13.04.2021, 0:15
Оқылды: 163

Рухы жасымаған жан

Орал қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері Алевтина Митрохина биыл 96 жасқа толады.

158636402_2973582539584745_3032523133284721584_n (1)

Алевтина Тимофейқызы 1925 жылы 14 тамызда Ресейдің Саратов облысында шаруа отбасында дүниеге келді. 1933-1934 жылдары оның отбасы аштықты бастан кешірді. Кейін аудан орталығы Озинкиге көшіп, Алевтина 8-сыныпты сонда бітіреді. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небәрі 16 жаста болатын.

– Күн шуақты әрі демалыс болатын. Құрбы қыздармен өзенге суға түсіп, қайтып келе жатқанымызда аудан орталығындағы бас алаңда жиналған халықты көрдік. Не болып жатқанын білмекке жетіп бардық. Барсақ, әйелдер жылап тұр, ал ер азаматтардың түсі суықтау көрінді. Германиямен соғыс басталыпты. Сол жерде майданға барғысы келетіндерден өтініш қабылдау басталды, - деп еске алады Алевтина Тимофейқызы.

Енді ол өзі армандап жүрген техникумға оқуға бармайтын болды. Ол оқитын мектеп жанынан әскери госпиталь ашылады. Алғыр қыз госпитальдың ота жасау бөліміне еден жуушы болып жұмысқа тұрады. Сонымен қатар әскерге мейірбике даярлайтын курсқа барып оқи бастайды. Бойжеткен күндіз жұмыс істеп, кешке оқуын қаза етпейтін. Оқу курсын үздік бітірген Алевтинаға госпитальдағы дәке таңу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқару жауапкершілігі жүктеледі. Мейірбикелік оқу курсын бітірген А.Митрохина 1942 жылы әйгілі 62-нші армияның жылжымалы госпиталының құрамында Сталинград майданынан бір-ақ шықты.

«Сол аязды қыстың күні әлі күнге жадымда. 19 желтоқсан еді. Адамдар тоңып-шашырап жүрсе де, рухтары мықты-тұғын. Қиын-қыстау кезеңде Кеңестер одағының барлық халқы қас дұшпанға қарсы жұдырықтай жұмылды. Мен мейірбике ретінде жараланған жауынгерлерге қолымнан келген дәрігерлік көмегімді көрсеттім. Небір ауыр жараланған, аяқ-қолын снаряд жарықшағы жұлып кеткен жауынгерлердің өмірлеріне араша түстік. 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград шайқасы аяқталды. Одан кейін Ростов қаласын жаудан азат етуге қатыстық. Осыдан кейін 3-Украина майданына жіберді. 1943 жылы Донецкіні және сол маңдағы поселкелерді жаудан тазарттық. Біздің госпиталь 200 адамды қабылдауға лайықталған болса, жараланып түсетін жауынгерлер саны мыңға жуықтайтын», - деп сұрапыл жылдарды күрсіне еске алады соғыс ардагері.

Одан кейін А.Митрохина Днепропетровск, Харьков, Николаев, Одесса және басқа қаланы да фашистердің қанды шеңгелінен арашалауға үлес қосады. Украинаның барлық аумағы жаудан тазартылғаннан кейін Алевтина Тимофейқызы өзін үйге қайтарады деп ойлайды. Алайда олай болмады, әрі қарай Молдавияның Кишиневін, Румынияны, Югославияны, қазіргі Сербияның астанасы Белградты азат етуге қатысады. Майдангер Жеңісті Румыния жерінде қарсы алады.

«Будапештке 1 наурызда келдік, кескілескен ұрыстар жүріп жатты. Жараланғандарға көмек көрсеттік. Ұлы Жеңісті сонда қарсы алдық. Соғыс бітті деп қуанғаннан жыладық. Сұм соғыс бітсе де, біз кете алмай, 23 тамызға дейін болдық. Өйткені жараланған жауынгерлерді Кеңестер одағына тасымалдауға дайындадық. Бізді Югославияға жіберді. Бұрын шайқас болған жерлермен қайта жүріп өттік», - деді майдангер.

Ростов облысында болған кезінде Алевтина Тимофейқызы аяғынан жараланды. Бақытына қарай сүйегіне тимеді. Бұдан кейін де ол бірнеше ауыр жарақаттар алды. Ол өзінің болашақ жарымен майданда танысты. «Қолынан жараланған жауынгерге көбірек көңіл аударсам керек, жаспыз ғой. Оның елге қайтататын сәті таянғанда: «Менімен бірге жүр» деп шақырды. Ал менің қолымда басқа қалаға жолдама бар болатын. Содан ол біреуге барып жолығып, «Үйленейін деп жатырмыз» деп бірге жіберуді сұрапты. Екеуміз осылайша қол ұстасып, Орал қаласына бірге келдік. Мен оған күйеуге шықпайтынымды, оқитынымды айттым. Төрт жыл медициналық училищеде оқыдым. Бірақ уақыт өте келе той жасадық. Осылайша жарты ғасыр бойы өмірдің ащы-тұщысын бірге таттық. 1995 жылы жұбайым қайтыс болды», - деді Алевтина Митрохина.

Майдангер ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Соғыс жылдары, ауыр сынақтар, шайқас даласындағы бораған оқтар,   жарылған бомбалар, ауыр жарақаттар қайсар майдангердің рухын жасытпады, өмірге деген құштарлық отын сөндіре алмады. Алевтина Тимофейқызының үш қызы мен қыз-күйеу балаларынан өрбіген ұрпағы бар. Соғыстан кейінгі жылдары кейіпкеріміз 32 жыл бойы медициналық училищеде мейірбике ісі, хирургиядан дәрістер оқыды. КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі атанды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Орал қалалық кеңесінің депутаты болды. Ол ұзақ жылдар бойы қаладағы М.Мәметова атындағы мемориалды музей-үйі жанындағы «Фронтовичка» клубына басшылық етті. Жауынгер құрбыларымен бірге жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге барынша үлес қосты.

– Соңғы жылдары денсаулығым мазалап, үйден шықпай қалдым. Бұрындары Жеңіс күні «Мәңгілік алауға» барып, гүл шоқтарын   қоюшы едім.  Өңір, қала басшылары жылда мені құттықтап келеді. Баршасына алғысымды айтамын. Тек мына жаман аурудан еліміз, халқымыз аман-есен шықсын деп тілеймін. Біз көрген қырғын соғысты кейінгі жас ұрпақ көрмесін. Жастарға салауатты өмір салтын ұстаныңыз, қарттарға көмектесіңіз, жылы сөздеріңізді аямаңыз деймін, - деді Алевтина Тимофейқызы телефон арқылы сөйлескенімізде. Даусы саңқылдап тұр. Шіркін, «Бұрынғының адамдарының сүйегі асыл» деп бекер айтпайды ғой дедік ішімізден.

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале