11.01.2021, 16:27
Оқылды: 336

Психологиялық тренингтер сананы өзгерте ме?

 

Соңғы он жылда психологиялық шеберлік семинарлары мен түрлі тренингтер өткізу трендке айналғандай көріне ме сізге де? Иә, оларды ұйымдастырушы тренерлер немесе психологтар мен мотиваторлар деп атап, сөздік қорымызды байыттық.

психологиялык тренингтер сааны озгерте ме

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастағанды жөн санадық. Ағылшынның «train» сөзінен шыққан бұл сөздің мағынасы оқыту, тәрбиелеу дегенді білдіреді. ХХ ғасырдың орта тұсынан қолданыс таба бастаған тренингке қатысушылардың негізгі мақсаты – өзін-өзі тану, реттеу, таным көкжиегін кеңейту, айналадағы адамдармен қарым-қатынасын жақсарту. Әсіресе соңғысы бүгінгі қоғамда сауаттылықты арттыратын маңызға ие болып отыр. Себебі қоғамнан тыс қалған жасқаншақ адамдар көбейгенін бірнеше айғақтар дәлелдейді. Қоғаммен араласпай, ешкімге керек еместей, құдды өзін бұл дүниеде артық пенде ретінде көретін, бір сөзбен айтқанда, психологиялық соққы алғандар коучтар мен тренинг-семинарларға көбірек жүгінеді дейді тренинг-мамандар.

Психологиялық тренингтер арқылы өмірін жаңадан бастаған адамдарды кездестіріп те жатамыз. Психологиялық тренингтер де қазақ тілді коучтар қазір қыз-келіншектерге, кәсібін бастайтындарға арналған семинарларын өткізеді.

Бүгінге дейін тренингтерін өткізіп жүрген, әлі де өткізу жоспарында бар оралдық Эльмира Есқайырованың негізгі мамандығы – кәсіби жоғары санатты кітапханашы-библиограф. Облыстық “Үздік кітапханашы” байқауының лауреаты. Тренингтерін алдымен кітапхана саласында әріптестеріне өткізіп бастаған. Кейін тәжірибелі маман өз жобасын жалғастырып, ауданда қыз-келіншектерге арналған әдемі мерекелік шара сипатында өткізеді. Шараға өзге аудандардан да арнайы қыз-келіншектер келіп қатысқан.

– Қазақта «Жақсымен жүздесу – жанға қуат» деген сөз бар. Қазіргі таңда желідегі ақпараттың, оны бағдарыңнан ажырамай бағамдаудың өзі бөлек бір әңгіме. Мен өткізген тренингтер уақыт озса да мәнін жоймайтын, ұлттық негізге бағытталған әдемі мерекелік шара сипатында өтеді. Адамдық қалыптан тұлғалық деңгейге даму немесе осы аралықтағы дүниелерді өзіңді жеңу арқылы өз кәдеңе жарата алу бағытында өрбиді. Жалпы, ізгілікке үндейтін қарым-қабілет қана түзу жолмен адамды кез келген сыннан алып шығады. Басты мақсатынан айнымаған, сауатты жасалған дүние ғана жүрекке жетеді. Әр адам ішкі «менін» ұқса, жүрек көзінің ашылуына әрекет жасаса, оған біліммен келсе, кедергілер ысырылып, үйлесім орнайды. Менің сабағыма қатысушылардың көбі өз алғыстарын білдіріп жатады. Тіпті тренингіме қатысқандар арасынан нақты шешім қабылдап, жаны қалайтын жұмысқа орналасып кеткен жандар да табылады. Тренинг өткізу көп ізденіс пен дайындықты қажет етеді, - дейді Эльмира Жақсылыққызы.

Өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, көпшілікті, соның ішінде қыз-келіншектердің өзін, өмірін, сырт бет-бейнесін өзгертуді үндеп, бақытқа да, байлыққа да жетудің психологиялық жолдарын нұсқайды. Бірақ білуімізше, тренингке қатысушылардың көпшілігі бизнес бастаудың ең алғашқы баспалдағы деп психологияның реттелуін санайды. Бұл сөзімізге тұздық ретінде Чарос Юльчева есімді студенттің төмендегі пікірін қоса кеткеніміз жөн. «Өзім студент болсам да, осы кезге дейін бірнеше тренинг-сабақтарға қатыстым. Олардың ішінде ұнағаны да, ұнамағаны да бар, әрине. Десе де, мен үшін тренингтерге қатысу қалыпты жағдай болып кеткен. Коуч-тренингтер сағатына қанша қымбат сұраса да, сабақтар үшін ақшамды аямай қатысамын. Негізі кез-келген бағыттағы тренингтер міндетті түрде бір сағатына болсын психологиялық дәріс өткізеді. Себебі де түсінікті шығар. Әрбір істі бастамас бұрын адам психологиясы реттелуі қажет деп ойлаймын. Тренингтерге қатысу арқылы кез келген істі қолға аларда сенімді болуды, ештеңеден қорықпауды, өміріңді жақсылыққа қарай өзгерту өзіңнің қолында екенін түсініп, соған орай өзім де жақсы бағытқа қарай өзгергендей болдым», - дейді ол.

Мотивация демекші, психологиялық коучтардың негізгі құралы да осы емес пе? Мотивация беру арқылы адам жанын емдеуге болады. Санадағы қорқыныштар мен өмірдегі өкініштерді мотивациямен қанаттану арқылы жеңуге көмектеседі. Бұл қазіргі кейбір коуч-тренерлердің ақша мен атаққа қызыққандар да барлығын жасырмайды.

Бір қызығы, коучтарға баратындардың көбі жастар көрінеді. Дегенмен тренингке қатысатын жастардың сағаттап жұмсаған уақыттары бақытты өмір сүруге кепіл бола ала ма? Әлгі «заманың түлкі болса, тазы болып шалдың» үлгісі-ау, бұл да бір. Батыста әлдеқашан белең алған бұл әдіс арқылы жастарымыз психологиялық сауатты болуға ұмтыла ма, қалай? Бұндай жағдайдың қоғамда белең алуын қуантарлық жағдай деп жақсылыққа жориық.

Пандемия жағдайында ең оңтайлысы онлайн сипатта жұмыс істеу екенін көп нәрсе аңғартты. Солардың бірі – әлеуметтік желі арқылы өткізілген тренингтер.

Психологиялық коучтар жүргі зетін тренерлердің көпшілігі психологиялық бір кітап оқып алып, тренингтер жүргізуге ұмтылады. Бірақ олардың 80 пайызы білімнің жетіспеушілігінен бастаған істерін орта жолдан тоқтатады. Сол баяғы оңай ақша мен атақ қуып жүргендері де барын жасырмайды.

 

Гүлжанат Сембаева,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

журналистика факультетінің 4-курс студенті

 

Бейбіт АЯЗБАЕВА,

психолог:

– Тренинг – 20-25 адам көлемінде өтетін кері байланыс арқылы жүргізілетін психологиялық әдістің бір түрі. Адамдар лық толы аудиторияға тренинг өткізу мүмкін емес. Көпшілігі осы жерден шатасып жатады. Ескеру керек, бірнеше адамға жүргізілетін сабақ мотивация болады. Ал тренингке қатысатын адамдар саны көп болмайды, яғни тек 20-25 адам ғана психологиялық тренингке қатыса алады.

Тренингке әр саладан қатысатындар табылады. Мәселен, банк қызметкерлері деген сияқты адаммен үнемі қарым-қатынаста болатын мамандар үшін міндетті түрде психологиялық тренингтер өткізіліп тұрады. Жүйке жүйесі тозған, көбінесе отбасындағы келеңсіз жағдайлардың әсерінен психологиясы бұзылған жандар барып жатады. Елімізде психологиялық тренингті кез келген адам жүргізе алады. Бі рақ психологиялық дипломы бар болмаса да, өмірлік тәжірибесі бар, осы саланы зерттеген, алдындағы қауымға айтары бар мамандар өт кізе алады.

Жанерке ХАЛИУЛЛИНА,

Орал қаласының тұрғыны:

– Психологиялық тренингтердің қатысушыларға беретін пайдасы мінезін өзгертуге, қоғаммен араласуға және өзін жақсы көруге септігін тигізуі деп санаймын.

Байқағаным, тренинг өткізетіндердің дені – мотиваторлар. Ақша та бу жолдары, кәсібін дөңгелетуге бағытталған бірнеше тренингтерге қатысып көрдім. Кейбірінің тренинг өткізу жолдары, аудиториямен қарым-қатынас жасауы мүлдем ұнамады. Мұндай сапасыз тренинг өткізушілердің негізгі мақсаты ақша табудың жолы екенін бірінші күні-ақ байқау қиынға соқпайды. Ақыр соңында нәтиже де болмайды.

Студент болған соң оқып жатқан мамандығыма сай, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алу, ортаға тез сіңісе білу, өз ойымды көпшілікке еркін жеткізу мақсатында психологиялық тренингке қатысып көрдім. Сабақ үстінде сәл тақырыптан ауытқу болғанымен, өзіме керекті нәрсені толығымен алдым. Көпшілік ортада жасық, тұйық мінезімнен арылып, тренинг арқылы көп достар таптым деуге болады.

Түйін

Адамдар санасын өзгерту арқылы түрлі құндылықтарға жеткісі келеді. Сондықтан коуч-тренерлер, мотиваторлар бүгінде психологияның бір тармағы ретінде қалыптасып үлгерді. Бұл үрдістің біздің елге де келуі бүгінгі қоғамның жаңалыққа ұмтылуынан деуге болады. Адам санасындағы сілкіністен туындап отыр.

Негізі қазақ халқына ешқандай мотиваторың да, психологың да керек емес секілді көрінеді. Кезіндегі тар жол тайғақ кешіп, қиын-қыстаудан аман қалған, сағы сынбаған болашаққа тек үмітпен қарап, соған орай небір рухыңды көтеретін қанатты сөздер қалдырған қазақтан асқан мотиваторың жоқ-ау, шамасы. Десек те, тренинг-семинарға баруды әркімнің өз еншісіне қалдырсақ... Салаға ілім-білімсіз келіп, кәсіп көзіне айналдырғандарды уақыт өзі саралайды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале