3.11.2020, 12:33
Оқылды: 355

Өткір мәселеге ой қосайық, оқырман!

         Облыстық «Орал өңірі» газетінің бүгінгі санында басылымның арнаулы тілшісі Нұрбек Оразаевтың «Хан тоғайдың барады бағы қашып» атты мақаласы жарық көрді. Өзекті тақырыпты қаузаған мақалада Нарынның қазіргі экологиялық ахуалы, атақты Хан тоғайындағы қарағайлардың жаппай құлауы, ауыл маңындағы көлдер мен сорлардың арнасының кеуіп қалуы жан-жақты зерделенген. Сонымен қатар автор осы экологиялық апаттың шешу жолдарын қарастыруға құлықсыздық танытып отырған құзырлы мекемелерге де сын айтқан. Аталған мақаланың толық нұсқасын «Орал өңірі» газетінің бүгін жарық көрген №87-ші санынан оқи аласыздар. Құрметті оқырман, газет тілшісі қозғаған түйіткілге үн қосып, пікір білдірейік!

Бөкей ордасы ауданы туралы сөз бола қалса, ел-жұрттың көз алдына Хан ордасы ауылында орналасқан мұражай-кешені, атақты Нарын құмы мен қарағайлы орманы секілді тарихи орындар елестейтіні жасырын емес. Бұл киелі жерлердің ел тарихының шежіресіне қосып отырған үлесі де зор. Әр батысқазақстандық ағайын туған өлкесінің тамаша табиғатымен, таза, саф ауасымен, жайқалған жасыл желегімен мақтанары сөзсіз. Бірақ соңғы жылдары өңірдің жанашыр азаматтарын Нарын құмының көшуі мен қарағайлы орманның қурауы қатты алаңдатуда. Өйтпеске амал да жоқ. Қысы-жазы өңін өзгертпей, тәкәппар басын бұлттармен таластырған қарағайлардың бүгінде халі мүшкіл.

5f662128-31f9-47a2-ac7a-453d59bb6a45

Иә, көршілес Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарының  орталығы, Мұратсай, Ұзынкөл, Өнеге сияқты  ауылдар  «Орда» су құбыры арқылы тұщы сумен қамтылып отырғаны баршаға мәлім. «Соңғы жылдары суды есепсіз пайдалану жер асты суы  деңгейінің  күрт төмендеуіне әкеліп соқты, соның кесірінен ормандағы тал-терек қана емес, өсімдіктер де су тапшылығын кешіп отыр» деп санайтындар да аз емес»

-Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін, көз көріп отырған шындық. Орданың жер асты суының бүгінде құны жоқ. Қос аудан орталығы мен бірқатар ауылдарға тартылып тұрған таза ауыз судың 1 тоннасы үшін тұрғындарға бүгінде 45-50 теңге шамасында беріледі екен. Сонда бір тіркеме, яғни  үш тонна судың бағасы әрі кеткенде 150-200 теңге шамасында. Мұндай қаражатқа дүкеннен баклажкаға құйылған 1,5 литр ғана су ала аласың. Әрісін өзіңіз есептей беріңіздер. Сосын да бағасы тиын тұратын суды халық есепсіз пайдаланады. Ауласына бақша егеді, малын суарып, мәшинесін жуады. Бұған бір тосқауыл қоятын уақыт болған секілді. Таза судың бағасын қымбаттатып, белгілі бір шектеулер қойса, адамдар ысырапшылыққа бой алдырмас па еді? - дейді хан ордасы ауыл тұрғыны, «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Еркін Жабасов.

2e3d74da-b845-4983-9d91-eb902d1a0151

Қарағайлы орманның қазіргі мүшкіл халін көріп келгеннен соң БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына аталмыш мәселені шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар турасында сұрау салып, хат жолдадық. Біз жолдаған хаттың жауабы көп күттірмегенімен, «жүргізілді», «жоспарлануда», «жүргізіледі» деп аяқталатын сөйлемдер мен хаттың жалпы мәтіні көңіл көншітпей-ақ қойды.

Бөкейлік жұртшылықтың  бұл лажсыздыққа төзе алмай, дабыл қағудан басқа амалы қалмады. Иә, аудан, облыс басшылығы мен өзге де құзырлы орын мамандары бірлесіп, ауқымды мәселенің қолға алынуын ордалықтар  тағатсыздана күтіп отыр. Оларды «Қайткенде қасиетті Жер-ананы қайта түлете аламыз?» деген сауал мазалайды. Билік төріндегілер бұған  не дейді?

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

«Хан тоғайдың барады бағы қашып» атты мақаланың толық нұсқасын «Орал өңірі» газетінің бүгін жарық көрген №87-ші санынан оқи аласыздар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале