Қылмыстық жауапкершілік қаупінсіз қай кезде күш қолдануға болады?
Желактың сөзінше, егер шабуыл адам өміріне қауіп төндіретін болса, заң барынша кең көлемде қорғауды қамтамасыз етеді.
- өмірге қауіпті зорлық-зомбылық қолданылса немесе сондай қауіп төнсе;
- қару қолданылса немесе қолдану әрекеті жасалса;
- тұрғын үйге зорлық-зомбылық көрсету арқылы заңсыз басып кірсе.
"Мұндай жағдайларда заң қорғанушыны шектеусіз дерлік қорғайды", - деп атап өтті заңгер.
Егер өмірге қауіп төнбесе
Алайда, кез келген шабуыл кісі өлтіру қаупімен байланысты бола бермейді. Көбіне адамның қолынан ұстау, итеру немесе тиісу жағдайлары кездеседі.
Мұндай жағдайларда, заңгердің айтуынша, сәйкестік қағидаты қолданылады.
"Қорғаныс шабуылдың сипаты мен қауіптілігіне сәйкес келуі тиіс. Егер адам қажетті шаралардан анық асып кетсе, мысалы, өмірге ештеңе қауіп төндірмеген жерде ауыр зиян келтірсе, бұл қажетті қорғаныс шегінен шығу деп бағалануы мүмкін. Ал тиісу жағдайында шабуылдаушыны итеріп жіберу, құтылып қашу үшін ұру - бұл сәйкес келетін қорғаныс", - деп түсіндірді Желак.
Өзіңізбен бірге қандай қорғаныс құралдарын алып жүруге болады?
Заңгердің айтуынша, 18 жастан асқан азаматтар арнайы рұқсатсыз мыналарды алып жүре алады:
- газ және бұрыш баллоны;
- механикалық аэрозольді бүріккіштер.
Бұл ретте электрошокерлер мен газ қаруын да өзін-өзі қорғау үшін пайдалануға болады, бірақ оларды сатып алу үшін полицияның рұқсаты қажет.
Ал пышақтар мен басқа да суық қаруларды дәл өзін-өзі қорғау мақсатында алып жүруге болмайды - бұл үшін бөлек жауапкершілік қарастырылған.
"Кез келген өзін-өзі қорғау құралын тек нақты қауіп төнгенде ғана қолдануға болады. Оны қорқыту үшін пайдалануға немесе жанжалды бірінші болып бастауға болмайды", - деп атап өтті заңгер.
Шабуыл кезінде өзін қалай ұстау керек: нұсқаушы кеңесі
Өзін-өзі қорғау жөніндегі нұсқаушы Серік Өтешовтің айтуынша, шабуыл кезіндегі басты мақсат - төбелесу немесе шабуылдаушыны "жазалау" емес, қауіпті жағдайдан мүмкіндігінше тезірек шығу.
Маман бірінші кезекте жағдайды бағалауды ұсынады. Егер жанжалдан жалтару мүмкіндігі болса, бірден арақашықтықты ұзартып, дауыстап көмек шақырып, басқа адамдар бар жерге барған дұрыс.
Егер физикалық байланыстан қашу мүмкін болмаса, барынша қашып кету басты міндет болады.
"Шабуылдаушыны жеңуге тырысудың қажеті жоқ. Шын мәнінде, тіпті жақсы физикалық дайындығы бар адамның өзі ауыр жарақат алуы мүмкін. Сондықтан өзін-өзі қорғаудың мақсаты - қашып кетуге мүмкіндік жасау", - дейді мамандар.
Олардың айтуынша, егер адамды қолынан, киімінен ұстаса немесе жібермей ұстап тұруға тырысса, құтылып, оқиға орнынан кету үшін барынша аз қажетті күш қолдануға болады.
Егер өзін-өзі қорғау үшін бұрыш баллы қолданылса, оны тек нақты қауіп төнгенде ғана пайдалану керек. Одан кейін жанжалды жалғастыру ұсынылмайды - бірден қауіпсіз жерге барып, полиция шақыру қажет.
Сондай-ақ нұсқаушы кез келген шабуылдан кейін агрессормен жеке барып есеп айырысуға тырыспауға кеңес береді. Мүмкіндігінше тезірек полицияға жүгініп, жарақаттарды тіркеу, ал егер оқиға қоғамдық орында болса - бейнебақылау камераларындағы жазбаларды немесе куәгерлердің байланыс мәліметтерін сақтап қалуға тырысу маңызды.
Сонымен қатар Өтешов өзін-өзі қорғаудың негізгі курсынан өтуді ұсынады.
"Мұндай сабақтарда күрес тәсілдерін ғана емес, қауіпті жағдайды қалай тануға, жанжалдан қалай жалтаруға, ұстап алғанда дұрыс босап шығуға және оқиға орнынан қалай қауіпсіз кетуге болатынын үйретеді", - дейді маман.
Айта кетейік, газ баллоны мен электршокерлерді тек өзін-өзі қорғау үшін пайдалануға болады. Егер оларды, мысалы, қорқыту немесе шабуыл жасау үшін қолданса, бұл салдарына байланысты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
