ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Тама-Тастанбек» топтық су құбырын пайдалануға беру рәсіміне қатысты.

Фото: KZgovernment
Екі жыл ішінде жүзеге асырылған жобаның ашылуына сондай-ақ су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Маңызды инфрақұрылымдық нысан Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, шаһарды Шардара су қоймасына тәуелділіктен толық арылтады.
Жоба аясында ұзындығы 39,3 шақырымды құрайтын екі магистральдық су құбыры тартылып, таза суға арналған төрт резервуар, су тазарту қондырғысы, екі сорғы стансасы салынды.
Сонымен қатар тереңдігі 110 метр болатын 14 ұңғыма бұрғыланып, 133 құдық камерасы орнатылды.