3.12.2021, 9:43
Оқылды: 87

Сәні келіскен спартакиада

ҚР  ҰҚК  БҚО  бойынша  департаменті басшылығының ұйытқы болуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойы аясында спартакиада оздырылды.    

E2989D7A-5621-4740-98AC-57F853351D8A

Облыстық спорт басқармасы қолдау білдірген аталмыш сайысқа қатысқан құқық қорғау құрылымдары қызметкерлері спорттың төрт түрі бойынша бақ сынасты. Командалық жарыстар күнілгері белгіленген спорт кешендерінде өтті.

Сонымен, тартысты да қызықты бәсекедегі ойын өрнегі төмендегіше түйінделді: волейболдан облыстық полиция департаменті жігіттері көш бастаса, жүлделі екінші-үшінші орындарды Шекара қызметі мен ҰҚК БҚО бойынша департаментінің қыз­меткерлері өзара бөлісті. Аяқдопта төтеншеліктер (ТЖД) бірінші орынға шықса, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мамандандырылған күзет қызметі футболшыларының еншісіне екінші-үшінші орындар бұйырды. Одан кейінгі үстел теннисінде де төтеншеліктердің асығы алшысынан түссе, шекарашылар (ШҚД) мен 5517-әскери бөлімі ойыншылары алғашқы үштікті түйіндеді.  

Спартакиада  соңында бұла күші бойын кернеген палуандар 8 салмақ дәрежесі бойынша өзара сынға түсіп, қазақ күресінің айла-тәсілдерін алға тартты. Осылайша белбеу кетсе де, белін бермеген қазақтың қайсар, намысқой жігіттері бұл жолы да аянып қалмады. Жиналған жұртты желпінтіп, өз жанкүйерлерінің қанын қыздырды. «Кіл мықты да кім мықты» дегендей, өз салмақ дәрежелері бойынша бағы жанған палуандар сый-сияпатсыз қалған жоқ. Жалпы,  жарыс  қорытындысында барлық жеңімпаздар арнайы мерекелік медальмен және дипломдармен марапатталды. Осы ретте айта кетер жайт, палуандар белдесуінде жүлдегерлер сапынан көрінген ұлттық қауіпсіздік қызметінің қос қызметкері  – Р.Әубәкіров пен Н.Ғарапшиев келер жылдың көктемінде ҚР ҰҚК төрағасы кубогі үшін өтетін турнирге  қатысады.

 Бақытжан Ордабаев          

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале