25.04.2023, 15:00
Оқылды: 64

Шайыр ұлықталған шара

Жуырда Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының маусымашар концерті өтті. Концертті жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді.

342349893_1301000470629276_3935503975802337961_n

Ең әуелі экраннан ақынға арналған бейнебаян көрсетілді. Содан соң сөз алған жоба жетекшісі, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла өнер ұжымының алдағы уақыттағы шығармашылық сапарларына тоқталды.

– Есім-сойы Абайдан кейін аталатын Қадыр ағамыз – күллі қазаққа ортақ, әлі де зерттеуді қажет ететін тұлға. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оның өзін білмесе де, сөзін біледі. Айта кетейін, «Дала дидары» өнер ұжымының концерттерінде де, Қадыр орталығында ұйымдастырылған шараларда да әннің бәрі жанды дауыста шырқалады. Бұл – жаһандану жалмап, техника телміртіп, санамызды ғаламтор улаған кезеңде жасандылықпен күресудің жолы. Бұйырса, келесі айда көшпелі өнер ұжымының көрші облыстарға шығармашылық сапарлары басталады, – деді Бауыржан Ергенұлы.

342217550_925639168758086_1316101666666966888_n

Іс-шара барысында Қазақ-станның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, республикалық конкурстардың лауреаттары Альберт Ғазизжанов, Мәди Сабыров, Ерлан Қуанышев, Әділ Ахметов және «Інжу», «BatysStar» топтары өнер көрсетті.

Қадыр Мырза Әлидің өлеңіне жазылған «Ақжайық», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Тамды аруы», «Әже туралы ән», «Тамаша», «Жар», «Сыған серенадасы», «Кездер-ай», «Орал – әнім сенсің шалқыған», «Жол жыры», «Өз елім» және «Атамекен» секілді әндер шырқалды.

Өз кезегінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев көшпелі өнер ұжымына сәттілік тілеп, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы мәдени-шығармашылық бөлімінің басшысы Жамиға Камалова мен дыбыс режиссері Мейірхан Аюповты «Батыс Қазақстан облысының үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.

– Қадыр орталығы ақын мұрасын насихаттау бағытында жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді. Ақын жырын жатқа оқитын жастарымыз жетерлік. Көп ұзамай «Дала дидарының» өнерпаздары көрші облыстарда өнер көрсетпек. Орталық мамандары мен өнер ұжымы құрамындағы талантты жандарға жемісті ізденіс, сәтті сапар тілеймін! – деді Нариман Төреғалиұлы.

Әдеби-сазды кеште Қадыр Мырза Әлидің өзінің оқуындағы өлең де көрермен назарына ұсынылды. Ақ Жайық өңірінің ардақты перзентінің қанатты сөздері, қағытпа қалжыңдары айтылып, қуатты жырлары оқылды. Өлеңдерді Асылан Ислямов, Гүлфаризат Нұрсейітова, Ақмоншақ Есетова, Әділ Ахметов секілді өнерпаздар нақышына келтіре оқыды.

Көрермендер Қадыр мұрасын насихаттаушыларды қолдап-қошеметтеп, осынау рухани кеште ерекше әсерге бөленді.

Марлен Ғилымхан,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале