28.07.2026, 18:00
Оқылды: 0

«Шалқар толқыны» туризмді түлетсе екен! 

Жақында Теректі ауданының Сарыөмір ауылында ерекше сазды кеш өтті. Ауыл өміріндегі айтулы мәдени іс-шараға айналған республикалық «Шалқар толқыны» ән байқауы биыл үшінші рет ұйымдастырылды.

 DSC08681

Теректі ауданы әкімдігінің қолдауымен, Теректі мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен мәдени-сазды іс-шараға  Ақ Жайық өңірінің таланттарына қоса, Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының жас жұлдыздары қатысты. Екі күнге созылған ІІІ республикалық «Шалқар толқыны» ән байқауының іріктеу кезеңі алдымен Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде өтті. Музыка саласының майталмандары, есімі елге етене таныс өнер өкілдері байқауға қатысушылардың салған әндерін салқынқандылықпен сараптап, әділ бағасын берді. Нақтырақ айтсақ, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Алтын домбыра» Президент сыйлығының иегері, бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші-композитор, Теректі ауданының құрметті азаматы Марат Сарбөпеев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдаберген Жақсыбаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Теректі аудандық мәслихатының төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі әнші-сазгер, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының әншісі Күләш Қуанышқалиева қазылар құрамында болды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының әншісі Ақмарал Ахметова, Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәулет Жұбатов, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары, ақын Абдул Рахметов  байқауда қазылық етті.

Алдымен облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медет Мерғалиев қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, іс-шара шымылдығын түрді.

– Ақ Жайық атырабының інжу-маржаны аталып кеткен Шалқар көлінің жағасында өтіп жатқан республикалық байқауға қош келдіңіздер! Осындай ауқымды іс-шараның өтуіне септесіп, оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына негіз болған Теректі ауданының әкімдігіне алғыс білдіремін. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар Сарыөмір ауылында, Шалқар көлінің жағасында басқосуда. Оған қоса, байқау қатысушыларына әділ бағасын беру үшін сахна саңлақтары да алыстан ат терлете келді. Мен бүгінгі «Шалқар толқыны» байқауындағы қазылар құрамынан Нұрғалиев Әлжан ағамызды көргеніме қуаныштымын. Өнер иесі Ақ Жайық өңірінде өтетін айтулы іс-шаралардың әркез басы-қасынан табылады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдаберген Жақсыбаев шырқаған әндер де жұртшылықтың жадында. Теректі топырағынан түлеп, ән өнерін қарыштатып жүрген Марат Сарбөпеевті де туған ауданы құшақ жая қарсы алды.  Одан бөлек сахнада шыңдалып, шығармашылық шыңға шыққан кәсіби мамандардың қазылар құрамында болғаны қуантады.

DSC08446

«Шалқар толқыны» ән байқауы алғаш 2017 жылы облыстық деңгейде ұйымдастырылып, кейін өзге аймақтағы әншілер де қатысуға ниет білдірді. Сөйтіп 2018 жылы бұл байқау республикалық деңгейге көтерілді. Дегенмен әлемді әбігерге салған пандемия, басқа да себептерге байланысты ән бәйгесі кей жылдары өтпеді. Теректі ауданының әкімдігі қазіргі қаржы тапшылығына қарамастан облысымызға қоса, еліміздің жеті өңіріндегі өнерпаздарды шақырып, оларды сән-салтанатымен қарсы алды. Іс-шараның басты мақсаты – Шалқар көлін, оның әсем табиғатын насихаттау, Батыс Қазақстан облысындағы туризм әлеуетін дамыту. Әнсүйер тыңдарманға, Жайық жұртшылығына шат-шадыман көңіл күй сыйлап, жас өнерпаздарды қолдау, – деді М. Мерғалиев.

Байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер қазақ композиторларының патриоттық әндерін шырқады. Содан кейін екінші кезеңде қатысушылар өздерінің музыкалық әлеуетін, қарым-қабілетін паш ететін асқақ әуендерді әуелетті. Біз орайлы сәтті пайдаланып, алыс-жақыннан ат ізін салған тума таланттарды әңгімеге тарттық. Азамат Аманкелдіұлы Маңғыстаудың намысын қорғай келгенімен, кіндік қаны өзіміздің Оралда тамған екен. Алты жасында қолына микрофон алған ол Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжін тәмамдаған. Одан кейін білімін жетілдіру мақсатында Алматы, Астана қалаларындағы оқу орындарын аяқтап, қызмет бабымен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына жол тартты.

– Мен осыған дейін де республикалық ән байқауларына қатысып, жүлделі болдым. «Шалқар толқыны» қатысушылардың есінде ерекше қалатын байқау боларына сенімдімін. Өйткені Шалқар жағалауындағы осы ән жарысы – құр байқау емес, тұмса табиғатқа деген құрмет. Бұл көлге кішкентай кезімнен шомылып, жағасында өсіп-жетілдім. Табиғаты әсем, халқы да қонақжай, ыстық мекен, – деді өнерпаз.

DSC08733

«Шалқар толқыны» байқауында Атырау облысы атынан бақ сынаған   Бекет Аманқос алдағы уақытта өнер сайысының көкжиегі кеңейіп, халықаралық дәрежеге жетсе деген ниет-тілегін  айтты.

