12.11.2021, 9:58
Оқылды: 181

Сауда саласының саңлағы

Ел тәуелсіздік алған жылдары халық тұтынатын тауарлар былай тұрсын, азық-түліктің өзі жеткіліксіз  болғаны белгілі жайт.  Ұн, секер, шай, сұйық май секілді күнделікті тұтынатын өнімдерді жан басына  шағып, талон арқылы дүкендерде үлестіргені көпшіліктің есінде шығар. «Коммунизм елесін» кездіріп  қойған социалистік дәуірден капитализмге бір сәтте-ақ дүңк ете түсу сол кезеңде кім-кімге де оңай  болмағаны рас. Көштен қалыңқырағанымызбен, шүкір, аштан өліпті дегенді естімеген едік. «Жыртық үйдің де құдайы бар» демекші, өліара шақта кеңестік дәуірден қалған тұтынушылар одағының жұмысшы-қызметкерлері ел-жұртты тығырықтан шығару үшін аянбай қызмет еткенін естен шығармауға тиіспіз. 

10bae382-e9cf-4396-b049-0b769a5bd9dc

1987-1997 жылдар аралығында облыстық тұтынушылар одағына жетекшілік еткен Серік Лұқпанов қиын-қыстау кезеңде халықтың қамын ойлаған жандардың бірегейі десек, артық айтқандық болмас.

Нарын құмының іргесінде кіндік қаны тамған Серік Ізбасқанұлы Мәстексай орта мектебін бітірген соң, А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында білім алған. Алғашқыда ауыл мектебінде мұғалімдік қызмет атқарған. Кейін Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, облыстық тұтынушылар одағының басқармасында тауар қабылдаушы (товаровед) болған. Әріптестері арасында алғырлығымен көзге түскен ол осы салада аға инспектор, ұйымдастыру бө­лімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған. Партия комитетінің жолдауымен екі-үш жыл облыстық бақылау комитетінде жұмыс істеген. 1983  жылы «Бакалейторг» басқармасына басшылық қызметке тағайындалған. Сауда саласына әбден бейімделіп, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген Серік Ізбасқанұлы 1987 жылы облыстық тұтынушылар одағының төрағалығына сайланады. Дәл осы жылы ол Қарағанды  кооператив  институтын ұйымдастырушы мамандығы бойынша бітірген екен.

– Біздің жүйеде 11  мыңға жуық адам еңбек етті. Өңір­дің 16 ауданында және 80-ге жуық ауылында тұтынушылар қоғамы мен кооперативі жұмыс істеді. Сол кезеңде әр кооперативте кемі екі автодүкен болатын. Олар жыл-он екі ай шалғайдағы елді мекендерді аралап, тұтынушыларға қажетті азық-түлікпен тауарларды саттыққа ұсынды. Кооператив қызметкерлері халықтан тері-терсек, жүн-жұрқа, сүйек, қағаз қалдықтары секілді шикізаттарды жинап, ақысына сары май, шай секілді сол кездегі қат тауарларды беретін. Әр ауданда тұтынушылар одағының наубайханасы, шұжық, лимонад және балмұздақ жасайтын цехтар жұмыс істеді. Кейбір аудандарда май зауыты да болды. Ауыл кооперативтері өз өнімдерін Орал қаласына әкеліп, жәрмеңкелер де ұйымдастырып тұратын. Қосалқы шаруашылықтарымыз, қоғамдық тамақтандыру орындарымыз да болатын, – деп еске алады Серік аға.

Кейіпкеріміздің айтуынша, 1992  жылы ақшаның құнсыздану (инфляция) деңгейі өте жоғары болған. Үкімет қазынасында қаржы тапшы кезде банктер несиені 328  пайыздық жылдық өсіммен ұсынған. Тұрғындарға қызметті тауарларды уақтылы жеткізу үшін облыстық тұтынушылар одағына да несие алуға тура келіпті. Үлкен пайызбен несие алғандарымен, сатып алатын тауарларды табудың өзі де оңайға соқпапты. Қиын кезеңде облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, марқұм Ерболат Жұмағалиев және облыстық сауда басқармасының бастығы В. Авиловпен бірге тауар іздеп Ресей, Украина елдерінің қалаларына ұдайы сапарға шыққандары, тіпті тәулігіне 1,5 мың шақырым жол жүргендері де кейіпкеріміздің есінде.

Сол жылдарда өңір тұрғындарынан жиналған тері-терсек пен жүн-жұрқаны Түркия, Сирия, Италия, Испания секілді мемлекеттерге жіберіп, орнына айырбас тәсілімен (бартер) қажетті тауарлар алуға тура келіпті. Осылайша мардымсыз түскен табыс пен несиеге иек артқан кооперация жүйесі бірте-бірте құлдырай түскен. Әйтсе де, жергілікті тұрғындарға көмек қолын созудан тартынбапты. Бір кездері су тасқынына ұшыраған Казталов ауданына облыс кооператорларының өз қаражаттарына 10 тұрғын үй салып беруі бұл сөзіміздің айғағы.

Егемендігіміздің елең-алаң жылдарында ел-жұрт үшін аянбай еңбек еткен кооперация саласының қызметі жөнінде аз-кем әңгіме қозғадық. Ал негізгі кейіпкеріміз Серік Ізбасқанұлы 75  жасқа таянса да, өмір өткелдеріне еш өкінбейтін сыңайлы. Есен жүріңіз, сауда саласының саңлағы!

Сәндібек  Жомартұлы,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале