24.08.2021, 9:57
Оқылды: 176

Прокуратураның құзыреті кеңеймек

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев прокуратура құрылымдарының алдына кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша қадағалауды күшейту міндетін қоюына байланысты осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап «Прокуратура туралы» заңға өзгерістер енгізілмек. Соған сәйкес ендігі жерде прокуратура кәсіпкерлердің өтініштері бойынша барлық мемлекеттік ұйымда тексерулерді бірден тағайындауға және жүргізуге құқылы. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін қолданыста болған заңдағы кейбір шектеулер алынып тасталды. Бұл жайлы «Прокуратура органдары мен «Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен жұмысы туралы» облыстық прокуратурада өткен брифингте ашық айтылды.   

 прокуратура

Аталмыш жиында алғашқы болып сөз алған облыс прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Қазбек Жеткергенов Президент ұсынған міндеттің маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды. Әрі ол бизнесті қылмыстық шеңберге заңсыз тартудың жолын кесуден бастап, әкімшілік кедергілерді қысқартуға дейінгі кешенді прокурорлық қорғауды қалыптастыру төңірегіндегі жұмыстар туралы баяндады. Айта кетелік, былтыр облыс прокуратурасы жанынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңес» құрылып, оның құрамына прокуратура мен мемлекеттік құрылым және бизнес-қоғамдастық өкілдері тартылған. Сонымен бірге түрлі кәсіп иелерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, баспасөзде, ведомстволық сайтта және әлеуметтік желілерде  ақпараттық сүйемелдеуге жәрдем көрсету мақсатында қалалық, аудандық прокуратураларда  медиа шаралар қолға алыныпты. Мобильді топтар жұмысын да жұртшылық оң бағалауда.

– Соңғы 1,5 жылдың ішінде 8 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 26 заңсыз тексерістің жолы кесілді. Бүгінгі таңда ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің БҚО басқармасымен бірлесіп, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ТСОП (субьектілер мен тексерулер объектілерінің бірыңғай тізілімі) және «Qamqor» жобалары да іске асырылуда. Бүгінде «Qamqor» қосымшасын пайдаланушылар 8 мыңнан асады және бұл сан үнемі өсіп келеді. Аталған жүйеге мониторинг жүргізу арқылы облыстық прокуратура 2 заңсыз тексеруді анықтап, 27 кәсіпкердің құқықтары қорғалса, 24 тексеріс тіркеуден бас тартылды, – деп жалғады сөзін Қазбек Жеткергенұлы.

– Жасыратыны жоқ, салық қызметтерін растайтын зерттеулердің (салықтық тексеру актілері, камералдық тексерулер, т.б.) болмауына байланысты кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау шеңберіне заңсыз тартуға қатысты да 11 факті тіркеліп, оның алдын алу шарасы жүргізілді. Елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мемлекеттік құрылымдар тарапынан кәсіпкерлік қызмет субъектілеріне, яғни, азық-түлік емес дүкендердің жұмысына, демалыс күндері сауда үйлеріндегі банк бөлімшелерінің қызметіне негізсіз тыйым салынған жайлар да кездесті. Бәрі де уақтылы ретке келтірілді. Жалпы соңғы үш жылда прокурорлар түрлі арыз-шағым бойынша 2 мыңнан астам азаматтық іске қатысса, олардың  әр бесіншісі бизнес пайдасына шешілді.

Өз кезегінде БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов  кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы екіжақты бірлескен жұмыстарды саралай келіп, осыған дейін 11 отырыс өтіп, онда 25 мәселе қаралғанын жеткізді. Әрі негізгі ісшаралар белгіленген «Жол картасы» жобасы аясында атқарылып отырғанын, облыс прокурорының өзі кәсіпкерлік палатасында 15 адамды қабылдағанын айтты. Бәйтерек ауданында болған кәсіпкерлер наразылығына қатысты мәселеде оң шешімін тауып, сотқа жеткізілмегенін естіп білдік. Бұл күнгі басқосуға арнайы қатысқан ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО басқармасының аға прокуроры Аида Ниязова да өз қызмет шеңберлері аясында жиналғандарға түсінік берді.

Брифингте жергілікті атқа-рушы құрылымдар тарапынан кәсіпкерлердің өтініштерін қарау кезінде коммерциялық мақ-саттағы жер учаскелерін мәжбүрлеп тартып алу немесе жалға алуды ұзартудан бас тарту жөнінде негізсіз шешімдер қабылданғаны да тілге тиек етілді. Бұл бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады. Сосын мұндай әрекеттер теріс реакция жасауға әкеп соғады. Бұдан басқа 1,5 млн га пайдаланылмай жатқан және бұзушылықпен берілген 3 068 коммерциялық жер телімі анықталса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 406,7 мың га  мемлекет меншігіне алынған. Содан жалпы алаңы 228,3 мың га (287 учаске) кәсіпкерлерге кері қайтарылыпты. Тағы бір көңілге түйген нәрсе, облыс аумағында мемлекеттік мүлікті жалға алу барысына талдау жасалғанда 50-ден астам кәсіпкердің жалдау ақысынан босатылмағаны анықталған.Прокуратура актісі бойынша бұл кемшілік те түзетілген көрінеді. Мұның сыртында 45 кәсіпкердің өтініші бойынша сот актілеріне наразылық келтіру, мемлекеттік құрылымдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) ұсыныстар енгізу шаралары жүзеге асырылған. Негізінен кәсіпкерлердің қорғалған
мүліктік құқықтарының сомасы 600 млн теңгеден асады (күші жойылған айыппұлдар, өсімақылар, алып тасталған тыйым салулар, кәсіпкерге қайтарылған немесе сақталған мүлік).

Сонымен, ендігі жерде кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі жұмыс ерекше бақылауда болмақ. Қазірдің өзінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды талдау арқылы кейбір проблемалық мәселелерді еңсеруге бағытталған іс-шаралар әзірленіп, оны іске асыру тетіктері де пысықталыпты. Осы ретте, брифингке қатысқан журналистердің сан алуан сауалдарына тұшымды жауаптар қайтарылып, нақты түсінік берілгенін де жеткізе кетелік.

 

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале