30.11.2020, 14:50
Оқылды: 112

Партия қатары жастармен толықты

Бүгін 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай батысқазақстандық бір топ жас «Nur Otan» партиясы қатарына өтті. Шарада әр салада қызмет жасайтын өңірдің белсенді жастарына партиялық билеттерді «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев табыстады.

IMG-20201130-WA0000

-2019 жылдың тамыз айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Сол басқосуда елбасымыз «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарламаға сәйкес «Nur Otan» партиясының ұстанатын саясаты түбегейлі өзгерді. Күні кеше өткен праймеризге партия қатарына енді қабылданған мүшелер, әйел азаматшалар мен жастар көптеп қатысты. Бұл - жоғарыда айтқан жаңа бағдарлама аясында бәріне тең мүмкіндік берілгендігінің белгісі. Осы кезге дейінгі облыстық мәслихат депутаттары қатарында үш әйел адам мен бір ғана жастар өкілі болған еді. Ендігі жерде 30 депутаттың 10-ы әйел азаматшалар болатын болса, 35 жасқа дейінгі жастардың саны алты есеге арттырылмақ. Мұндай ауқымды өзгерістер басқа партияларда жоқ. Сонымен қатар біздің партияға өңірдің барлық аудан-ауылдарындағы тұрғындардан 1200-ден астам ұсыныс-пікірлер келіп түсті. Соның 80%-ы партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Бұл да «Nur Otan» партиясының халықтың мұң-мұқтажын айтып, жоғын түгендейтін партия екендігін дәлелдей түседі. Бүгін, міне, Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында партия қатары тағы 15 адамға толықты. Әсіресе соңғы кездері партия қатарына өтуге ниет білдіруші жастардың қатары артып келеді. Бұл да қуанарлық жағдай. Баршаңызды партияға өтулеріңізбен шын жүректен құттықтап, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін,- деді Мұрат Мұқаев.

IMG-20201130-WA0002

Мұнан соң филиал төрағасының бірінші орынбасары партия қатарына жаңадан қосылған жастарға партия билеттері мен естелік сыйлықтар ұсынды. Айта кетейік, бұл күні партияға өткен жастардың ішінде ұстаздар, механик, инженер, қойма меңгерушісі секілді әртүрлі саланың мамандары мен сауда саласында менеджер болып қызмет атқаратындар болды.

IMG-20201130-WA0004

-Елбасының салиқалы саясатын қолдай отыра, жас ұрпақты тәрбиелеуде өз үлесімді қосқым келгендіктен «Nur Otan» партиясының мүшесі болуды ұйғардым. Аталған партияның саясаты арқасында жастарға көп қолдау көрсетілуде. Әсіресе жоғары оқу орнын аяқтаған жастарды жұмыспен қамту, көтерме қаражат беру, баспаналы болуына жағдай жасау секілді оңтайлы істер атқарылуда. Алдағы уақытта тәуелсіздік тұғырын биік ұстауға, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруге, салауатты өмір салтын сақтануға бар күш-жігерімді жұмсаймын деп сендіремін,- дейді Жоғары агро-техникалық колледжінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратын Гаухар Салиева.

IMG-20201130-WA0003

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале