15.04.2021, 22:36
Оқылды: 225

Отан үшін отқа түстім

«Мемлекеттік шекарадан мыңдаған шақырым қашық тұрсақ та, сұм соғыстың өрті біздің отбасымызды ерте шарпыды. Соғыс басталған бойда әкем майданға аттанды. Жанұядағы бес баланы жетілдіру анамның мойнына жүктелді. Әкем соғысқа кірісімен үш күннен соң қаза тапты. Шағын ғана ауылдан майданға жарамды ер-азаматтардың бәрін әкетті. Ауыл көшелері мен үйлер тым-тырыс күйге түсті. Бұрынғыдай күлкі, ән-думан жоқ. Үрейленген тұрғындардың айтар әңгімесі де соғыстың төңірегінде. Осы кездер бізді ерте есейтті. Отан алдындағы борышым мен әкемнің кегін қайтарам деген ой мені майданнан бір шығарды. Бірақ сол соғысқа қатысып, жеңіске жету жолында өз үлесімді қосқаныма еш уақытта өкінген емеспін», - деп жазыпты өз естелігінде Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Сорока.

 Сорока1

Ол жігіт болған шағында қолына қару алып, майданға аттанып, бірнеше мәрте жарақат алғанына қарамастан, жеңісті жақындатуға зор үлесін қосты.

Александр Гаврилович 1925 жылы Украинада дүниеге келген. Ол жастайынан Калугада пулеметшілер дайындайтын әскери училищеде оқыған.  Кейін 1944 жылы 19 жасында Белоруссия майданына жіберілген. Сол жылы Батыс атқыштар полкінде пулеметші болып, атқыштар бөлімшесін басқарған.

Белоруссиядағы жаудың қорғанысын бұзғаны үшін ол III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сондай-ақ майдангер Батыс Украинада, Польшада болған ұрыс қимылдарына да қатысқаны үшін ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жуков», «Майданда көрсеткен ерлігі үшін» медальдарымен де марапатталған. Ол бүкіл соғысты басынан өткеріп, үш рет жарақат алған. Кейін 1947 жылға дейін Германия елінде әскери қызметте болып, 1950 жылы Қазақстандағы Капустин Яр әскери полигонының құрылысына жіберілген.

Бейбіт заман орнаған соң, Александр Гаврилович Орал қаласындағы кезіндегі Ворошилов зауытында темір шебері болып ширек ғасыр еңбек еткен. Өз ісін шебер меңгерген маманға зауыттың құрметті ардагері атағы да берілген.

Биылғы жылы 96 жасқа толатын майдангер Орал қаласында Николай есімді ұлымен бірге тұрады. Біраз жыл бұрын дүниеден озған жұбайы Анастасия екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бір ұлы Германияда, бір ұлы Ресейде тұрады.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале