29.06.2021, 21:07
Оқылды: 390

Санитарлық талаптарды бұзғандардың аты-жөні көпшілікке жарияланады

Облыс тұрғындарының иммундау қарқынын арттыру және азаматарды екпе алуға көптеп тарту үшін өңірде лотерея ойнату жоспарлануда. Ұтысқа коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін алған облыс тұрғындары ғана қатыса алады. Басты сыйлыққа аутокөлік тігілмек. Сонымен бірге  бағалы тұрмыстық заттар да болады. Лотереяға қатысу үшін https://stopcovid.kz/ сайтының арнайы бөлігіне тіркелу керек. Қосымша ақпарат аталмыш сайтта жарияланады. Лотереяның қорытындысы 30 тамызда шығып, жеңімпаздар жергілікті телеарнаның тікелей эфирінде анықталады.  Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жедел штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков мәлім етті.

E69DBCF2-DBD9-4C3F-9E4D-46741BE5EE0E

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен шедел штаб отырысында БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды баяндады.

– Бүгінде облыста аурушаңдық  жоғары деңгейде байқалып отыр.  Маусым айында 2178 жағдай тіркелді. Соған сәйкес облыста маусымның 28-інен бастап карантиндік шаралар күшейтілді. Барлық мерейтойлық және басқа да отбасылық  іс-шараларға тыйым салынды. Мекеме-кәсіпорындарда қызметкерлердің 80%-ы қашықтан жұмыс істеуі керек. Сауда үйлері мен базарлар, жабық базарлар сенбі-жексенбі күндері жұмыстарын тоқтатады. Үлкен сауналар, спорт кешендері «Ashyq» қосымшасы болмаса, демалыс күндері жұмыс істемеуі тиіс. Қоғамдық тамақтану орындарының уақыты қысқартылды, – деп бірқатар шектеу шараларын атап өткен бас санитарлық дәрігер карантин талабын бұзғандарға да тоқталды.  

D4BB9975-8EDB-4138-821C-0BD3CF053DC7

Эпидемиологтардың болжамы бойынша, тұрғындардың басым көпшілігі індетті қоғамдық көліктерде жұқтыруда. Яғни маска кию режімін бұзған 1524 адам індетке шалдыққан. Үй жағдайында карантин талабын сақтамаған 556 адам науқастанған. Ал 98 адам жиын-тойлардан ауру жұқтырған. Соңғы аптада екі мейрамхананың үлкен мерейтой өткізгені анықталған екен. Оралдағы «Қоржын» мейрамханасы  маусымның 25-і күні, ал «Самал» кафесі 25-26-сы күндері той өткізген. Иелеріне хаттама толтырылып,  экономикалық сотқа олардың жұмысын тоқтату жөнінде  материал дайындалуда. Басқа да бірнеше қоғамдық орынға үлкен көлемде айыппұл салынбақ. Бас санитарлық дәрігер айтып өткендей, індет жұқтырғандардың көбінің жасы 26 мен 60-тың арасындағылар болып отыр. Бас санитарлық дәрігер сондықтан осы жастағы адамдар  екпе алулары керек дейді. Маусым айында басқаларды айтпағанда, 843 жұмыс істейтін азамат, жұмыссыз 422 адам, 422 зейнеткер індет жұқтырған.

74417540-442A-47FE-8328-B6B515452783

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәліметінше, облыста жұмыс істеп тұрған 18 инфекциялық стационардың толымдылығы – 44,6%. Өткен аптамен салыстырғанда инфекциялық кереуеттердің толуы 10,8%-ға өскен. Жансақтау бөліміне түсетіндердің де саны артып отыр. Айта кету керек, олардың басым көпшілігі зейнеткерлер. Спикер айтып өткендей, облыста вакцина жеткілікті. Мәселен, екпенің І компонентін 92 896 адам алған. Оның ішінде 71400 адам «Спутник V», 1550-і «QazVac»,  18986-і «Hayat – Vax» және 960 адам «КоронаВак» екпесін салған. Ал ІІ компонентін 61459 адам салып үлгерген. «Екпе алған адамның ағзасында алғашқы 2,3 күнде қызу көтеріліп, әлсіздік білінуі мүмкін. Бірақ олар тез өтіп кетеді. Тұрғындар арасында екпеге қарсы түрлі пікірлер айтылуда. Алайда індетке қарсы күрестің бірден-бір жолы – екпе алу. Екпе ерікті түрде әрі тегін жүргізіледі. Вакцина салардың алдында медициналық тексерістен өткізеді. Аллергиялық реакция немесе  созылмалы ауруы болған жағдайда, медотвод береді. Мамыр айында  індетке шалдыққан  100 науқыстың арасында екпе алғаннан кейін ауырған 8 науқас болды.  Олардың 4-і екпенің екі компонентін де алған болса, қалғаны тек бірінші компонентін ектірген. Бұл науқастардың бойындағы індет орташа дәрежеде өтті. Яғни ауру асқынбады, жансақтау бөліміне түскен жоқ. Мен бұған екпе себеп болды деп ойлаймын», – деп атап өтті облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-инфекционисі Бибігүл Айтбаева.

7BE1F622-15A1-42C2-8C33-DD849A64FF75

Қала әкімі Абат Шыныбеков мониторингтік топтардың жұмысына тоқталды. Жыл басынан бері санитралық шектеу шараларын бұзғандарға  128 хаттама толтырылған. Орал қаласы бойынша оларға 7,3 млн. теңгеге айыппұл салынды. Маусымның 19-26-сы аралығында қоғамдық көліктерге мониторинг жүргізу барысында 19 жүргізуші мен бір кондуктордың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны анықталған.

30B1A37A-39EC-4548-AD61-38494A3561A9

Штаб отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Ashyq» мобильді қосымшасының жұмысы да сөз болды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотовтың айтуынша, облыста 562 түрлі кәсіпкерлік нысан аталмыш қосымшасымен жұмыс істеуде. Қосымша арқылы 36 мыңнан астам келуші өткізілген болса, маусымның онынан бері  59 «сары» және 49 «қызыл» мәртебесі барлар анықталған. Облыстың «қызыл» аймаққа енуіне байланысты «Ashyq» қосымшасына қосылушылар саны өскен.

– Індеттің таралуына байланысты облыс «қызыл» аймаққа қайтадан еніп отыр. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Енді санитарлық талаптарды бұзған кафе-тойханалардың иесінің ғана емес, той өткізген адамның да аты-жөні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қалыпты жұмыс істеуге оралу үшін барлығымыз шектеу шараларын қатаң сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек. Қазір екпе алғандар артып келе жатқанымен, жұмыс әлі де баяу. Екпе әр азаматты, отбасын індеттен сақтайды. Екпе салу ерікті түрде жүргізіледі. Бірақ оның қаншалықты маңызды екенін дұрыс түсіндіру керек. Облыс орталығында індет көп таралуда. Орал қаласы бойынша инфекциялық стационар 70%-ға толған. Жансақтау бөліміндегі төсек-орындардың толуы –  54%.  Адам денсаулығы бәрінен маңызды. Сондықтан санитарлық талаптарға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – деп жедел штаб отырысын қорытындылады облыс әкімі.

4E5B97DE-2850-4CA9-8E5A-99DC097C71AC 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале