16.09.2021, 16:43
Оқылды: 143

Сайлауалды бағдарламаға салалық басқармалар да жауапты

Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жиналысы өтті. Депутаттар партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары – Жол картасының орындалуын талқылады. Салалық басқармалар басшылары есебі тыңдалған жиналысқа «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев төрағалық етті. 

WhatsApp Image 2021-09-16 at 16.39.43

– Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауда жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасы Үкіметтің бесжылдық жұмыс жоспарына негіз болуы тиіс екенін, ал «Nur Otan» фракциясының мүшелері оның орындалуын үнемі бақылауда ұстау керектігін баса айтқаны мәлім. Облыс бойынша сайлауалды бағдарламаларының орындалуына қатысты жүйелі мониторинг жүргізілді. Биылғы сегіз айдағы аймақтық және аумақтық сайлауалды бағдарламаларға талдау жасалынды. Сонда жоспарланған 1373 іс-шараның 291-і (21%) орындалды. Қазіргі кезде 727 (53%) іс-шара орындалу сатысында, – деді Мұрат Мұқаев.

WhatsApp Image 2021-09-16 at 16.39.42

Партиялық бағдарлама бойынша  іс-шаралардың орындалуына байланысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов баяндама жасады. Тілепберген Каюпов облыс бойынша құрылыс жобаларының жүзеге асуына қатысты деректер келтіріп, қаржы лимиті қысқаруына байланысты кей нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасының жасақталмау себебін түсіндірді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында 13 тармақтан тұратын іс-шара жоспары белгіленгенін хабарлады. «2021-2025 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде құны 106,7 млрд. теңге 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Яғни, жол картасына мал шаруашылығына қатысты 14,8 млрд. теңгеге 29 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша 90,5 млрд. теңгеге 3 жоба, өнімді өңдеу және сақтауға арналған бағыт бойынша 1,6 млрд. теңгеге 2 жоба енді», – деді Жасұлан Халиуллин.

WhatsApp Image 2021-09-16 at 16.39.41

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі жөнінде баяндады.

 

– Облыстағы психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемелері бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 5893 бала есепте тұр. Оның ішінде 1552 бала – мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында. Қазіргі кезде 4013 балаға инклюзивті білім берілуде. 345 мектепте инклюзивті оқытуға жағдай жасалған, – деді Айгүл Мыңбаева.

Білім басқармасының басшысы «Болашақ» қорының әдістемелік сүйемелдеу (курация) жұмысына 1 млн. 944 теңге қосымша қаражат бөлу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жолдағанын айтты. Бұл ұсынысты фракция мүшелері бірауыздан қолдап, бюджеттің келесі нақтылау кезінде қосымша қаражат бөлуді мақұлдады. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев алдағы уақытта басқа да мемлекеттік бағдарламалардың облыс деңгейінде жүзеге асырылуы үнемі партия назарында болатынын айтты.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале