8.05.2024, 12:00
Оқылды: 50

Переметныйда ұлттық спорт ұлықталды

Бәйтерек ауданы Переметный ауылында тоғызқұмалақтан балалар мен жасөспірім ұлдар-қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының жекелей чемпионаты өтті.

IMG-20240508-WA0021

Ұшқыр ойлы спортшылар бәсекесінің ашылу салтанатына Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов қатысып, спортшылар мен қонақтарға құрмет білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

IMG-20240508-WA0023

Одан бөлек жарысқа құрметті қонақ ретінде қатысқан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин ауданда ұлттық ойынымыздың дамуына үлес қосып жүрген аудан әкімі Марат Лұқпанұлына ҚР тоғызқұмалақ спорты федерациясы президенті Алихан Бәйменовтің алғысхатын табыстады.

IMG-20240508-WA0019

Ерекше сән-салтанатпен өткен жарыстың ашылу салтанатында БҚО Тоғызқұмалақ федерациясы вице-президенті Азамат Бисенов ұлттық ойынның дамуына демеушілік білдіріп жүрген БҚО мәслихат депутаты Есен Сүндетовті ҚР тоғызқұмалақ спорты федерациясы президенті Алихан Бәйменовтің алғысхатымен марапаттады.

Аталған чемпионат Жетісу облысы, Талдықорған қаласында өтетін ел біріншілігіне іріктеу болғандықтан жарысқа Орал қаласынан және 7 ауданнан ең мықты деген 132 спортшы қатысты.

IMG-20240508-WA0022

Төрт күнге созылған тоғызқұмалақшылар додасының алғашқы жарыс күнінде спортшылар классика түрінен кім мықтыны анықтады. Қорытындысында бір алтын, бір күміс және екі қола еншілеген Сырым ауданының спортшылары үшінші орын иеленсе, екі алтын, бір күміс, үш қолаға қол жеткізген Бөкей Орда ауданының командасы екінші орын иеленді. Ал үш алтын, екі күміс және төрт қола медаль жеңіп алған Орал қаласының тоғызқұмалақшылары жарыс жеңімпазы атанды.

Одан соң озық ойлы сполртшылар тоғызқұмалақтың рапид түрінен кім мықты екенін анықтады. Бұл сында бір күміс, бір алтын иеленген Бәйтерек ауданы үшінші, екі алтын мен екі қолаға қол жеткізген бөкейліктер екінші орын иелеенсе, екі алтын, үш күміс, 6 қола жеңіп алған оралдық спортшылар тағы бір мәрте мықты екендерін дәлелдеді.

IMG-20240508-WA0020

Чемпионаттың шешуші күні блиц сынының үздіктері анықталды. Қорытындысында бір алтын, бір күміс, үш қола алған сырымдықтар үшінші, екі алтын, екі күміс, екі қола жеңген бөкейлік спортшылар екінші орынға табан тіресе, үш алтын, екі күміс, үш қола жеңіп алған Орал қаласының тоғызқұмалақшылары жарыс жеңімпазы атанды.

Енді үздік шыққан спортшылар Талдықорған қаласында өтетін ел чемпионатында өңір намысын қорғайтын болады.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале