Осы жылы өз жұмысын бастаған Орал қаласындағы белсенді ұзақ өмір орталығының зейнеткерлерге жасап жатқан жарқын жұмыстары жайлы баяндағым келеді. Орал қаласындағы үш қабатты орталық Короленко көшесі, 27-үйде орналасқан. «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мариэтта Дәулетиярова аталмыш орталықтың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қарайтындығын мәлімдеді.

Өзіме келсем, жақында отбасылық жағдайыма байланысты Орал қаласына қоныс аудардым. Орталық басшысы Гауһар Мырзағалиева кең, жарық әрі бірнеше бөлмеден тұратын мекемені таныстырып, зейнеткерлерге көрсетілетін қызметтер мен олардың айналысатын іс-шаралары жайлы мәлімдеді. Орталықта өтетін сабақтар мен үйірмелер туралы да жан-жақты баяндады. Мұнда зейнеткерлер үшін йога, скандинавиялық жүріс, дене шынықтыру жаттығулары, асық ату, домбыра үйірмесі, қол-өнер (еңбек) сабағы өтеді. Одан бөлек, есте сақтау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар, психологиялық қолдау, мобильді сауаттылық, қазақ және ағылшын тілдері, ән-би, сурет салу сабақтары ұйымдастырылады. Үстел ойындарын ұнататындар үшін үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы және домино ойындары өтеді. Сонымен қатар заңгерлік кеңес алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Орталық бірқатар мекемемен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Атап айтқанда, облыстық Әділет департаментімен құқықтық кеңес беру, жоғары медициналық колледжбен тоғызқұмалақ және мобильді сауаттылық сабақтарын ұйымдастыру, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханамен мобильді сауаттылықты дамыту, сондай-ақ Орал қалалық тілдерді дамыту және оқу-әдістемелік орталығымен қазақ және ағылшын тілдерін оқыту бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуде. Бұдан бөлек, орталықта ай сайын атаулы күндер мен мерейтойларға орай мәдени-танымдық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Ш. Сариевтің 80 жылдығына арналған «Кітап – рухани байлықтың кілті» атты әдеби кездесу орталықтың кітапханасында өтті. Сондай-ақ Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған тағылымды іс-шара мен ҚР Парламенті Мәжілісінің экс депутаты Екатерина Смышляевамен кездесу де өтті. Облыстық әділет департаментінің ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні өткізіліп, оның аясында азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес берілді. Зейнеткерлерді толғандырған сауалдарға білікті мамандар жан-жақты жауап беріп, құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізді.

Орталық мемлекеттік және мерекелік күндерге орай түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды тұрақты ұйымдастырады. Атап айтқанда, «SHABYTTAN» поэзиялық-сазды кеші, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік бар жерде – тірлік бар» атты мерекелік бағдарламасы, сондай-ақ 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған кездесу мен мерекелік іс-шара өткізді. Аналар күніне орай «Кітап оқыған ана – кемел ұрпақ бастауы» атты әдеби-танымдық жиын ұйымдастырды. Сонымен қатар Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ақпараттық талдау және ресурстық орталығымен бірлесіп, түрлі бағыттағы шеберлік сағатын жүзеге асырды. Еңбек сабағында қатысушылар киіз басу өнерінің қыр-сырын меңгерсе, есте сақтау қабілетін дамытуға арналған сабақта жастар мен аға буын өкілдері бірге қатысып, тәжірибе алмасты. Оған қоса, халықаралық музей күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде шынжырлы тоқу шеберханасы, сирек қарулар көрмесі, қолөнер жәрмеңкесі және ашық аспан астындағы концерт көпшілік назарына ұсынылды.

Белсенді ұзақ өмір орталығы келушілеріне облыстық полиция департаменті музейінде «Өткеннің қазынасы – болашаққа саламат» атты бағдарламасы аясында музей қызметкерлері шолу экскурсиясын өткізді. Сонымен қатар орталық өкілдері «Ақжайық» телеарнасының «Күншуақ» бағдарламасына қатысып, мекеменің қызметі, жүзеге асып жатқан жобалар мен аға буын өкілдеріне арналған мүмкіндіктер туралы айтып берді. Ал «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінде «Интернет қауіпсіздігі және құқықтық сауаттылық» тақырыбындағы семинарды облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Мұсағалиев жүргізіп, қатысушыларға интернеттегі қауіпсіздік, цифрлық алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Руслан Ихсанов «Интернеттегі алаяқтықтан қорғану, жеке деректердің қауіпсіздігі және цифрлық сауаттылық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Бұдан бөлек, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері, департаменттің аға тергеушісі Лаура Оразғалиева және Ұлттық қауіпсіздік басқармасы бөлімінің басшысы Анастасия Баягробская тәжірибе бөлісті.

Орталықтағы сан алуан іс-шаралар аға буын өкілдерінің бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге бағытталған. Ең бастысы, орталыққа келу – әрбір зейнеткердің өз еркімен қабылдайтын шешімі. Орталық ешкімді мәжбүрлемейді, керісінше, қызығушылығы бар жандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, белсенді өмір салтын жалғастыруға жағдай жасайды. Гауһар Мырзағалиеваның айтуынша, бүгінде орталыққа келуші зейнеткерлердің саны 500-ден асады. Бұл көрсеткіш күн санап артып келеді. Олардың қатарын қалаға жаңадан қоныс аударған немесе осы жерде зейнеткерлікке шыққан азаматтар толықтыруда.

Орталыққа келетін аға буын өкілдерінің өмір жолы да әр алуан. Олардың ең үлкені 87 жаста болса, берісі 64-65-тегі зейнеткерлер. Көпшілігі зейнеткерлікке шыққанға дейін түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосқандар. Мәселен, Имам-Мәлік Мұхамбетқалиев ғылым кандидаты, Жәңгір хан атындағы университетте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Файзолла Қабиев қырық жыл ұстаздық қызмет атқарса, Сағадат Бердешев Базартөбе кеңшарында балық инспекторы болып еңбек еткен. Рахымжан Қайырғожин Ақсай қаласында жүргізуші және механик қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Тойдық Байтақова есепші, Хабиба Хайрушева экономист, Серік Жұбаншалиев партия және кеңес құрылымдарында қызмет атқарған. Ал Жұмағали Жантұрғанов «Омега» зауытында дәнекерлеуші болып еңбек етсе, Алма Ахметова ұстаздық жолды таңдаған.

Қорыта айтқанда, Орал қаласындағы белсенді ұзақ өмір орталығында келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда зейнеткерлер тек үйде уақыт өткізумен шектелмей, түрлі үйірмеге қатысып, шығармашылықпен айналысып, денсаулығын нығайтып, жаңа орта табуға мүмкіндік алады.
Бисенбай Өтегенов,
Орал қаласы