– Расы керек, Сарыөмірді шағын ғана ауыл деп ойладым. Ал Шалқар көлі туралы мың-сан рет естісем де, оның жағасына табаным бүгін тиіп тұр. Ұйымдастырушылар арқасында көл жағасында демалдық. Маған Шалқар көлі ұнады. Алда бұл байқауды халықаралық деңгейге жеткізсе, өзге мемлекеттерден де демалушылар мен саяхатшылар келер еді, – деді Б. Аманқос.

Жамбыл облысының Шу ауданынан келген Дәурен Қален табиғат аясында өткен  ауқымды байқауға алғаш қатысып отыр. Ол Ақ Жайық өңірін, соның ішінде Шалқардың тарихын аға буыннан сұрап біліпті. «Егер осындай сипаттағы мәдени-сазды байқаулар еліміздің әр өлке-өңірінде өтсе, табиғаты келіскен көрікті жерлердің тарихын әр қазақ біліп жүруші еді», – дейді Дәурен.

DSC08407

Тілек Магулов 15 жылдан бері республикалық, халықаралық байқауларға қатысып келеді. Керекулік әнші «Шалқар толқыны» байқауына осымен екінші рет бағын сынауда.

– 2022 жылы тура осы жерде «Шалқар толқыны» республикалық ән байқауы өткен еді. Араға бірнеше жыл салып, бұл үрдіс қайта жанданып жатқанына бек қуаныштымын. Бір байқағаным, Шалқар көліндегі демалушылардың саны көбеймесе, азаймайды екен. Бұл ән бәйгесі өзімізге ерекше шабыт сыйлады. Әрі мұндағы көрермендерге де естен кетпес шырайлы кеш болды деп ойлаймын. Алдағы жылдарда «Шалқар толқыны» ән байқауына шақырту алсам, тағы да келер едім. Себебі бұл жердің табиғаты, тұрғындардың бір-біріне әрі мейманға деген сыйластығы өзіне тартып тұрады, – деді орта жүзден келген Тілек бауырымыз.

DSC08721

«Шалқар толқыны» ІІІ республикалық ән байқауының қорытынды гала-концерті өзгеше сипатта ұйымдастырылды. Көл жағалауында сахна құрылып, әншілер көпшілікке әуезді әуендерін ұсынды. Мерекелік кеште сөз сөйлеген аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жиналған жұртшылыққа ақжарма тілегін білдіріп, бұл іс-шараның мән-маңызын айтты.

– «Шалқар толқыны» ән байқауы – өнерді ұлықтап, дарынды өнерпаздарға серпін беретін мәдени алаң. Осындай әсем кештің Шалқар жағасында өтуі – өнер мен мәдениетке деген құрмет. Шалқар  – Қазақстандағы ірі көлдердің бірі. Осы орайда, Шалқардың саяхатшылар үшін таптырмас демалыс орны екенін насихаттау қажет екенін баса айтқым келеді. Ішкі туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың да басым бағыты. Қазіргі кезде кей жастар халық шығармашылығының бай мәдени мұрасын біле бермеуі мүмкін. Бұл байқау кейінгі буынның санасына рухани тәрбиені де дарытары анық. Жаңа дарындарды анықтап, өнер өрісін  халыққа насихаттап, шығармашылығын қолдау керек, – деді Әлия Биғазықызы.

DSC08514

Табиғаты әдемі көлдің жағасында ән әуелеткен жас дарындардың өнерін әділ бағалаған қазылар алқасының кейбір мүшелері де ән шырқап, өздерінің шеберліктерін паш етті.  Байқау қорытындысында әншілер алғысхаттар мен дипломат дәрежесін иеленіп, қаржылай сыйақыларды еншіледі. ІІІ орынға Бөрлі ауданынан келген Аружан Баймырзина (100 000 теңге), жүлделі II орынды Теректі ауданының өнерпазы Айдын Серікқали (200 000 теңге) иеленді. Ал I орын мен 300 000 теңгелік ақшалай сыйлық Орал қаласының өнерпазы Аружан Бисембайға бұйырды. Бас жүлдені Ақтөбе қаласынан келген әнші Мерей Самұрат жеңіп алып, 500 000 теңгелік ақшалай сертификатты иеленді. Бас жүлде иегері конкурстан алған әсері туралы әңгімеледі.

DSC08709

– Мен осы күнге дейін Орал қаласында болғанмын. Бірақ Шалқар көліне барудың реті келмеді. Музыкаға бала күнімнен қызығамын. Өзім 2018 жылдан бастап ән өнерімен кәсіби тұрғыда шұғылданып келемін. Мектепті бітірген соң Ақтөбедегі А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Содан соң Оралдағы М. Өтемісов атындағы БҚУ-да білімімді жетілдірдім. Бүгінде Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әртісімін. Осы байқауға шығармашылық тұрғыда дайындап, жетекшілік еткен тәлімгерім Бейбіт Оралұлына алғыс айтамын. Біздің бар жағдайымызды жасап, ерекше көңіл күймен қайтуымызға себепші болған ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін!

dd7e0edf-daa9-4341-b847-23d6e19fa5c9

Шалқар көлі жағалауының табиғаты ерекше екен. Күн ыстық болса да, жағалаудан жаныңды әлдилейтін жібек самал есіп тұрады. Ал көлге шомылғандағы алған әсеріміз мүлде бөлек. Жаз айларында Ақтөбе облысына іргелес жатқан Шалқарға арнайылап келіп, демалуды дағдыға айналдырғым келеді, – деді бас жүлде иегері ағынан жарылып.

Өнер мерекесінің шымылдығы «Шалқар толқыны» әнімен түйінделіп, кеш мерекелік от-шашумен мәресіне жетті.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале