24.11.2022, 11:30
Оқылды: 139

ПИК саласында қазақ тілінің ахуалы нешік?

Қарашаның 21-і күні Орал қаласының тұрғыны Анжела Жанқадырова «Орал өңірі» газетінің редакциясына келіп, ПИК-ке (пәтер иелері кооперативі) қатысты арыз-шағымын айтты. 

ПИК

– Мен 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Орал қаласындағы Әбубәкір Кердері көшесі, 135 үй мекенжайында көпқабатты үйде тұрамын. Менің пәтерім 5-қабатта орналасқан. Ыстық су болмай қалатын сәттер көп. Көршілердің пәтеріне барып, шомылуға мәжбүр боламын. Бірнеше мәрте ыстық судың жоқтығына және жуынатын бөлмедегі орамал кептіретін құрылғының жұмыс істемеуіне байланысты «Центр» пәтер иелері кооперативінің кеңсесіне бардым. Менімен сөйлескен ПИК маманы қазақ тілінде жазылған арызды қабылдай алмайтынын айтты. Қабылдаған күннің өзінде, мекемеде аудармашы болмағандықтан арыздың ұзақ уақыт қаралмай жатып қалатынын ескертті. Сәлден кейін кооператив төрағасы Федор Радостев кеңсеге келді. Оған  жолыққанда, төраға сөзіме  құлақ  аса қоймады. Осыған орай құқығым тапталды, тіл заңнамасы өрескел бұзылды деп есептеймін. Жалпы кооперативке ешқандай қарызым жоқ. Айлық төлем бойынша уақтылы есептесемін. Қазіргі уақытта жүрегі ауыратын қызымды емдетіп жүрмін. Өзім – жалғызбасты анамын, – дейді Анжела Нұрланқызы.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін шағым иесімен бірге Орал қаласындағы Абай даңғылы, 102/1 мекенжайында орналасқан «Центр» ПИК-тің кеңсесіне жеттік. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Роза Зайнуллина да бізбен бірге барды. Ол ПИК-тің құжаттары мен көрнекі ақпараттардың орысша жазылғанын көріп, ҚР «Тіл туралы» заңының талаптарын орындау керектігін ескертті.

ПИК-тің төрағасы Федор Радостевтің айтуынша, Анжела Жанқадырованың қазақ тілінде жазылған арызын көрмеген. Алайда ол қала тұрғынының пәтеріне қатысты мәселеге қанық екен.

– Қазіргі уақытта Анжела Нұрланқызының пәтеріне ыстық су келіп тұр. Орамал кептіретін құрылғының жұмыс істемеуінің себебі – Анжела ханымның пәтеріне жалғанған құбыр істен шыққан. Оны қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Айта кетейін, жалпы пәтердің ішіндегі жабдықты жөндеу жұмысымен тұрғындардың өздері айналысуы қажет. Мына ескі кеңсені жалға алып отырмыз. ПИК-те 4 кеңсе маманы, 7 сантехник, 17 көше тазалаушы еңбек етеді, – деп Федор Васильевич барлық мән-жайды орысша баяндады.

ПИК-тегі басқа да мамандар жалықпай жұмыс істеп, барынша тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге тырысып жүргендерін жеткізді.

– Қазақ тілінде жазылған арызды қабылдамаймын деп айтқан емеспін. Мен қазақ тіліндегі арыздың біраз уақыт қаралмай жатып қалатынын ескерттім. Себебі біздің мекемеде оның мәтінін аударатын маман жоқ. Алайда мен арызды өтініш журналына тіркедім. Менің осы салада қызмет атқарып жүргеніме 14 жыл болды. Жұмысымыз қауырт. Тәулігіне бірнеше адамға қызмет көрсетеміз, – деді ПИК-тің маманы Татьяна Пьянзина.

Федор Васильевичтен орамал кептіретін құрылғының жөнделетінін естіп, Анжела Нұрланқызының көңілі жайланды.

– 16 қараша күні телефон арқылы маған Анжела деген қала тұрғыны хабарласқан болатын. ПИК-тің төрағасымен және ондағы мамандармен сөйлесіп, ҚР «Тіл туралы» заңының талаптарын түсіндірдік. ҚР «Тіл туралы» заңының 21-бабында «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады», оған қоса «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады» делінген. ПИК мамандары олқылықтарды түзейтінін жеткізді, – деді Роза Оңғарбайқызы.

ПИК саласында қазақ тілі ақсап тұр. «Центр» пәтер иелері кооперативінде қала тұрғыны көтерген мәселенің орысша талқылануының өзі – осының айғағы болса керек. Құзырлы құрылымдағы тіл мамандары осы проблемаға баса назар аударып, ПИК төрағаларына әдістемелік көмек көрсетсе, жөн болар еді.

Марлен Ғилымхан, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале