27.05.2021, 23:48
Оқылды: 320

Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру – басты міндетіміз

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өткізілгеніне де төрт айдан асты. Осы уақыт ішінде «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикалық жол картасы қабылданды. Жол картасында 362 іс-шара көзделген, төрт бөлімнен тұратын бес жылда атқарылатын істер әр жылға бөлінген, жауапты орындаушылар бекітілген және қаржы көздері нақтыланған. Республика көлемінде Жол картасының әр тармағына жауапты Орталық мемлекеттік құрылымдар басшылары (вице-министрлер деңгейінде) айқындалған. Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелеріне жол картасының әр тармағы бақылауға алу үшін бөлініп берілді. Жол картасының орындалуы барысын саралау тоқсан сайын, ал жыл соңында жылдық қорытынды шығару жөнінде жұмыс алгоритмі бекітілді.

малик кулшар1

Жақында ғана Парламенттің қос палатасынан қолдау тауып, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңының жобасында «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын іске асыру үшін 844,4 млрд  теңге  қарастырылатын болды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша республикалық  бюджеттен:

3 аудандағы 26 ауылдық елді мекенге газ өткізуге және газ құрылғыларын салуға – 870 млн теңге;

Ауылдық елді мекендердегі ішкі көшелерге асфальт төсеу мен жаяу жүргіншілер жолдарын салуға 6 ауданға 4,2 млрд теңге;

Орал қаласында және барлық аудандарға тұрғын үйлер салуға 3,9 млрд теңге;

Орал қаласында және 9 аудандағы ауылдық елді мекендерге инженерлік-коммуникациялық жүйелер (су, газ, жарық) өткізуге 4,6 млрд теңге;

Облысымыздың 9 ауданындағы ауылдық елді мекендерге су өткізуге 5 млрд теңге  қарастырылып отыр.

Сонымен қатар Ұлттық Қордан мақсатты трансферт ретінде облысымыздың оңтүстік аудандарына Ресейден су алу үшін 2,2 млрд теңге  бөлу жоспарға енгізілді.

Индустриялды аймақты ұйымдастыру мен салуға 1,5 млрд теңге, Барбастау-Ақжайық-Индер (43-93 км), Чапаев-Жаңақала-Сайқын (130-191 км), Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139 км) жолдарын реконструкциялауға – 3,2 млрд теңге, Орал қаласындағы кәріз су коллекторын реконструкциялауға 174 млн теңге, Киров-Шежін каналының IV этапын реконструкциялауға  1,2 млрд теңге қарастырылған.

Бұл – республикалық бюджеттен қосымша бөлініп отырған қаржы көздері. Облысымыздың көлеміндегі қордаланған мәселелердің белгілі бір бөлігін шешуге мүмкіндігін  беретіні  сөзсіз.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды заңнамалық негізде қамтамасыз ету үшін Парламент Мәжілісі 2021 жылдың қаңтарынан бастап кейбір заң жобаларын қарауына алып, оларды Мәжіліс депутаттары, орталық құрылымдар, эксперттік қоғам, ҮЕҰ өкілдері мен кеңінен талқылау ұйымдастырылды.  Жобалардың  бірнешеуі  Мемлекет басшысының Жарлығымен күшіне енді.

Мәселен, «Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Жаңа заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау тетіктері енгізілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері жоғары белсенділік танытып, күнделікті қоғамды мазалайтын мәселелерді Парламент мінберінен көтеруде. «Nur Otan» партиясы жанынан 15 Қоғамдық кеңес құрылды. Осындай Қоғамдық кеңестер облыстық, қалалық, ауылдық партия филиалдары жандарынан да құрылып, жұмыстарын бастап кетті. «Азаматтық қоғам және мемлекеттік басқаруды дамыту» жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің құрамына енгізілдім және оның алғашқы отырысына қатыстым.

VII шақырылған Парламент Мәжілісіндегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде партиялас депутаттармен бірге Үкіметке төрт депутаттық сауал жолдап, алты заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі ретінде заң жобаларына өз ұсыныстарымды енгіздім. Екі рет «Депутатқа сұрақ қой» тікелей эфиріне шығып, әлеуметтік желі арқылы сайлаушыларымыздың қойған сұрақтарына жауап беріп, кейбіреулерін орталық мемлекеттік құрылымдарға жолдадым.

1999 жылдан «Nur Otan» партиясының мүшесі, VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының мүшесі ретінде сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бар білімім мен жинақтаған іс-тәжірибемді пайдалануымның қажеттілігін айқын түсінемін және ол үшін бар күш-жігерімді  жұмсаймын.

Мәлік Құлшар,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале