ҚР Ішкі істер министрлігі адам саудасына қатысты қылмыстарға қарсы күрес жүргізу және қоғамның, әсіресе өскелең ұрпақтың моральдық ахуалына теріс әсер ететін заңсыз контенттің таралуына тосқауыл қою бойынша кешенді шаралар қабылдап келеді.

Cәуір айында ел аумағында ІІМ тарапынан кезекті ауқымды "STOP трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркеліп, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталды.
- Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді. Анықталғандай, 25 жастағы әйел бала туғанға дейін және туғаннан кейін мамандандырылған қоғамдық қорда тұрған. Оның баладан бас тартуына байланысты қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді асырап алу мақсатында облыстың 50 жастағы тұрғынына бір миллион теңгеге сатуды ұсынған. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Алматы қаласында қылмыстық мақсатта пайдалану үшін адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды іздеп тауып, олардың жалған оң несие тарихын қалыптастырып, кейін сол адамдардың атына Алматы және Шымкент қалаларында қымбат автокөліктер рәсімдеп, одан әрі сатуға бағытталған. Қазіргі уақытта негізгі ұйымдастырушылар ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.
Жетісу облысында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2005 және 2007 жылы туған жергілікті екі тұрғынға қатысты мәжбүрлі еңбек фактісі анықталып, жолы кесілді. Анықталғандай, оларды ұрлап әкетіп, бір ай бойы күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айырып, тұрмыстық химия өндірісінде жұмысқа жеккен. Осы факт бойынша адамды қанау мақсатында ұрлау дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілді.
- Жастарды деструктивті және азғындық сипаттағы әрекеттерге тартумен, сондай-ақ қоғамның моральдық-адамгершілік ахуалына, отбасы институтына және өскелең ұрпақ тәрбиесіне теріс әсер ететін өзге де заңсыз қызмет түрлерімен айналысатын тұлғалар мен топтарды анықтауға ерекше назар аударылуда, - деді Қуандық Алпыс.
Абай облысында жүйелі табыс табу мақсатында Қазақстанның бірнеше қаласында вебкам бизнеске арналған порностудиялар ұйымдастырған ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар өзара міндеттерді бөлісе отырып, модельдік келбеті бар жас қыздарды іздеумен және осы іске тартумен, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы түсірілімдер жүргізуге арналған орындарды ұйымдастырумен айналысқан. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында, Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар және Маңғыстау облыстарында дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы заңсыз әрекеттерге және жастарды азғындатуға белсенді түрде тартылған күдіктілерге қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды.
Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру фактісі бойынша 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру және порнографиялық материалдарды заңсыз тарату бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
- Адам саудасына қарсы іс-қимыл, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, - деді спикер.