3.09.2021, 9:29
Оқылды: 212

Санаққа салғырт қарамаңыз! 

Сонымен, осы аптаның сәрсенбісінде, яғни 1 қыркүйек күні ел аумағында халық санағы басталды. Бұл қазақ елі үшін азаттықтың ақ таңы атқалы бері үшінші халық санағы. Үшбу санақ барысында цифрлық технология барынша кеңінен қолданылмақ.

халык санагы

Бізге ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросы БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Аманжан Жұмановтың берген мәліметіне қарағанда, биылғы халық санағы 1 қыркүйек – 15 қазан аралығында электрондық нұсқада жүргізілсе, ал 1-30 қазан аралығында санақшылар (интервьюерлер) санитарлық талаптарды сақтай отырып, санақты электрондық  планшетпен аяқтай жүріп атқарады. Ретті жерінде айта кетелік, осыдан біразырақ күн бұрын Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов 24 сағат бойы қолжетімді sanaq.gov.kz  сайты арқылы онлайн режімде халық санағынан өтуге болатындығын мәлімдеді.

Биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Алайда бұл бір адам осынау қарайған сұраққа түгелдей жауап беруі шарт деген сөз емес. Себебі санақ парақтарында шетелге кеткісі келетін немесе елге келген адамдарға, сондай-ақ тек қана әйелдерге қойылатын сұрақтар да бар. Мысалы, әр адамның өмірбаяндық деректері, туған жылы, туған жері, ұлты, тұрғылықты мекенжайы сықылды халық санағының дәстүрлі сауалдарына қоса, бұл жолы індетке қарсы екпе (вакцина) алған-алмағандығы, таяу болашақта Қазақстанның өзге өлке-өңіріне немесе алысты-жақынды шетелдерге қоныс аудару ойының бар-жоқтығы, мемлекеттік тілге қоса, ағылшын және орыс тілін қаншалықты меңгергендігі де сұралатын көрінеді. Тіпті мамандар бірді-екілі бөпесі немесе біраз перзенті бар келіншектерден алдағы уақытта жарық дүниеге сәби әкелу ниетінің бар-жоғына дейін сұралады деседі. Сырт көзге бұл күлкілі көрінгенімен, шын мәнінде үшбу сұрақтың жауабы елдің демографиялық болашағын барынша нақты болжауға сеп болары сөзсіз. Аудан-ауылдардағы ағайын халық санағына қатысты мәнжайды өз ауданындағы статистика басқармасынан, ал Орал қаласының тұрғындары Ұлттық статистика бюросының БҚО бойынша департаментіне хабарласып (тел: 50-45-54, 50-34-54), біле алады.

Статистика саласының мамандары санақ сауалдарына жауап беруге шамамен 20-25 минут қажеттігін алға тартып отыр. Ел-жұрттың белсенділігі мен шынайы жауаптарының нәтижесінде Қазақстан халқы туралы сапалы дерек-дәйектер жинақталады. Осындай дерекқор көп ұзамай ел ішінде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы жоба-жоспарларды сәтті жүзеге асыруға негіз болмақ. Сол себепті халық санағына салғырт қарамаңыз, әлеумет!

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале