ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің отбасы ұлы қолбасшыға тиесілі 100-ден астам бірегей жәдігерді Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанындағы Әскери-тарихи музей қорына салтанатты түрде табыстады.

Фото: gov.kz
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, батырдың туыстары мен ардагерлер қатысқан шарада мемлекеттік наградалар, жеке құжаттар, әскери киім үлгілері және атаулы қарулар музейге берілді.

Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова бұл қадам отбасы үшін оңай болмағанын, алайда әкесінің заттары халық игілігіне айналып, жастардың сол дәуірдің рухын сезінуіне ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Енді Әскери-тарихи музейде бұған дейін жұмыс істеп келген жеке экспозиция «Отан» ордені және басқа да түпнұсқа құнды жәдігерлермен толығып, көпшілікке қолжетімді болады.