27.08.2021, 11:45
Оқылды: 277

Педагогтердің 95,1 пайызы вакцина алды

Санаулы күндерден соң басталатын оқу жылында облыста 372 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектеп есігін ашып, 113 мыңға жуық оқушы білім алмақ. Сондай-ақ бес жеке мектепте 600-ден астам оқушы оқиды деп жоспарлануда. Оқушылар контингентінің азаюына байланысты 7 мектеп жабылып, екі мектеп қайта құрылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаевамен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 

11

– 1 қыркүйекте дәстүрлі форматта білім беру ұйымдарын ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға жіті мән беріледі. Соның ішінде дезинфекциялау, термометрия, «бір сыныпқа бір кабинет» қағидасы, үзілістерді әр түрлі уақытта ұйымдастыру, мектеп педагогтері мен техникалық қызметкерлерді вакцинациялау, тағы басқа да ұйымдастыру жұмыстарына баса назар аударылуда. Ата-аналармен және білім алушылармен жеке гигиена, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.  Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге, балаларды мектепке жеткізетін ата-аналарға «Ashyq» қосымшасы қолданылады. 2-11 (12)-сыныптарда сабақтың ұзақтығы – 45 минут.  Бірінші сыныптардың оқу сабақтарының режімі қыркүйекте күніне 35 минуттан үш сабақ, қазан айынан бастап 45 минуттан өткізіледі. 1-сыныпта білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүргізілмейді. 2021-2022 оқу жылының басты міндеті – білім алушылардың өткен оқу жылындағы білімін толықтырып, жаңа оқу жылының бағдарламасын жүзеге асыру, – деп атап өтті Айгүл Әділгерейқызы.

1 қыркүйекте алғашқы қоңырауға арналған «Кел, балалар, оқылық!» салтанатты жиыны 1-сынып оқушылары үшін арнайы  ұйымдастырылмақ. Дәл осы күні мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табыс етіледі. Іс-шараға бірінші сынып оқушылары ата-аналарының біреуі ғана қатыса алады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында оқушыларға мектеп формасы бойынша талаптар сақталады. Сондай-ақ классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен баруға рұқсат етіледі.

Балалардың қауіпсіздігі – қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, барлық мектеп бейнебақылау жүйелерімен 100 пайыз қамтылған. Облыс орталығы мен Ақсай қаласындағы 58 білім ошағына  арнаулы күзет енгізу жоспарлануда. 97 мектепте білім беру орталықтандырылған жедел басқару жүйесіне қосылады.

Сондай-ақ білім беру ұйымдары-ның бәрінде дерлік оқушылардың спортпен айналысуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінбек. Дене шынықтыру, спортпен шұғылдану оқушылар үшін қолжетімді болғаны маңызды. Осы бағытта жаңа оқу жылынан бастап дене шынықтыру мұғалімдеріне секциялар мен үйірмелер өткізгені үшін қосымша ақы төленеді. Оған республикалық бюджеттен 110 млн теңге қаражат қарастырылған.

Облыстың білім беру ұйымдарында 20 950 педагог жұмыс істейді. Қазіргі күнде педагогтердің  95,1 пайызы вакцина алып үлгерген.

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале