19.11.2021, 9:36
Оқылды: 93

Орманшыларға оң қабақ танытайық!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорына 5 жылдың ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды. Соған сәйкес облыс аумағындағы ормандарды молықтыру және орман өсірудің кешенді жоспары бекітілді. Жоспар бойынша бес жыл ішінде (2021-2025 жылдар аралығында) өңірдегі мемлекеттік орман қорының 15 096 гектарына 56,57 млн данадан астам ағаш-бұта тұқымдас көшеттер отырғызылмақ. Жұмыстың жай-жапсарын білу үшін БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры  Қайрат Есенғалиевке жолыққан  едік. 

4

Қайрат Ерланұлының айтуынша, орман алқабын ұлғайту мақсатында кешенді жоспарға сәйкес 2022 жылдан бастап өңірде ағаш егу көлемі жыл сайын екі еседен астам артпақ.

3

Биыл облыстағы мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері орман қоры аумағындағы 900 га жерге тал-терек егуді жоспарласа, бүгінде оның 840 гектарына отырғызылған және 377 га жерге орман дақылдарын толықтырып егу жұмыстары жүргізілген.

2

Облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының 33 384 гектары Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің қадағалауына берілген. Ал Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме 1981 жылы Бударин, Чапаев және Орал орман шаруашылығы негізінде құрылған. Мекемеге қарасты орман алқаптары Теректі, Ақжайық, Сырым аудандарының аумағында орналасқан. Сондай-ақ аталмыш мекеме Ақжайық, Октябрь, Есенсай бөлімшелерінен тұрады. Онда барлығы 48 қызметкер  еңбек етуде. Науқандық жұмыстар кезінде қосымша 35 маман тартылатын көрінеді. Аталмыш мекеме орман шаруашылығын жүргізу, орманды өрттен, сондай-ақ заңсыз ағаш кесуден қорғау, орман алқабын молайту және ағашты санитарлық кесу арқылы өсімін көбейту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Ақжайық орман бөлімшесінің құзырында аумағы 2 гектар тұқымбақ  бар.

5

Тұқымбақта шырша, қарағай, вавилон талы, сүмбіл, бальзам терегі, алтын қарақат, балқарағай, үйеңкі, ланцетті шаған, шетен ағашы, қарағаш, жиде, тамарикс, татар үйеңкісі, емен, катальпа, аморфа, өрік, алша секілді 20 түрлі ағаш тұқымдары өсіріледі. Биыл мемлекеттік орман қорының 130 гектарына қарағаш, үйеңкі, шаған көшеттері отырғызылған. Тұқымбақтағы көшеттердің бағасы ұзындығына байланысты 200 теңгеден басталып, 12 мың теңгеге дейін сатылады екен. Мысалы, 1-1,5 метрлік алтын қарақат терегі, жиде, тамарикс 200 теңгеден, татар үйіңкесі, аморфа, сүмбіл теректерінің 2 метрге дейінгісі 500 теңге, балқарағай, шырша 5000 теңгеден, ал кәдімгі қарағай ұзындығына байланысты 6000-12000 теңге аралығында сатылады.

6

- Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің құрылғанына биыл 40 жыл. Жайық бойын жағалай өскен жасыл желектің жайқалып тұруына біздің орманшылардың да қосқан үлесі зор. Осы орайда бірқатар озат орманшыларға тоқталсам, олардың қатарында қоршаған ортаны қорғауға саналы ғұмырын арнап, жүктелген міндеттерді абыройлы атқарып жүрген «Ақжайық» құрылымдық бөлімшесінің орманшысы  Азамат Ережепов, «Октябрь» құрылымдық бөлімшесі бойынша Болат Сағынғалиев және «Есенсай» құрылымдық бөлімшесінің орманшысы Есет Сариев бар. Сондай-ақ Жігер Қадешев, Серғазы Тоғжанов та өз саласының үздік қызметкерлері. Біздің мекеме «Стеклосервис» ЖШС-мен әріптестік тығыз қарым-қатынаста. Біз дайындаған ағаш табандықтар (подиум) ТМД, Балтық жағалауы елдеріне, тіпті Германияға дейін тауармен бірге жөнелтілуде. Облыстағы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердегі секілді бізде де бірқатар күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселелер баршылық. Алдымен айтарым, орманшылардың жалақысының аздығы. Олардың орташа жалақысы – 70-75 мың теңге. Екіншіден, мекемеге техникалар, патрульдік аутокөліктер, «К-700», «МТЗ -1221», «МТЗ-82» тракторлары жетіспейді. Ал ағаш егетін, тұқым себетін арнайы техника атаулының тозығы әбден жеткен. Қолда барды, әйтеуір, ілдебайлап әрең жаратып жүрміз. Орманға рейд жүргізейік десек, орманшыларда бірде-бір патрульдік аутокөлік жоқ. Тағы бір толғандыратын мәселе, адами фактор дер едім. Демалуға келген тұрғындар тоғайдың тазалығына салғырт қарайды. «Орманшылар тазалайды» деп, қоқыс қалдықтарын тастап, жүре береді. Орман-тоғай – Отан байлығы. Сондықтан оны таза ұстап, өрттен сақтау – үлкен-кішінің ортақ міндеті емес пе! – дейді Қайрат Есенғалиев.

8

Бір сүйсінгеніміз, Қайрат Ерланұлы өзі ұйытқы болып, екі бірдей құдық қаздырып, әрі істен шыққан су мұнарасын нән бөшкеге айналдырып, бұған қоса пәленбай жыл жер астында жатқан жанармай цистернасын қазып алып, тұқымбақ суару үдерісін әжеп-тәуір жеңілдеткен.

Орман санитары деп тоқылдақ саналса, сол орман-тоғай алқаптарының көкжиегін кеңейтуде, оны табиғи  апаттан қорғауда орманшылардың қосар үлесі зор. Алайда сол орманшылардың өзі қамқорлыққа зәру екенін  жоққа шығара алмаймыз...

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале