10.11.2020, 9:42
Оқылды: 44

Он сегізде  от  кешкендер

Орал өңірінен 76 мыңнан аса азамат Ұлы Отан соғысына аттанса, соның тең жартысына жуығы елімізге қайта оралмады. Солардың бірі Мәжит Қожжанов 1924 жылы Сырым ауданының Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Үлкендердің айтуы бойынша, жастайынан пысық, алғыр болып өскен. Тіксай елді мекенінде тұрған ата-анасына мал бағуға қолғабыс ете жүріп, бастауыш сыныпты Қызыл ту ауылында, кейін Елтай ауылына барыпкеліп оқыған. 15 жасынан шаруашылыққа белсене араласып, комсомолға мүше болған, 1940 жылы әскери комиссариаттың жылқыларын баққан. Соғыс басталғаннан кейін Отан қорғауға аттануға өтініш білдірген.

 18 де от кешкендер

Мәжит аға 1942 жылы көктемде 18 жасында Жымпиты ауданының әскери комиссариатынан әскерге шақырылған.

Мәжит ағадан сирек те болса келген хаттары, «Ерлігі үшін» медалін тағып, пилоткасын киіп түскен суреті, өкінішке орай, сақталмаған.

1942 жылдың маусым айынан бастап қолына қару алып, жаумен шайқасқа түскен ағамыз үш рет жарақаттанып, госпитальде емделіп, қайта майданға араласқан.

Соңғы хаттарының бірінде 1944 жылы «Ұлы жорыққа» аттанғалы тұрғандарын, соған қызу дайындық жүріп жатқанын айта отырып, мен түсімде үйден таба нанның шетін тістеп кетіп жүрмін деп жазғанын әжеміз айтып отыратын. Бүгінгі күні шамаласақ, ол Днепр өзенін алып, Белоруссия жерін азат етуге арналған дайындық кезеңі болып шығады. Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталғаннан кейін Мәжит ағамыздың із-түзсіз кеткені туралы хабар келген.

Көп жыл іздестіру нәтижесінде ағамыздың соңғы әскери қызмет еткен жері мен қайда жерленгені анықталды. Ата-ананың, ағайынның бір үміті ақталды.

М.Қожжановтың соңғы әскери қызметі ІІ Беларусь майданы 120-гвардиялық атқыштар дивизиясында бөлімше командирі, шені – аға сержант. Беларусь Республикасы, Могилев облысы, Киров ауданы, Пархинновичи деревнясы маңында ерлікпен қаза тапқан М.Қожжанов Днепр өзенінің арғы бетіндегі Пархинновичи деревнясындағы бауырластар зиратына жерленген. Зираттағы белгіге «Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұрыста қаза болған батырлардың даңқы арта берсін!» деп жазылған.

Жеңістің 70 жылдығына орай ағамыздың басына барып тағзым еттік. Туған жерден топырақ апарып салып, гүл шоқтарын қойып, Құран оқып қайттық.

Минск қаласында ҰОС-ға арналған орталық мұражайда болып, соғыс куәгерлері болған экспонаттармен таныстық. Кеңес Одағының Батыры Сүндетқали Есқалиев атындағы көшені көріп, ерлігі туралы естідік. Айта кетерлігі, Мәжит Қожжанов пен Сүндетқали Есқалиев екеуі екі деревняда жерленген.

18 жасында елімізді жаудан қорғауға аттанып, ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаһарман ұлдарын Тәуелсіз елі мақтан тұтады, олар мәңгі ел есінде.

 

Жұмажан ҚОЖЖАНОВ,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале