1.02.2021, 15:36
Оқылды: 186

Санитарлық талаптарды сақтап жүрсіз бе?

Былтыр басталған коронавирус жұқпасы әлі де айылын жияр емес. Керісінше, жаз мезгіліндегідей күшейіп, тұрғындардың етек-жеңін жиып, сақтық шараларын күшейтуін талап етуде. Алайда көпшілік бар жерде тұрғындар арасында санитарлық талаптарды сақтамайтындар да жоқ емес. Осы орайда өңіріміздің кейбір тұрғындарына «Санитарлық талаптарды қаншалықты сақтап жүрсіз?» деген сауал қойған едік.  

CB945924-7E0D-4B01-AC69-741F24C3E628

Беркінғали Ғабделов,

«Ауған соғысының мүгедектері және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Санитарлық талаптарды  отбасымызбен қатаң сақтағандықтан, індеттен аманбыз. Тәртіпке бағынып жүрміз. Той-садақаға мүлдем бармайтын болдық. Ел болып індетті еңсерген соң, қуаныш-қайғы орын алған отбасыларға арнайы кіріп шығармыз деген шешім қабылдадым. Індет былтыр жазда қатты өршіп еді. Сол кезде үйде бала-шағаның  амандығын тілеп отырдық.

Қоғамдық бірлестіктің жиын-шараларын өткізгенде өзіміз тұмша тағып, өзгелерден де соны талап етеміз. Алғашқы кезде тұмша тағуды үйрене алмай жүрдік. Қазір жанымыздан бір елі тастамай, сыртқы киімнің қалтасынан шығармаймыз. Санитарлық-эпидемиологиялық талапты қатаң сақтасаң, індет жоламайтынына сенеміз.  Сол себепті тұрғындарды тәртіпке бағынуға шақырамыз. Аяулы жандарыңыз аман болсын десеңіз, көпшілік орындарға бармаңыз, тұмшаны тастамаңыз.

Бекболат Қаленов,

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының әкімгері, ақын:

– Әлемді жайлаған жұқпалы індеттен облысымыз, тіпті аудан-ауылдарымыз  тыс қалған жоқ. Коронавирустан ауылдағы 80 жасқа таяған жеңгеміз  қайтыс болған еді. Отбасымызбен санитарлық талапты сақтап жүрміз. Көбіне қоғамдық көлікпен жүретіндіктен, тұмшаны тастамаймыз.  Қазір Оралдағы дәріханаларда тұмша арзандады. 25-30 теңгеден сатылуда. Сырттан, жұмыстан келіп, үйде отырған перзенттеріме жұқтырмас үшін  күніне үш-төрт тұмша тағамын. Үйге келе сала, қолымды жуамын. Індеттің таралғанын  жоққа шығара алмаймыз. Вирус көзге көрінбесе де, КВИ-дің кесірінен атпалдай азаматтарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Сондықтан тек санитарлық сақтық бізді індеттен қорғайды деп сенеміз.

Дариға  Нұрашева,

«Бөрлі жаршысы» газетінің директор-редакторы (Бөрлі ауданы):

– Өткен жылдың жазындағы  пандемия кезіндегі  қиындықты әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сондықтан үйде де, түзде де карантин талаптарын сақтауға тырысамын. Сонымен бірге өзгелерден де соны талап етемін. Екінші толқын болсын, үшінші толқын болсын, қашан бұл індет басылмайынша арқаны кеңге салуға болмайды-ау. Шүкір, үлкен отбасымыз. Үйден бірнеше адам жұмысқа барамыз. Бәрі де сақтық танытып, барлық санитарлық талапты сақтауға тырысады. Үйге кіріп-шыққанда, бір-біріне ескертіп отырады.

Мен қызмет ететін ұжымда да солай. Сақтық шараларды барынша қолданып, өзін жайсыз сезінген адамды бірден дәрігерге жібереміз. Жалпы, осы індет келгелі біз біраз нәрсенің қадірін біліп қалған сияқтымыз. Кейде маған осындай ой келеді: үйлену мен қыз ұзатудан басқа тойды жасамаса да болатын секілді.  Ірілі-уақты отбасылық іс-шараларға жүздеп кісі шақырмаса да болады екен.

«Бірінші байлық – денсаулық» деген рас сөз. Денің сау болмаса, қалған дүниенің еш қадірі жоқ қой. Сондықтан ауырмайық, ағайын. «Әр қазақ менің жалғызым»  демекші, аурудан  сақтанып, бір-бірімізді сақтай жүрейік!

 Лилия Смелова,

Орал қаласының тұрғыны:

– Жасым 75-те. Жазда коронавирус індетіне шалдықтым. Қалай, қайда жұқтырғанымды білмеймін. Көбіне саяжайда болатын едім. Орал қалалық №1 емханаға профилактикалық тексерістен  өтуге барғанда дене қызуымды тексерді. Сол кезде қызуым 39-ды көрсетіп тұр екен. Дәрігерлер де шошып кетті. Өзім де уайымға түстім. Өйткені індетті жұқтырмайын деп саяжайдағы үйімде қонып жүргенмін. Содан ақ халаттылар үйге барып күтіну қажеттігін айтты. Үй жағдайында екі аптадай ем-дом қабылдадым. Алайда емханаға қайта тексерілуге келгенде, рентген құрылғысы менің екі өкпемнің де қабынғанын анықтады. Эпидемиологтар дәрі-дәрмек тағайындап, кері үйге жіберді. Үйден егіліп, дәрілерімді іштім. Қазіргі уақытта сауыққандай болдым. Бірақ таза ауада серуендеп жүрейін десем, демігіп қала беремін. Қазіргі уақытта емхананың оңалту орталығынан ем алып жүрмін. Физиоем мен тыныс алу жаттығуларының  пайдасы мол екен. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Енді тұмшаны тастамай тағып, санитарлық талаптарды қатаң сақтайтын боламын.

 Райымбек Шамақов,

Орал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері,  лейтенант:

– Әлемді жайлаған індет талайды тығырыққа тіреп, қауіпсіздік іс-шараларын жадымыздан шығармауға міндеттеді. Әрине, бұл талап әр адамның, бір отбасының және жалпы қоғамның назарында болуы шарт.  Мен де, отбасым да  санитарлық талаптарды барынша сақтаймыз. Отбасылық жиын-тойларға бармауға тырысамыз. Себебі ондай жерлерде кісі көп болатындықтан, індеттен кімнің қалай қорғанып жүргенін білмейміз. Азын-шоғын туыстар бас қосқан жерде әлеуметтік арақашықтық сақтауға тырысамыз. Алайда ешқандай да той-томалақ, мерекелік кештер жасауға тыйым салынғанын ұмытпауымыз керек.

Бүгінде індет күшейіп келеді. Соған байланысты карантин талаптарын сақтау маңызды. Күнделікті қызмет барысында маска режімі қатаң сақталады. Сәт сайын қолымызды  дезинфекциялық құралмен жуып отырамыз. Бір бөлмеде отыратын қызметкердің бәрі  тұмша тағып отырады. Бөлмелер желдетіліп, дезинфекциялық жұмыстар жиі жасалады. Біз, яғни төтеншеліктер қызмет барысында  көпшілік арасына жиі шығамыз. Өрт қауіпсіздігін сақтау, алда келе жатқан көктемгі су тасқынынан сақтану бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Сол кезде тұмша тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтаймыз. Тұрғындардың да қоғамдық орындарда тұмша киіп жүрулерін талап етеміз. Біздің басшылық  та еліміздің және облысымыздың бас санитарлық дәрігерлерінің  қаулыларын таныстырып, сақтық шараларын жиі айтып отырады.

Бір адамның санитарлық талапты сақтауы тек өзіне емес, отбасындағыларға, қасындағы әріптестеріне індеттің жұқпауына оң әсер етеді. Сондықтан  әркім осы  жауапкершілікті сезінуі  керек  деп  білемін.  

Сауалнаманы  жүргізген Ясипа  Рабаева, Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале