22.11.2022, 17:45
Оқылды: 31

Сенсация: Аргентина құрамасы әлем чемпионатында Сауд Арабиясынан жеңілді

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының үшінші ойын күнінде сенсациялық жағдай тіркелді. С тобында сынға түсетін Аргентина құрамасы алғашқы ойында Сауд Арабиясынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7

Ойынның алғашқы минутынан аргентиналық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысқан еді. Десе де, оған Сауд Арабиясы құрамасы жол бере қойған жоқ.

Ойынның 10-минутында аргентиналық Лионель Месси пенальтиден есеп ашты. Бірінші кезеңде бұдан кейін таблодағы есепке өзгеріс ене қойған жоқ.

Екінші кезеңде Сауд Арабиясы құрамасының белсенділігі байқалды.

Нәтижесінде 48-минутта Салех Аль Шехри таразы басын теңестірсе, Салем Аль-Давсари 53-минутта өз құрамасын алға шығарды.

Айта кетсек, екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесті. Олардың барлығы жолдастық кездесу есебінде өткізілген.

Аргентина құрамасы алға қарай ұмтыла түсті. Дегенмен діттеген мақсатына жете алмай жатты.

Осылайша Сауд Арабиясы Аргентинадан 2:1 есебімен басым түсті.

Бұл – әлем чемпионатындағы ең алғашқы сенсация. Сондай-ақ, араб футболшылары өз тарихында тұңғыш рет Аргентинаны жеңді.

Бұған дейін екі құрама төрт мәрте кездесті. Екеуінде Аргентина басым түссе, екеуінде есеп тең аяқталды.

1988 жылы 6 шілдеде 2:2, 2012 жылы 14 қарашада 0:0 есебімен тең түсті. Ал Аргентина 1988 жылы 16 шілдеде 3:1, 1992 жылы 20 қазанда 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Аталған топтағы бүгін, 22 қарашада Мексика және Польша кездесуі елорда уақытымен 22:00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын А тобында Англия құрамасы Иранды ірі есеппен жеңсе, Нидерланды Сенегалдан басым түсті.

Сондай-ақ, А тобындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Фото: championat.com

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале