндеу» ЖШС-ларының екі бірдей зауыты бар. Таяу арада «Қаз-АвтоЖол» ҰК» АҚ облыстағы филиалының тағы бір базасы осы маңда орналаспақ. Оған қоса, Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарының РФ-дан электр қуатын импорттауын азайту  мақсатында гибрид электр станса бой көтермек. Былтыр стансаға берілген жер аумағы тегістеліп, құрылысқа дайындық жұмысы жүргізілген. Енді қытай инвесторы арқасында құрылыс жандана түседі деген сенім бар.

округ әкімі Сержан Қошанов

Өнегенің жолы жөндеуден өткеннен кейін, жеңіл көліктер мен жүк көліктерінің қозғалысы күрт артты. Тасжол тұсында кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар да бар. Бұл бастамалар ауыл экономикасын ілгерілетіп, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізбек. Округ әкімі Сержан Қошанов (суретте) гибрид электр станса құрылысына ауыл азаматтарын  тартуға күш салатынын айтты.

– «ҚазАвтоЖол» базасы жол сапасын бақылауда ұстайды деп сенеміз. Қыс кезінде техника көмегімен жолдың қары уақтылы күреліп, көлік қозғалысын реттеп отырмақ. Гибрид электр стансаның құрылысына ауыл азаматтарын тарту көзделуде. Жұмысшы, аспаз, жүк көлігін жүргізуші болып істеуге ауыл тұрғындары ынталы. Көрші ауыл азаматтарын да мердігер жұмысқа алуы тиіс. Себебі аудандық мансап орталығында тіркелген тұрғындарды жұмыспен қамту – компанияның міндеті.

Аудан әкімдігі Өнегедегі тасжолға жанармай және аутогаз бекеттері салынатынын хабарлады. Демек ауыл тұрғындары үшін тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады.

Жол жөнделіп, көлік ағынының қарқыны өсті. Соның ішінде жүк көліктері де жиі өтеді. Олардың мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне зер салсақ, жүк көліктерінің дені оңтүстік облыстарға тиесілі. Осы ретте Өнеге бойында тамақтану және жатын орын секілді нысандар салу маңызды.

Жылқы шаруашылығымен айналысатын өнегелік Тарас Қайыров кәсіп аясын осы бағытқа бұрғысы келетінін айтты. Ол бизнес бастауына дем берер мемлекеттік бағдарламалар жөнінде сұрады. Біз оған «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ақпарат бердік. Ауылдағы сүрілген үйлердің орнына кешен ашу кәсіпкер жоспарында бар. Кейінгі жылдардағы қытымыр қыс Қамбар ата түлігінің көбеюіне кері әсерін тигізді. Соның салдарынан Қайыровқа кәсібін өз күшімен бастап кету қиынға соғып отыр. Бірақ идеясын аяқсыз қалдырмайтынына сенемін.

Жол салынғалы аудан орталығына қатынайтын көліктің қатары көбейді. Тұрғындар қажет дүниесін көлік иелері арқылы алдыртып отыр. Ендігі жоспарымыз – жол жиегінде дүкендер ашып, жүргізушілер мен жолаушыларды саудаға тарту. Әрі осы арқылы Өнеге аумағында салынған үлкен көлік тұрағын тиімді пайдаланар едік, – деді округ басшысы.

Динара Еркеғұлова

Динара Еркеғұлова, Өнегедегі кітапхана қызметкері:

– 2024 жылы кітапханамыз жаңа ғимаратқа көшті. Мұнда танымдық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Жолымыз жөнделіп, кітапханамыз жаңарып, ауылдың тынысы қайта ашылғандай болды. Тұрғындар дән риза.

Бұрындары Орал қаласына көлікпен қатынағанда 10-12 сағатта жетуші едік. Кейде күн райы бұзылғанда, жол жүру ұзақтығы тәулікке созылатын. Ауыл тұрғындарының тілеуі орындалды. Егде жастағы азаматтар қаладағы емханаға жиі барады. Шаһарға бес немесе алты сағаттың шамасында жүйткіп жетеміз.

Өнегедегі кітапхана

Кәсіпке бейім күйгенкөлдік көп

Ауылдағы ағайынның негізгі кәсібі мал шаруашылығы екені сөзсіз. Бүгінде Күйгенкөл ауылдық округіндегі азаматтардың 95%-ы төрт түлік өсірумен шұғылданады. Облыстың оңтүстік аудандарында қысқы мал азық қорын жинау екпін түсірерлік мәселеге айналды. Округтегі бір орама шөп бағасы 12 мың теңге, кей уақыттарда 14 мың теңгеге дейін өседі. Мал азығының құны осыншама қымбаттауы ауыл тұрғындарына оңай соқпайды.

Осы ретте Өнегедегі ірі шаруашылық иесі Мирболат Танкишев егістік алқабына суармалы құрылғылар орнатып, мол өнім алуға қам жасауда. Қуаңшылық пен қымбатшылық күшейген жылдары ауыл тұрғындарына қожалық иесі шөпті төмен бағада ұсынды. Көптің алғысына бөленген кәсіпкер биыл егіс алқабының көлемін екі есе көбейтіп отыр. Нақтырақ айтсақ, ол 600 гектар жерге судан шөбін егуде. Сондай-ақ егіс алқабы жанынан бақша мен көкөніс өнімдерін өсіріп, оны аудан деңгейінде сатылымға шығарған. Суармалы алқаптың аясын кеңейткен шаруа аудандағы қожалықтарға семинар да өткізген.

– Егіс алқабында «Bauer» деп аталатын алты дана суармалы құрылғы бар. Әр құрылғы 100 гектар жерді суарады. Яғни шабындық жерді суару жүйесімен толық қамтып отырмыз. Ендігі мәселе – қоршау орнату. Ақтау қаласынан қоршау материалдарын тиімді бағаға сатып алғалы отырмыз.

Кейінгі жылдары қарбыз, қауын, қияр, қызанақ егіп, өсіріп келеміз. Ауыл тұрғындары мен аудандық жәрмеңкеде сатылымға шығардық. Көршілес Бөкей ордасы мен Казталов аудандарынан да тұтынушыларымыз бар. Кәсіпкер ретінде мемлекеттік қолдауға ие болдық. Лизинг арқылы техникаларға қол жеткізіп, оны шаруашылыққа пайдаланып отырмыз, – деді Мирболат Танкишев.

Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Сарбоз қыстағындағы «Ұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Қыдыров биыл 100 гектар жерге егін егуде. Биыл 100 гектардың берер өнімі мол болса, келер жылы егістік көлемін арттырмақ. Оған қоса Өнегедегі үш шаруа қожалығы бірігіп, «Қойшы» деп аталатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрған. Олар мембағдарлама есебінен лизингке екі «МТЗ» тракторын сатып алды. Округ әкімінің айтуынша, жаңа жобаларға, соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына тұрғындардың қызығушылығы артып келеді.

Жол инфрақұрылымы – тиімді мүмкіндік

– Жасқайрат ауылының тұрғыны Алмабек Молдамұратов «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде несие алып, кәсіп бастағысы келеді. Ол қой жүнінен төсеніш, көрпе жасауды жоспарлап отыр. Несие қаржысына Қытайдан құрылғылар сатып алып, оны Алматы қаласы арқылы жеткізуді жоспарлауда. «Ауыл аманаты» талабы бойынша қатысушы кепіл қоюы тиіс. Ауылдық жердегі баспана бағасы әрі кетсе екі немесе үш миллион теңгенің көлемінде. Бұл сома «Ауыл аманатымен» несие рәсімдеп, қомақты қаражат алуға жеткіліксіз. Бірақ кәсіп бастаушы жақын-жанабының құны қымбатырақ үйін кепілге қойып, несие ала алады, – деді Сержан  Серікұлы.

WhatsApp Image 2026-05-14 at 16.43.42

Әкімнің мәліметі бойынша Өнеге мен Құрсай ауылдарында бастауыш мектептер бар. Осы екі ауылда тұратын, орта және жоғары сыныптардың тоғыз оқушысы округ орталығындағы Ө. Сахипов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте білім алады. Оқу маусымы кезінде олар мектеп жанындағы интернатта жатады. Әр екі апта сайын оқушылар өз ауылдарына барып, ата-аналарымен қауышып отырады. Ауылдың ауыл болып қалуы мектепке байланысты. Әкім оқушылар санының азаюына байланысты интернатты сақтап қалу мәселесі өте өзекті екенін жасыра алмады.

Қорыта келе, жолдың жөнделуі жүйткіген көліктерге қоса, маңайындағы ауылдардың да тынысына тың серпін береді. Өнегедегі көлік қатынасы жақсарып, кәсіпкерлікке мүмкіндік көбейіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылуда. Инфрақұрылымның жаңаруы мен әлеуметтік нысандардың көбеюі Өнегенің болашағына деген сенімді арттыра түсуде. Өнегедегі осы оң өзгеріс өзге ауылдарға да қажет-ақ!

Нұрым  Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале