Баспасөзге жазылу науқанында әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан тағылымы терең, тарихы бай білім ошақтарының бірі – Орал қаласындағы №26 орта мектеп. Биыл осы білім ошағының ашылғанына 35 жыл толды. Осыған орай біз іргелі ұжымды мерейлі датамен құттықтап, «Үзіліс» бетіне арнайы мақала дайындауды жөн көрдік.

Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, ол – тағдырлар тоғысатын, арман қанат қағатын, болашақ қалыптасатын үлкен өмір мектебі.
Өткен жұма күні мектеп мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға ардагер ұстаздар, мектеп түлектері, ата-аналар жиналды. Әр қонағын бауырсақ пен ақ ұсынып күтіп алған мектеп ұжымы білім ошағына экскурсия жасап, концерттік бағдарлама ұсынды. Бір-бірін көптен көрмеген ардагер ұстаздар мен түлектер сағынысып көрісіп, қуанып жатты.
1991 жылы алғаш есігін айқара ашқан білім ошағы талай баланың болашағына жол сілтеп, үлкен өмірге қанат қақтырды. Мектептің алғашқы директоры Павел Подольный сол кезеңнің күрделі ахуалына қарамастан, білім ошағының іргесін бекем қалап, ұжымның қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар білім саласына да оңай тимегені белгілі. Алайда ұстаздардың бірлігі мен жауапкершілігі мектептің еңсесін түсірген жоқ. Сол жылдары Екатерина Нұрмашева, Валентина Трофимова, Таисия Коршунова, Римма Ермолаева, Людмила Степанова, Фаина Пономарева, Рая Мұхамбетқалиева, Падиша Тапалова, Роза Шушакова, Ольга Потанина, Елена Портнова сынды тәжірибелі педагогтер мектептің өзіндік бағыт-бағдарын қалыптастырып, шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие берудің жарқын үлгісін көрсетті.
Мектеп тарихының әр кезеңі – өзінше бір белес. Білім ошағын басқарған Екатерина Нұрмашева мен Ғибарат Орынғалиеваның ерен еңбегі мектептің даму жолында ерекше орын алады. Екатерина Ботанқызының бастамасымен «Абайтану», «Пушкинтану» кабинеттері ашылып, оқушылардың рухани дүниесін байыту бағытында біраз жұмыс істелді. Бұл кабинеттер тек оқу бөлмесі емес, ұлт пен әлем әдебиетін ұлықтайтын рухани орталыққа айналды.

Шәкірттер үшін мектеп мұражайының да орны бөлек. Өткеннің ізі мен бүгіннің жетістігін жалғаған мұражайда әр жылдардағы суреттер, марапаттар, естеліктер сақталған. Мектеп шәкірттері тарихпен тілдесу үшін тағылым алаңына жиі бас сұғып тұрады. Ал «Омеговский экстрим» шатырлы лагері оқушыларды табиғатпен үндестіріп, патриоттық рух пен төзімділікке тәрбиелейтін ерекше жоба ретінде мектеп өмірінен берік орын алды. География пәнінің мұғалімі Наталья Дундукованың жетекшілігімен ұйымдастырылған экологиялық-өлкетану экспедициялары – туған жер табиғатын танып-білуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Көпұлтты ұжым қалыптасқан мектепте достық пен татулық бірінші орында.
Мектеп ұжымының ауызбіршілігін арттыру мақсатында мектептің бұрынғы директоры Ғибарат Марксқызы-ның бастамасымен ұйымдастырылған «Халықтар достығы» фестивалі бүгінде дәстүрлі мерекеге айналған. Түрлі ұлттың мәдениеті мен өнерін ұлықтайтын бұл іс-шара оқушыларды татулық пен достыққа тәрбиелейді.
Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының мерзімді баспасөзге жазылуына мән беретін №26 мектептің кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру бағытындағы жұмыстары да ерекше. Жыл сайын «Оқитын отбасы – ғасыр үлгісі» байқауы арқылы ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс нығайып, отбасы құндылықтары дәріптеліп келеді.
2020 жылдан бері мектепті тәжірибелі басшы, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Ляззат Қастуғанова басқарып келеді. Оның жетекшілігімен мектеп заман талабына сай жаңғырып, білім беру сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Қазіргі таңда мектепте 1155 оқушыға 98 педагог білім беруде. Мұғалімдердің сапалық құрамының жоғары болуы – мектептің кәсіби әлеуетінің мықтылығын айқын көрсетеді. Бүгінде мектеп ұстаздары жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша үздіксіз ізденіп, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып жүр. Соның нәтижесінде шәкірттер ғылыми жобаларда, пәндік олимпиадаларда, шығармашылық және спорттық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде. Мектеп шәкірттері Аида Дүйсенғали, Рузана Фрунзиева, Ильназ Ерік, Аркар Гумаров, Алғали Әмір, Томирис Құлжанова сынды оқушылар облыстық, республикалық білім сайыстарының жүлдегерлері. Спортта топ жарып жүрген Айару Меңдібаева, Алина Домова, Алина Бекмұхамбетова, Илья Астафьев, Артем Пивцев – мектеп мақтаныштары. Айта кетерлігі, осы жылдар ішінде бес оқушы «Алтын белгі» атанып, мектеп мерейін асырған.
№26 мектептің ұжымы тек білім берумен ғана шектелмей, оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағытта Роботтық техника үйірмесі, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика секциялары шәкірттердің қызығушылығын арттырып келеді. Ал ұлттық құндылықтарды дәріптейтін Мейрамбек Синалиұлы жетекшілік ететін Асық ату үйірмесі ұлттық ойындарды жаңғыртып, жастар арасында кеңінен насихаттап келеді. Үйірме мүшелерінің облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуы – жүйелі жұмыстың нәтижесі болса керек.

– Мектептің материалдық-техникалық әлеуеті де заман талабына сай жаңартылды. Оқу кабинеттері жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, білім алушылар үшін қолайлы орта жасалды. Мұғалімдерге арналған заманауи демалыс және жұмыс кабинеті ұстаздардың шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік берсе, «Ата-аналарды қолдау орталығы» мектеп пен отбасы арасындағы байланы-сты нығайтуға бағытталған маңызды орталыққа айналды. Осы жылдар ішінде мектепті 2000-нан астам түлек тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Ең қуаныштысы – осы мектептен түлеп ұшқан шәкірттердің туған мектебіне қайта оралып, ұстаздық етуі. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі – дейді мектеп директоры Ляззат Құрманбекқызы.
Бір қарағанда бұйығы көрінетін қаланың шетінде орналасқан білім ошағында тірлік қайнап жатыр. 35 жылда бұл мектеп мыңдаған шәкірттің күлкісі мен арманының, ұстаздардың маңдай тері мен адал еңбегінің, атааналардың сенімі мен үмітінің куәгері болды. Осы уақыт ішінде №26 орта мектеп қарапайым болса да, шәкірттері шынайы жүрекпен іздеп келетін қасиетті қарашаңыраққа айналды. Кеше біз сол әдемі сәттің куәсі болдық.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»