12.04.2019, 18:03
Оқылды: 46

Шаруаға бейқамдық жараспайды

Жұрттың көбі егін егуді тұқым сатып алып, оны жыртылған алқапқа шашып тастап, жазғы жауын-шашынның көмегімен күзде жайқалған егістіктен мол өнімді жинап алу деп ұғады. Ал іс жүзінде табиғаты күрт құбылмалы біздің өңріде шаруашылықтар көктемгі егіс алдында күзде мол өнім алу үшін егілетін тұқымның сапасы мен өсімдік зиянкестеріне, ауруларына қарсы іс-шараларды агротехникалық талаптарға сай атқаруы керек. Өйткені дақылдарда өздеріне бейім зиянкестер мен түрлі аурулар болады. Соның алдын алу мақсатында егін алқаптарына егілетін тұқымды дәрілеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Міне, Бәйтерек ауданы Асан ауылындағы «Мар-Эль» шаруа қожалығының өндірістік базасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, «Байер КАЗ» ЖШС-ның және осы қожалықтың ұйытқы болуымен өткен семинар-тренингте тұқымды өңдеу, дәрілеу тақырыбы қозғалды. 

IMG_9706

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының астық және тұқым инспекциясының бөлім басшысы Кеңес Қайдашевтің айтуынша, өңірдегі егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар тұқыммен толықтай қамтылған. Сондай-ақ егіске дайын тұқымның барлығы жарамды, тиісті зертханалардан сапалық сараптамадан өткен. Биылдан бастап тұқым шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа тетіктері қолданысқа енгізілді. Облыс бойынша 451 млн. теңге субсидиялауға бөлінген. Өңірде аттестаттаудан өткен бес тұқым шаруашылығы бар. Тұқым субсидиясы сол тұқым шаруашылықтарының шаруаларға өндірген және өткізген бірінші репродукциялы элита тұқымдардың шығынын толықтай өтеуге, ал шаруаларға гибрид тұқымдар сатып алған шығынының 50 пайызын өтеуге бөлінеді.

– Бұрынғы субсидиялау ережесінде аудандастарылған тұқым сұрыптары үшін жұмсалған шығынның 70 пайызы, өзге облыстардан, Ресейден әкелінген тұқым үшін жұмсалған шығынның 30 пайызы өтелетін. Өңірдегі тұқымның 20-30 пайызы табиғат жағдайы ұқсас Ресейден тасымалданады. Мысалға, облыс әкімдігінің бекітуімен бидай бойынша бір гектарға жұмсалатын 11 келі 790 грамм тұқымды субсидиялауға 83 мың 557 мың теңге беріледі. 2017 жылы 43, 2018 жылы 53 шаруашылық тұқым субсидиясын алып, пайдаға асырған, - дейді Кеңес Қайдашев.

Мамандар ұсынған мәліметтерге сүйенсек, егін өсіретін шаруашылықтардың тек 20-25 пайызы ғана тұқым дәрілеу жұмыстарын өткізеді. Сондықтан тұқымды субсидиялау бағдарламасы шаруашылықтардың тұқымды жаңартуға, сұрыпты ауыстыруға бетбұруын көздейді. Жоғары сұрыпты тұқымды пайдалану шаруашылықтардың өнімінің берекелі болуына бастайды.

Шаруалар биыл топырақта ылғалдың молдығын жақсылыққа балап, мол өнім алудан үміттеніп отыр. Алайда мамандар күн райы қолайлы болған күннің өзінде агротехникалық шаралар сақталмаса, егіннен қайтарым болмайтынын айтады. Дәріленген тұқым ертеңгі егінге өсімдік ауруларынан келетін залалды 15-20 пайызға азайтады және тұқымның бастапқы өсу кезеңіне қорғаныш болады. Сарапшы мамандар дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың тұқымдарын дәрілеудің  дұрыстығын айтады.

-Біз сараптама жүргіздік, тұқымның 50 пайызының сапасы нашар. Сондықтан тұқымды дәрілеу ғана жоғары нәтиже береді. «Редиго Про» дәрілік препараты құрғақшылық аймағындағы егістікке тиімді, экологиялық жағынан таза. Дәнді дақылдар тұқымын улауға осы препаратты ұсынамыз. Қазір ылғал жабу жұмыстары жүруде. Өткен жылы құрғақшылық болды. Биыл егістік алқаптарын арам шөп қаптайтыны сөзсіз. Сондықтан гербицидтерді алып қойғанның артықшылығы жоқ. Бірер аптадан кейін топырақ 8-10 сантиметрге дейін жылынған соң егіс басталатын шығар. Шаруалар жаздық бидайды, арпаны, күнбағысты, мақсарыны бірінші егуге кіріседі. «Мар-Эль» шаруашылығы көктемгі егіске техникасын толықтай сайлаған. Тұқымы да сапалы. Бұл шаруашылықта биыл өнім мол алынатынына сенім бар, - деді «Байер КАЗ» ЖШС-ның өкілі Алдаберген Нұғманов.

Сарапшы мамандар биыл өңір бойынша агротехникалық шаралар сақталатын болса, жаздық бидайдың әр гектарынан шамамен 10 центнерден өнім алуға болады деп болжайды. Өйткені жердің бір метр тереңдігіндегі ылғал 150 мм шамасында. Сондықтан шаруа адамы «Көктемнің бір күні жылға азық» екенін ескеріп, барлық жұмысты уақтылы атқарғаны жөн.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

IMG_9741

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале