4.06.2026, 9:00
Оқылды: 100

Рәміздер – мемлекет ұстыны

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және  Мемлекеттік  Әнұраны –  тәуелсіз  еліміздің  егемендігін,  ұлттық  бірлігі  мен мемлекеттілігін  айқындайтын  қасиетті нышандар. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр  азаматтың  Отан  алдындағы  парызы  әрі  патриоттық  тәрбиенің  маңызды  құрамдас  бөлігі.

IMG-20260603-WA0116

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Ту мен Елтаңба мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында және заңда белгіленген өзге де орындарда тиісті талаптарға сай орналастырылуы тиіс. Рәміздерді қолдану барысында олардың бейнесін бұрмалауға, бүлдіруге немесе қадір-қасиетін төмендететін әрекеттер жасауға жол берілмейді.

Мемлекеттік Әнұран орындалған кезде азаматтар орнынан тұрып, оң қолын жүрек тұсына қою арқылы құрмет білдіреді. Ал мемлекеттік Ту көтерілген немесе түсірілген сәтте оған ерекше ілтипат көрсетіледі.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда рәміздердің маңызы зор. Сондықтан әрбір қазақстандық мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, оларды пайдалану қағидаларын сақтауға міндетті.

Осы бағыттағы жұмыстарды өңірде облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия үйлестіреді. Комиссияның жұмыс құрылымы ретінде облыстық қоғамдық даму басқармасы  қызмет атқарады. Қазіргі таңда өңірде бір облыстық, бір қалалық және он екі аудандық комиссия тұрақты негізде жұмыс істеп келеді.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының анализ және мониторинг бөлімінің бас маманы Нұрхат Мақсотовтың айтуынша, комиссия қызметінің басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру. Осыған байланысты комиссия отырыстарында мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың орындалуы, ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігі мен жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту мәселелері тұрақты түрде қаралады. Бұл жұмыстарға мемлекеттік құрылымдармен қатар білім беру ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де белсенді қатысады.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениетін қалыптастыруда мониторинг жұмыстары ерекше маңызға  ие. Осы мақсатта өңірде арнайы инспекциялық топ құрылған. Оның құрамына уәкілетті мемлекеттік құрылымдардың өкілдері енген. Топ мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында және басқа да нысандарда рәміздерді пайдалану тәртібінің сақталуына тұрақты бақылау жүргізеді.

Былтыр жүргізілген мониторингтік іс-шаралар Теректі, Казталов, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарын, сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын қамтыды. Жалпы алғанда, 90 мемлекеттік құрылым мен мекемеде тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою және жұмысты жетілдіру бойынша нақты ұсынымдар берілді.

Мемлекеттік рәміздерді кеңінен дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың қорытындысында облыс көлемінде 50 мыңға жуық тұрғынды қамтыған 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік рәміздер тақырыбында 1 мыңға жуық материал жарияланды.

Бұл көрсеткіштер мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысының өңірде жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Әсіресе жастар арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған іс-шаралардың маңызы зор. Себебі мемлекеттік рәміздерге деген құрмет елге, жерге және ұлттық құндылықтарға деген құрметтің бастауы.

2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Жоспарға сәйкес облыстың төрт ауданында және екі облыстық басқармада мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану талаптарының орындалуына баға беріліп, қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар беріледі. Сонымен қатар 4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған ауқымды іс-шаралар кешені жоспарланған. Атап айтқанда, таңғы сағат 09:00-де республика бойынша бір мезгілде мемлекеттік Әнұран орындалады. Облыс орталығы мен барлық ауданда мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімдері ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарлама аясында «Туымыз төрімізде» атты форумдар, Орал қаласында «Рәміздер рухы – Конституция күші» ғылыми-практикалық конференциясы, «Патриотизм дауысы» мерекелік концерті, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және білім беру ұйымдарында «Менің туым – менің мақтанышым» тақырыбындағы патриоттық диктант-конкурстар өткізіледі.

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз Қазақстанның тарихын, бүгінгі жетістігі мен болашаққа деген сенімін бейнелейтін құндылықтар. Сондықтан оларды құрметтеу, заң талаптарына сәйкес пайдалану және жас ұрпақтың бойына осы құндылықтарды сіңіру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, қоғамда патриотизмді нығайтуға және мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыруға қызмет ететін болады.

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз еліміздің айбыны мен абыройын айқындайтын  қасиетті құндылықтар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы, мемлекеттік Елтаңбасы және мемлекеттік Әнұраны халқымыздың тарихын, мәдениетін және егемендігін бейнелейді. Сондықтан рәміздерді құрметтеу ғана емес, оларды заң талаптарына сай пайдалану да әрбір азаматтың міндеті.

Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі арнайы заңмен реттелген. Рәміздерді дұрыс пайдалану – заң талабы. Олардың бейнесін бұрмалауға, қорлауға немесе белгіленген талаптарды бұза отырып қолдануға жол берілмейді. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба тиісті орындарда белгіленген стандарттарға сәйкес орналастырылуы тиіс. Өйткені мемлекеттік Тудың мәртебесі ерекше. Ол мемлекет басшысының ресми сапарлары кезінде халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасын танытатын басты нышан ретінде көтеріліп, ілінеді. Сондай-ақ Олимпиада ойындарында, әлем және құрлық шемпионаттарында ел спортшылары алтын медаль жеңіп алған сәтте көк Туымыз көкке көтеріліп, мемлекеттік Ән­ұранымыз шырқалады. Бұл – әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялататын ерекше сәт.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет Отанға деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан әр азамат рәміздердің қадір-қасиетін түсініп, оларды пайдалану қағидаларын сақтауы тиіс. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – елге, жерге және тәуелсіздікке деген құрметтің айқын көрінісі.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале