4.07.2023, 10:30
Оқылды: 405

Рухы мықты жанға еш кедергі жоқ

Шыңғырлау ауданына қарасты Ащысай  ауылына  жолымыз  түсіп,  Бекболсыновтардың (құжат бойынша Бекбусинов) шаңырағында болған едік. Отағасы Ораз Қадырұлы да,  жұбайы Нұргүл Есенкелдіқызы  да  жайдары жандар екен. 

d04dded8-f3ca-447a-bdb0-fc9c2dca2b17

Ораз ағай жеті жылдай бұрын «Арман» шаруа қожалығын құрыпты. Ағайдың ІІІ топтағы мүгедектігі бар. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы үйді кепілге қойып, мал сатып алған. Қазір 100-ден астам ірі қара, 30 шақты жылқы өсіруде. Екі трактор, шөп шабатын техникалары бар. Малдың жем-шөбін шаруаның өзі жинайды. Осылайша адамның еңбекке деген ынтасы болса, оған мүгедектіктің ке-дергі болмайтынын дәлелдеп келеді. Бұл отбасы былтыр ауданда өткен «Үздік аула» байқауында жеңімпаз атаныпты. Үйдің айналасы, қора-қопсы биыл да тап-таза. Үйдің іші де қыздың жиған жүгіндей жып-жинақы, әдемі. Ораз ағай шарбақ-қоршауларды өзі дәнекерлеп, үйдің кіреберісін өзі кеңейтіп салып алған.

Ораз Қадырұлы мен Нұргүл Есенкелдіқызы 1996 жылы шаңырақ көтерген. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге де оңай соққан жоқ қой. Біз де небір қиындықты көрдік, бірақ мойымадық. Жұбайымның қамыстан жасаған сыпырғышын сататынмын. Бір кездері Ораз ауыл тұрғындарының малын бағып, қол орақпен шөп шапты. Әлі есімде, бір жылы Ресейдің Орынбор облысындағы Октябрь ауданына барып, қой қырқу сайысына қатыстық. Ораз қой қырқыды, мен жүн тасыдым. Сол жарыста бірінші орын алып едік», – деп өткенді еске алды Нұргүл апай. Ораз ағай болса, жұбайымен ым-ишарамен сөйлесіп, әңгімеге арқау болар ойын қосып отырды.

Үйдің тұңғышы Тілеген – ІІІ топтағы мүгедектігі бар  жан. Бірақ солай екенмін деп, налып отырған жоқ. Қазір

әкімдікте ақылы қоғамдық жұмыс істеп жүр. Арман-мақсаты көп. «Маған жұмысым ұнайды. Зейнеткерлердің үйлерін аралап, газет таратамын. Егер болашақта депутат болсам, ауылға супермаркет, шұжық шығаратын цех, наубайхана ашамын. Ауылға монша да керек», – деп өзінің жоспарымен бөлісті Тілеген. Ізетті де ибалы қыздары Әсем тұрмыста. Жұбайы Асылжан екеуінің Есімжан есімді ұлы бар. Әсем жақында «Мақсат» жоғары медициналық колледжін бітіріп, медбике мамандығын алып шықты. Жас жұбайлар Шыңғырлау ауылында еңбек еткісі келеді. Әсем – әкесінің қолғанаты, шаруашылықтың қызметіне қатысты құжаттармен айналысады.

– Біз отбасын құрғалы ешқандай да әлеуметтік көмек алған жоқпыз. Екі қолға бір күрек тауып, қолдан келетін кәсіппен айналысып келеміз. Бір кездері азық-түлік, киім де саттым. Кейін балама көбірек көңіл бөлуім қажет бол-ды. Қазір кенже ұлым Арман  Оралдағы зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы кешен мектеп-интернат-колледжінде оқиды. Даун синдромымен ауырады. Жасы 15-ке келсе де,  ақыл-есі өте жай дамып келеді. Балам кішкентайында көршілердің қораларындағы малды, құстарды шығарып жіберетін. Алайда ауылдастарымның оның бұл «сотқарлығына» ренжігенін көрмеппін. Олар  алдап-сулап баламның тілін тауып, үйге әкелетін. Болмаса, оның қайда жүргенінен хабар беретін. Сол кезде түсіністік танытқан көрші-көлемге ризамын. Әрине, мүгедек баланы бағу оңай емес. Ешкім де қиындықты өзінің басына түспей,

түсінбейді. Күліп-ойнап сөйлескеніммен, іштей мүжілетінім рас. Себебі балаларымның болашағына алаңдаймын. Қазір үлкен ұлым 27-ге келді. Оның үйленуі керек. Тілегеннің өзі: «Мама, мен сіздің қиналып жүргеніңізді білемін. Мен өскенде қолымнан іс келетінін дәлелдеймін. Сізге сөз беремін» деп мені жұбатып қояды. Әйтеуір өзіне сенді. Шыны керек, елімізде мүгедектігі бар балалар мектеп бітірген соң, тасада қалады. Көп көңіл бөлінбейді. Мүгедектігі барларды жұмысқа орналастыруды оңалтудың әрі қоғаммен байланыстырудың ең тиімді тәсілі деп санаймын. Мемлекет басшысы да еңбекке жарамды мүгедек жандардың жұмыспен қамтылуы керек екенін айтып жүр. Алайда олардың жұмысқа тұруы өте қиын. Балам Тілеген жұмыс таба алмай 5 жылдай жүрді. Ауылға әкім болып келген Жасқайрат Ғайниұлы оған жұмыс тауып берді. Бұған дейін тұйық, өзімен өзі жүретін балам ашылып, өмірге құлшынысы артты. Екінші балам төрт жылдан кейін мектеп бітіреді. Оның да қоғамның бір кірпіші боп қаланғанын қалаймын, – деп ағынан жарылды Нұргүл апай.

Нұргүл Есенкелдіқызы – сурдоаудармашы. Алғашында бұл мамандықты өз бетімен оқып үйренген. Кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен арнайы курсқа қатысып, білімін жетілдірген. Бүгінде аудандағы құлағының мүкісі бар балалармен сөйлесіп, қарым-қатынас орнатуға септігін тигізіп келе жатқанына 15 жылдай болған. Нұргүл апай бөлме гүлдерін өсіргенді ұнатады екен. Үйінде каланхоэ, калатея, декабрист, пеларгония, молочай, доллар ағашы және басқа да гүлдер жайқалып тұр. «Оларды екі аптада бір рет тыңайтқыштармен қоректендіремін. Ертеңгілік су бүркіп, топырағын қопсытамын. Гүлдеріммен сөйлесемін. Өйткені оларға да адамның ықыласы керек. Гүлдердің қасында жүрсем, жаным жадырап, кәдімгідей тынығып  қаламын», – дейді ол.

Ораз ағайдың өсіріп отырған малы – балаларының несібесі. Ақ адал малын сатып, ақшасына балаларын оқытып, қызының тойын жасаған. Жақында қызына көлік пен үй де әперген. «Малды балаларымыз үшін бағудамыз. Осылар тарықпасын дейміз. Олар да еңбек еткеннің ертеңі жарқын екенін біліп өсіп келеді. Күйеу баламыз да алтын бала. Отағасының қасында шаруаның бір жағына шығысып, қолғанат болып жүреді», – деп ризашылығын білдірді апай.

– Бұл отбасының бір ерекшелігі – анау керек, мынау қажет деп әкімдіктен ештеңе сұрамайды. Үкіметке қол созғанын көрмеппін. Өздері малын өсіріп, шөбін шауып, тірлік етіп жүр. Ораздың әкесі Қадыр ағай селекционер, шаруа азамат еді. Әкенің ізін басқан Ораз да мал бағып, отбасын асырап отыр. Ердің бағын жағатын да, сағын жығатын да әйел ғой. Қайсар да іскер Нұргүл шаруақор жанға қолдау білдіріп келеді. Осылайша жарасымды жұп балаларының бағы үшін еңбек етуде. Тілеген – елгезек, жұмысқа ынталы азамат. Ауылдағы қарияларға газет тасып, батасын алады. Үлкен кісілердің хал-жағдайын сұрайды. Жұмыстан ерте кету, жай келу дегенді білмейді. Уақытымен жүреді. Екі сөйлетпейді. Тапсырманы тиянақты орындайды. Ораздың 200 гектар шабындығы бар. Енді аукцион арқылы жайылымдық жер беру жағын қарастырудамыз. Себебі қолынан іс келетін азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек, – деді Ащысай ауылдық округінің әкімі  Жасқайрат  Айсиев.

Ораз ағай мен Нұргүл апайдың тұңғышы Тілеген өнерлі де жігіт екен. Қоңыр дауысымен қандай әнді де әсерлі орындайды. Округ басшысы жас жігіттің әншілік өнерін алғаш рет көріп, тәнті болды. Ол енді өнерпазды аудан-ауылда өтетін мерекелік іс-шараларға қатыстырмақ. Рухы мықты жандардың отбасындағы жүздесу әсем әнмен  түйінделді.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале