5.10.2023, 9:30
Оқылды: 170

«Осалдық танытуға хақымыз жоқ»

 

Ұстаз толғанысы

Мектепке қарай аяңдап келемін. Күздің ерке самалы жанымды жайландыра түскендей болады. Айнала әдемі күйге бөленіп, күннің шуағымен табиғат алтын түске бояла менің қиялымды шабыттандыра түседі. Ерекше бір көңіл күймен, ерекше бір сағынышпен әлемдегі ең қызықты, ең бақытты мекенге, құдды бір театр қойылымына бара жатқандай асығудамын.  Міне, баспалдақпен көтеріліп келемін... Киімімді іліп, сынып бөлмесіне қарай аяңдадым. Бұл бөлме – менің мектебімнің ішіндегі мен үшін ең ыстық мекен.

койшыбаева — копия

Есікті ашқанымда жиырма екі жүректің лүпілдей соққанын естідім. Сөзбен айтып жеткізе алмайтындай жылулықпен мөлдірей қараған жанарларды көрдім. Сәл ғана кідіріп едім, сол жиырма екі жүрек тұлғаланып, бірі – дәрігер, бірі – инженер, бірі – архитектор, бірі – ғалым  боп бара жатқандай болды. Тездетіп сабағымды бастап кеттім. Бойымдағы бар білімім мен білігімді аямай, шабыттана төктім. Айтарымды айтып болып, енді ғана алдымда отырған шәкірттеріме назар аудардым. Әне, бір тәмпіш қара бала мұрны пысылдап, асқан ыждағаттылықпен тапсырманы жазуға кірісіпті. Ал терезе жақтағы әдемі бантигі бар томпақ сары қыз не жазатынын топшылағандай қаламын тістеп, ойланып отыр. Жиырма екі шәкіртім түгелдей қызу тапсырма орындауға кіріскен.

Бұл көрініс маған ерекше әсер етті.

Менің айтқан сөздерімнен шабыт алған олар көз алдымда білім теңізіне бет алып бара жатқандай болды. Осы сәтте мен өзімнің білімдарларыммен бірге болашақтың алып кемесіне отырып, жүзіп келе жатқанымды сезіндім. Ал жағалауда бізді көркіне көзі тоймас әдемі, адамдары бақытты алып шаһар күтіп тұрды. Менің шәкірттерім жағалауға жете сала, сол қайнаған тіршілікке араласып кете барды. Сол елдің тірлігін одан әрі жандандырып, гүлдендіріп  жіберді. Сол сәтте жүрегіме бір ерекше ыстық ағын құйылып  кеткендей  болды.

Иә, мен қарапайым ұстаздың қолынан не келетінін енді түсіндім! Түсіндім де артта қалған мекеніме қайта оралуға бет алдым. Себебі онда мені өмірге іңкәр, пәк жүректер күтіп отыр ғой. Мен оларды да өмірге баулып, қанаттандырып, тап осылай алып кемемен болашаққа аттандыруым керек екенін санаммен түйсіндім.  Сонымен қатар осы ісіммен-ақ жер бетіндегі ең абыройлы, ең бақытты жан екенімді де жүрегіммен сезініп, өзім жақсы көретін әуенді әндетіп отырғанымды байқамай да  қалдым.

«Ғалым да, шахтер де бас иетін,

Ұстазым, бар сенің қасиетің...» деген осы әуен үзілмесе екен, мәңгілік шырқала берсе екен деп тіледім.  Мен ұстазбын. Бұл менің ұстаздық етіп келе жатқан 16-ыншы күзім. Өзім ұстаздықты ең мәртебелі, құдіретті мамандық деп түсінемін. Себебі мен шәкірттерімді бар жаныммен сүйемін. Оларсыз өмірімді елестете алмаймын. Өзім өмір сүріп жатқан қоғамдағы мен үшін қымбат, киелі қара шаңырақ –мектеп. Алтын ұя мектебімнің ішіндегі қайнаған тіршілік, ізгі жүректі ұстаздар қауымы, пәк сезімді балдырған шәкірттерім – менің өмірімнің мәні, қуанған не қиналған сәттердегі арқамды сүйеп, еңсемді тіктеуге көмектесетін құдіретті күш.

Ұстаздарым туралы ойлансам, санамды жаңғыртып, көз алдымнан өзімнің балалық шағым, тай-құлындай тебісіп өскен сыныптастарым – бәрі-бәрі кинолентадай өтіп жатады. Осы бір қасиетті мамандықты таңдауыма себепші болған өзімнің аяулы ұстазым, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Клара Мәтжанова апайым болатын. Ол кісіні есіме алсам, жүрегі анамдай мейірімді, білімі терең ғұлама, өзі режиссер, өзі ақын, шығармашыл, шындықты жаны сүйетін, «айналайыны» аузында тұратын жарқын жанның бейнесі көз алдыма келеді. Ол бізді «Ұстаздықты таңда» деп ешқашан мәжбүрлеген емес. Бәлкім, мен үшін ұстаздықтың эталоны сол кісідей болғандықтан ба, әйтеуір, ұстаздықты жаным қалап таңдадым. Ұстазымның зейнеткерлікке шығып, құрметті демалысында жүргеніне біраз жыл өтті. Мен оның абыройлы жолын жалғастырып келе жатқаныма қуанамын. Ол маған ұстаз да, ана да, дос та бола білді.

Ұстаздың әр сабағы, әр күні аса жауапкершілікке толы. Қателікке бой алдырсақ, арты үлкен өкініш болары хақ. Себебі әр күн, әр сабақ тарих қойнауына еніп кетеді. Бала санасы – ақ  қағаз. Не жазсақ, тасқа басқандай сақталып қалады. Мен өзімнің баулып жүрген шәкірттерімнің қол жеткізген әрбір жетістігіне қуанамын. Олар – менің  шәкірттерім, болашақ негізін қалаушы тұлғаларым, менің еңбегімнің жемісі. Ал алдымнан түлеп ұшқан, еліміздің әр түкпірінде елге абыройлы қызмет етіп жүрген шәкірттерім қаншама!

Бүгінде оқу үрдісі үлкен педагогикалық шеберлікті талап етеді. Біз, мұғалімдер, тәуелсіз еліміздің ертеңгі иелерін тәрбиелеуші, солардың тағдырына жауапты жандармыз. Ендеше, осалдық танытуға хақымыз жоқ.

Гауһар Қойшыбаева,

Орал қалалық №33 орта мектептің

 информатика пәні мұғалімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале