28.01.2025, 14:56
Оқылды: 58

Президент: "Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек"

Мемлекет басшысы:

«Енді Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталсам. Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек.
Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс.
Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр.
Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес.
ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?!
Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл қылмыстың етек алуына негіз болады.

5242724346546481498

Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет.
Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті.
Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын.

5244645622856934588

Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.
Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет.
Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек.
Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 млн. шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн.

5244645622856934590

Сурет: telegram.org

Енді көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталайық. Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек.
Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек.
«Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек.
«Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс.

Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек.
Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз.
Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс.

Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет.
Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда, Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек.
Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале