Орал қаласында «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері БҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесімен бірлесіп, жас босанған аналарды құттықтады. Олар мамырдың екінші жексенбісі – Аналар күніне орай қалалық көпбейінді аурухананың перзентханадағы аналарға сый-сияпат табыс етті.
– Біз жақында ғана дүние есігін ашқан 5 ұл мен 5 қыз балаға сыйлығымызды әкелдік. Сәбилерін бауырына басқан аналарды шексіз қуанышымен құттықтаймыз. Періште сәбилер еліміздің елеулі, халқымыздың ардақты азаматтары болып өссін. Әр шаңырақта сәбидің шат күлкісі естіліп, әр отбасы қуанышқа кенеле берсін. Халқымыздың саны артып, елімізде тек тыныштық болсын! – деді «Ақ отау» отбасы орталығы» ҚБ төрайымы Алтынай Есқалиева. Сонымен бірге «Қоғамдық келісім» КММ-ның бөлім басшысы және БҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесі төрайымының орынбасары Жамал Ихсанова да жүрекжарды лебізін білдірді. «Мамырдың 10-ы күні төртінші перзентімді дүниеге әкелдім. Барынша қамқорлық танытып, кәсіби тұрғыда қолдау көрсеткен қалалық перзентхананың ұжымына алғысым шексіз. Аналар күніне орай сыйлықтар табыстаған жандарға ризашылығымды білдіремін. Аналардың жүзін мұң шалмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деп тілеймін», – деді Айдана Балгереева.
Қалалық көпбейінді аурухананың директоры Арман Мырзахметов аналарды құттықтай келген бірлестік өкілдеріне ризашылығын білдіріп, аналар мен балалардың амандығын тіледі. Аурухананың босану бөлімінің акушер-гинеколог дәрігері Жаннат Ізімбергенованың айтуынша, былтыр мұнда 5 мыңға жуық нәресте жарық дүниеге келген. Ал мамырдың 11-і күні босану бөлімінде 15 нәресте туған. «Дүние есігін ашқан әр сәбидің қазақ елінің үлгі тұтар азаматы болып өсуіне тілекшімін. Біз – тек екіқабат әйел үшін емес, құрсақтағы баланың аман-есен тууына да жауаптымыз. Сондықтан әр ананың сәбиін бауырына басқан сәті – біз үшін зор бақыт. Осындай бақытты сәттер көп болсын», – деді дәрігер Жаннат Асылбекқызы.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»