6.09.2022, 17:45
Оқылды: 85

Ресейден 40-тан астам шетелдік компания Қазақстанға қоныс аударып жатыр

Ресейден 40-тан астам шетелдік компания Қазақстанға қоныс аударып жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтты.

220906160223942e

Елордада өткен Қазақстан-герман бизнес форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Алмас Айдаровтың дерегінше, Қазақстан ресейлік нарықтан кетуге ниет танытып отырған 20-дан астам елдің 300 компаниясына қызығушылық танытып отыр. Олардың басым бөлігі Германия мен АҚШ компаниялары әрі негізінен өнеркәсіп, сауда және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейді.

«Біз қызығушылық танытқан 300 компанияның 50-і бірден көшу жоспарлары жоқтығын, ахуалдың мұнан ары қалай дамитынын күтіп отырғандықтарын айтты. 44 компаниямен уағдаластық бар. Олар қазіргі уақытта кеңселерін немесе қызметкерлері не өндірістерін бізге көшіріп жатыр», - деді министр орынбасары.

Оның айтуынша, ең бірінші болып америкалық Honeywell корпорациясы кеңсесін Ресейден Алматыға көшірді. Басқару және автоматтандырудың электронды жүйесін шығаратын компанияның айналымы бүкіл Қазақстанның ішкі жалпы өнімінен асып түседі.

«Компаниялардың көпшілігі Қазақстанға келе алмайды. Өйткені, экономикамыздың көлемі оларға жеткіліксіз. Бірақ, олардың барлығы үшін Еуразия нарығында қалу қызықтырып отыр. Олар Ресейде жұмыс істей алмайды. Бірақ, еуразиялық нарықта қалуға ниетті. Ал біз үшін олар өндірістерін ашпаса да тым болмағанда кеңселерін ашуы өте маңызды», - деді Алмас Айдаров.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале