20.07.2026, 11:15
Оқылды: 21

Сәулет пен суретшілікке құштар студент

Кезінде ұлы  суретші  Пабло  Пикассо: «Өнер  адамның  жан  дүниесінен  күйбең  тірліктің  шаң-тозаңын  шайып  өтеді»  деген  екен.  Расымен де,  әлдебір  әсем  әуенді  құлақ  қойып тыңдасаңыз,  әлдебір  поэзияны  мақамына  келтіре  оқысаңыз,  әлдебір  картинаға  үңілсеңіз  құдды  жаныңыз  алты қанат  ақ  бұлттың  үстінде  қалқығандай  күй  кешесіз.  Өнердің  құдіреті  де  осы.  Біздің  бүгінгі  кейіпкеріміз  қарапайым  ғана қарындашты  серік  етіп,  ақ  параққа  жан  бітіріп  жүрген  төбе өнердің  иесі  –  Гүлназ  Мәлік. «Ұлы істер  үнсіз  істеледі»  деген батыс  ойшылдарының  сөзін  өзек  етер  болсақ,  бұл  суретші қыздың  туындылары  кәсіби  суретшінің  туындысынан  кем  емес.

0aef5b01-2722-4811-9d99-da0160180234

Кейбір  адам  үшін  сурет  салу – жай  ғана  хобби болса, енді  біреулер  үшін  ол – өмірдің  мәні.  Осындай  жастардың  бірі  –  Алматы  қаласындағы  Қазақ бас  сәулет-құрылыс  академиясының  студенті  Гүлзат  Ілиясқызы Мәлік.  Болашақ сәулетші  үшін  сурет өнері – тек  шығармашылық  емес,  кәсіби  дамудың  да  маңызды  бөлігі.

Гүлзат 2008 жылдың 23 мамырында Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылында өмірге келген. Мектепті үздік тәмамдап, бүгінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында білім алып жатыр.

Оның сурет салуға қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Үйде жалғыз қалған сәттерінде бос уақытын тиімді пайдалануды мақсат еткен ол ғаламтордағы түрлі суреттерді қарап, мультфильм кейіпкерлерін бейнелеуге талпынады. Кейін қиялынан кейіпкерлер ойлап тауып, комикстер салып, шығармашылық қабілетін шыңдай түседі.

Арнайы көркемсурет мектебінде білім алмаса да, Гүлзат сурет салудың қыр-сырын өздігінен меңгерді. YouTube қосымшасынан бейнесабақтарды көріп, кәсіби суретшілердің жұмыстарын талдау арқылы шеберлігін жетілдірді. Ол бос уақыттың қадірін білудің маңызын ерекше атап өтеді. Бір кездері өлең жазып, тоқыма тоқығанын, кейін жүрегі сурет өнерін таңдағанын айтады.

Жас суретшінің шығармашылық жолында отбасының қолдауы да ерекше. Алғашында қызының ұзақ уақыт сурет салып, телміріп отыруына таңырқай қараған анасы кейін оның сурет салуға аңсары ауғанын түсініп, қажетті құрал-жабдықтарын сатып әпереді. Қылқалам, бояу, кенеп, түрлі-түсті маркер алып беріп қана қоймай, цифрлық сурет салуға арналған планшет те сыйлаған. Ал ағасы шетелден кәсіби сурет құралдарын алдыртып, қарындасының шығармашылығына демеу көрсеткен.

090df387-d4da-4bcb-bffa-c30b8bbee84d

Бүгінде Гүлзат үшін сәулет пен сурет өнері бір-бірінен ажырамас ұғымға айналған. Оның айтуынша, екі сала да кеңістікті дұрыс қабылдауды, пішін мен пропорцияны дәл беруді талап етеді. Сәулет мамандығында алған білімі сурет салудағы кеңістікте ойлау қабілетін жетілдірсе, суретшілік тәжірибесі инженерлік графика мен сәулеттік жобалау пәндерін меңгеруге септігін тигізіп келеді.

Жас талант тапсырыспен жұмыс істегенде шығармашылық еркіндік пен нақты талаптың үйлесім тапқанын жөн көреді. Оның пікірінше, ең бастысы – дұрыс таңдалған тақырып. Сонда ғана суретші ойын толық жеткізіп, мазмұнды әрі әсерлі туынды дүниеге келеді. Жас суретшінің шығармашылық ізденісі оқу орнында да қолдау тауып келеді. Жуырда өзі білім алып жатқан Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында әзірленген комикс кітапшасы жарық көрді.

Шабыттың қайнарын көбіне басқа суретшілердің туындыларынан іздейтін Гүлзат әлемге танымал кәріс суретшісі Ким Джун Гидің шығармашылығын ерекше бағалайды. Оның кеңістікті дәл бейнелеуі мен ұсақ бөлшектерге мән беруі жас суретшіге үнемі жаңа серпін беріп, талғам табиғатын шарықтатады.

Гүлзат үшін кез келген шығарманың бастауы – идея. Оның пікірінше, терең ойдан әсерлі композиция туады, ал композицияның өзі идеяның орнын баса алмайды. Сондықтан әр жұмысын алдымен мазмұнын ойластырудан бастайды.

Қазірде ол дәстүрлі және цифрлық сурет салу тәсілдерін қатар қолданады. Дәстүрлі әдісті қолданып бір суретті аяқтауға бір-екі ай уақыт кетсе, планшет арқылы салынатын цифрлық жұмысты шамамен екі күнде тәмамдайды. Сонымен қатар түстер үйлесімі мен композиция заңдылықтарын сақтауға ерекше мән береді.

f06d3787-18ee-4040-9a8f-83f97f46ebab

– Мен үшін сурет салудағы басты мақсат – танымал болу емес, шығармашылық шеберлігімді үнемі шыңдау. Болашақта сәулетші ретінде де, суретші ретінде де өзімді дамытқым келеді, – дейді Гүлзат Мәлік.

Гүлзаттың шалқар шығармашылыққа деген қызығушылығы мен тынымсыз ізденісі оның болашақта білікті сәулетші әрі қарымды суретші болып қалыптасуына негіз болары анық. Расында да, сурет салу – қолдың ғана емес, ой­дың да жүйріктігін талап ететін бірегей өнер ғой...

Ернар Жақыптегі,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале