21.06.2022, 16:05
Оқылды: 125

Шаңырақтар шайқалмаса екен

Жасы үлкен аға-апаларымыздан «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақылды жиі естиміз. Тек бұл сөздің астарын күйбең тірлікте тіл табыса алмай, шаңырағы шайқалған ерлі-зайыптыларды көргенде ғана түсінгендей боламыз.

талшынай

Бүгінде Орал қаласындағы Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы осындай тағдырдың тәлкегін көрген әртүрлі жастағы әйелдерге, ер-азаматтарға қызмет көрсетеді. Орталықтың жанында «Отбасы» орталығы да жұмыс істейді. Мұнда құқықтық, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру бағытында кеңес беріліп, бизнеске баулу бойынша тегін көмек көрсетіледі. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына келгендер 6 ай тегін тұрады. Мұнда мерекелік іс-шаралар да ұйымдастырылады. Орталықтағылардың уақытын тиімді өткізулері үшін барлық жағдай жасалған.  Былтыр сегіз әйел бизнес әліппесімен танысып, өздерінің ісін ашқан. Қажет болған жағдайда жомарт жандардың көмегімен балаларға тегін киім-кешек те әперіледі.

– Дағдарыс орталығына көмек сұрап келген қыз-келіншектер мен ер- азаматтарды 24 сағат бойы қабылдай береміз. Алайда мемлекеттік стандартқа сәйкес, ішімдік ішіп алғандарды, психологиялық жағдайына байланысты есепте тұрғандар мен туберкулезбен ауыратындарды орналастыра алмаймыз. Күні бүгінге дейін мұнда соңғы екі  категорияға жататын адамдар келген жоқ. Шындығында, біз ішімдік ішкен адамды бірден кеудесінен итермейміз. Бір жолы орталыққа арақ ішіп алған  әйел келді. Біз оны қонақүйге уақытша орналастырдық. Учаскелік полиция инспекторы да бұл жағдайды бақылауына алды. Әйел мастығынан айыққаннан кейін ғана орталыққа әкеліп орналастырдық. Себебі мұндай адамдар орталықтағылардың, әсіресе балалардың тыныштығын бұзбауы керек,  – дейді орталық директоры Талшынай Жүніс.

Талшынай Орынбекқызының айтуынша, дағдарыс орталығына көбінесе 20-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер, әйелдер көмек сұрап келеді екен. Олардың арасында тұрмысы жақсы болғанмен, отбасындағы жанжалдан шаршағандар, баспанасыз, тауқымет тартып жүргендер де бар. Орталықтан жан жылуын тапқан әйелдер бір-бірімен әңгімелесіп, өзара пікір алмасады. Замандастарының түрлі тағдырын көріп-білгеннен кейін  ой түйеді, сабақ та алады.

Орталық директорының мәліметінше, өткен  5 айда  153 адам орталықтың қызметіне жүгінген екен. Бұл  былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда  3,3%-ға артық. Олардың  ішінде 57-сі (19 әйел мен 38 бала) орталықты паналапты. Ал өткен жылы осы уақыт аралығында мұнда  45 адам тұрған. Жанына тыныштық іздеген жандардың 19-ы қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің жолдамасымен келген.  Сондай-ақ 96 адамға психологиялық, құқықтық, әлеуметтік кеңестер беріліпті. Мәселен, құқықтық көмекке жүгінген 42 адам алимент өндіру, ажырасу, отбасылық кикілжің, мүлік бөлісу және өзге де сұрақтар бойынша көмек сұраған. Ал 50 тұрғын телефон арқылы ақыл-кеңес алған.

 – Біз мұнда көмек сұрап келген ерлі-зайыптылардың әрқайсысын мұқият тыңдаймыз. Себебі екі тараптың да ойы, өзінше шындығы бар. Оларға ақыл-кеңесімізді айтып, бағыт-бағдар береміз. Осы орайда оларға психолог пен заңгердің берген кәсіби кеңестері де оң ықпал етеді. Біз әйел адамның да, ер-азаматтың да отбасына оралуына тілекшіміз. Шаңырақтар шайқалмаса екен дейміз. Әр бала ата-анасының қасында, толық жанұяда өскенін қалаймыз. Алайда кейде анасымен еріп келген балалардың әкелерін көргісі келмейтініне де куә болып жүрміз. Әрине, бұл көңілге кірбің түсіреді. Керісінше, өздерін іздеп келген әкелерінен айырылмай, үйлеріне кеткенше асығатын да балақайлар бар.  Сондықтан үлкендердің өзара түсінбестігінен балалар жапа шекпесе екен, – дейді орталық директоры.

Отбасында қиындық көріп, жанына демеу іздеген жандардың өздеріне қолұшын созатын орталықтың бар екенін білгені де абзал. Бұл туралы қала тұрғындарының да құлағдар болуы қажет. Маусымның 14-21-і аралығында өткен «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты акция барысында орталықтың жұмысы таныстырылды. Акция аясында дағдарыс орталығының қызметкерлері қала көшелерінде жадынамалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оған ПБ ЖПҚб әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Г.Шарипова, Орал қалалық мәслихат депутаты А.Ғұбашева қатысты. Кең ауқымда өткен акция тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге мемлекет тарапынан кең қолдау-көмек бар екенін көрсетті.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале