27.10.2023, 10:15
Оқылды: 49

Шаруалар құрылтайы

Жуырда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қазақ шаруаларының кіші құрылтайы өтті.

 IMG_3350

Жиынға «Respublica» партиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров, «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбай, ҚР Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Алмас Алпамышов, «Аграрлық-несие корпорациясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев, аудандық және облыстық мәслихаттардың депутаттары, салаға қатысты мекеме басшылары мен өңірдегі шаруалар қатысты. Қатысушыларды таныстырған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин алыстан ат арытып келген қонақтарға алғысын білдірді.

–  Мәжілісте қоятын сұрақтарымыздың 99 пайызы шаруалардың мүддесін қорғауға қатысты. Осы құрылтайда өңірдегі өзекті мәселелерді ашық айтып, талдаймыз деген ойдамын. Мақсатымыз – сіздерді мазалаған түйткілдерді құзырлы министрліктерге жеткізу, шешімін табуға атсалысу. Қазір Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа өзіміздің ұсыныстарымызды айттық. Біз сіздерді қолдауға, мүдделеріңізді қорғауға келіп отырмыз, – деді депутат Айдарбек Қожаназаров. «Қазір көрші елдегі соғыс, Ресейден келіп жатқан арзан тауарлар, су мен мал азығының тапшылығы секілді басқа да мәселелер шаруаларға қиындық тудыруда», – деген «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбай саладағы сауалдардың жауабын бірлесіп табуға, түйткілдерді жұдырықтай жұмылып шешуге шақырды. Оның айтуынша, кейбір облыстардағы фермерлер алдағы жылы егістік көлемін елу пайызға дейін қысқартып, малдың да тең жартысын қалдырмақ. «Ал осы мәселе жоғары жаққа жетіп жатыр ма, жоқ па?!» деген қауымдастық төрағасы БҚО шаруаларынан мәселелерді шешу жолдарын да сұрады.

«Аудандағы екі млн гектарға жуық жердің 945 мың гектары әскери полигонға берілген. Тек 600 000 гектардай жайылым бар. Шабындық, егістік санатындағы жерлер жоқ. Киіктер осы жайылымды тапап тастады. Аудан бойынша 80 000 ірі қара, олардан басқа жылқы, түйе мен қой бар. Әрқайсысына 13 гектар жер керек деп есептегенде, бір млн гектардан астам жер қажет. Жер азды, топырақ тозды. Киіктер шөпті жеп қана қоймайды, жерді қазып тастайды. Экологиялық жағдай нашарлап кетті», – деген Бөкей ордасы ауданындағы «Боранбаев» ШҚ-ның жетекшісі Мырзабай Боранбаев құзырлы мекемелердің мәселенің шешімін таппай, сөзбұйдаға салатындарына қынжылды. Шаруа сондай-ақ дизель отынын алу үшін 3-санатты бидайдың тоннасын 77 мың теңгеден, малға беретін кебектің (отрубь) тоннасын 55 мың теңгеден сатып алғанын жеткізді. Шаруа аграрлық-несие корпорациясының шаруаларға пролонгация (несиенің мерзімін ұзарту) бермейтінін де айтып өтті. «Нарын» ШҚ-ның жетекшісі Нағым Тәжімұратовтың айтуынша, биылғы тамыздың 16-сында қожалыққа қарасты жерге ракета құлап, өрт шыққан. Даладағы өртті сол жақта шөп шауып жүрген ұлы мен жігіттер сөндірген. «Негізінде, ракетаны полигондағы нысанаға атулары керек және оның айналасы өртенбеуі үшін күні бұрын жыртылуы, ракета түскен жер көмілуі қажет. Алайда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмайды. Жалпы аудан аумағы – 1 млн 921 мың 445 гектар. Оның 900 мың гектардан астамы Ресей Федерациясына әскери сынақ полигонына жалға берілген. Бұл келісімшарт 2030 жылы аяқталады. Ракета мен снаряд түскен жерлер апан-шұңқыр болып, кейде астынан су шығады. Ал бұл суды мал ішеді. Тұрғындар болса, ол малдың сүті мен етін тұтынады. Сондықтан полигондағы қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалау керек», – деді Нағым Хитанұлы. Шаруашылық жетекшісі сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевке аталмыш мәселені жеткізгенін айтты. Құзырлы министрлік өкілі тапсырма берген соң, облыстағы тиісті мекеме мамандары ракета түскен жердің топырағы мен суынан сынақ алған. Нәтижесінде ауаға радиацияның таралғаны анықталған.

«Аграрлық-несие корпорациясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев шаруалардың қарызын өтеу үшін жүйелі жұмыс атқарылуы керек деген ойын айтты. Ол үшін ірі бордақылау алаңдарына қабылданатын, экспортқа шығарылатын малдың санын көбейту керек. Шетелге 4 000-5 000 бас экспортталу қажет. Сондай-ақ мал қымбат бағаға сатылу керек. Осы мәселе шешілмей, пролонгациядан пайда жоқ. «Шаруалар пролонгацияны қарызды жабатын әдіс деп ойламауы керек. Себебі олар қазір жаппаған несиені келесі жылы бәрібір өтейді. Егер басқа амал болмаған жағдайда ғана бұл әдісті қолдануға болады», - деді ол. «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбайдың айтуынша, шаруалар пролонгацияға мұқтаж. Мемлекет қарыз төлеу мерзімін жылжытуға көмектеспесе, фермерлерге қиын болатынын айтты.

«Кублей» ЖШС-ның өкілі Бақытбек Айтбаевтың айтуынша, кәсіпорын малдың тірі салмағын 1700 теңгеден  қабылдауда. Ол етті Ресей мен Қытайға экспортқа шығаруға жол ашылуы керек деді.  Биыл еттің нарықтағы бағасы түсіп кеткен. Еттің бағасы қанша теңгеге өссе де, ет комбинаты жұмыс істей бермек. Құрылтайда шаруаларға арнайы агробанк керек екені айтылды. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, осы мәселе бойынша «Respublica» партиясы мен «Ауыл» партиясы бірлесіп, ҚР Ұлттық банкіне хат жазған. Алайда әзірше бұл мәселе шешілмеген. Ал көрші Ресейде «Россельхозбанк» бұл саланың дамуына зор үлес қосуда. Құрылтайда ауыл  шаруашылығы техникаларының бағаларын арзандату, утильдік төлемді алып тастау мәселесі айтылды. Шаруашылықтарда механизаторлар жетіспейді. Оған жаңа техниканың жоқтығы да себеп болуда. Өйткені жүргізушілер жаңа трактор айдағысы келеді.

Ақжайық ауданының «Арғымақ» ШҚ-ның жетекшісі Берік Қошан жылдар бойы жыр болып келген  «Азынабай – Тайпақ» каналын қайта құру мәселесін көтерді. «Жыл сайын миллиардтап ақша бөлінетінін, бірақ қаражаттың игерілмей қалатынын  естиміз. Суды жүргізе алмау деген масқара ғой?! Атыраудың Индеріне дейінгі 200 шақырым аралықтағы елді мекендердің тұрғындары көшіп кетуде», – деп жанайқайын жеткізді шаруа. Бұл мәселеге облыстық мәслихаттың депутаты Нұртай Жұмашев жауап берді. Оның айтуынша, бұл жұмысты павлодарлық мердігер компания атқаруы тиіс. Сол үшін облыстық және республикалық бюджеттен қаражат берілген. Алайда 15 қарашада бітуі тиіс жұмыстың аяқталмайтын қаупі бар. Мердігерге жұмысын ширату жөнінде ескерту берілген. Болмаса, келісімшарт бұзылады. Сондай-ақ мәслихат депутатының сөзінше, БҚО-дағы күзгі науқанға бекітіп берілетін дизель отынының мөлшері аз. Мысалы, шабындық шөпті шабуға гектарына 25 литр, егістікке 18 литр беріледі. Депутат бұл керісінше, яғни шабындыққа 18 литр, ал егістікті жинауға 25 литр болуы қажет деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге киіктен қорғау үшін егістік жерлерді, шабындықтарды  қоршауға субсидия бөлу мәселесін көтерді.  «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбай: «Үкімет қоршаудың барлығын субсидиялауға міндетті емес. Қоршаудың торын, не бағанын ғана  субсидиялайды. Сіздің бұл ұсынысыңызды назарға аламыз», – деп жауап берді. «Respublica» партиясының өкілі Еркебұлан Ахметов болса, құзырлы министрлікке шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қағидаларын реттеуге қатысты ұсыныстар берілгенін айтты.

– Ауыл шаруашылығы саласында мәселелер бар екені рас. Жуырда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бұл үлкен жағымды жаңалық болды. Себебі елімізде сумен байланысты мәселе көп. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы да суға тәуелді. Сондықтан жаңа министрлікке үлкен үміт артып отырмыз. Облыста су нысандарын қалпына келтіру бойынша жол картасы әзірленуде, – деген облыс әкімінің  орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов аталмыш құжатты тиісті министрлікке барып қорғайтындарын айтты.

Құрылтайда сөз алған қала тұрғыны Айболат Бөкенов Ақжайық ауданындағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мәселесін қозғады. Оның айтуынша, Алғабас ауылының тұрғындары ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, әкімшіліктен жер алған. Алайда облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы бұл жерді заңсыз берілген деп, сотқа беріп отыр. Аталмыш басқарманың басшысы  Берік Есенғалиевтің айтуынша, өндірістік кооператив коммерциялық болып саналады. Сондықтан мұндай заңды тұлғаға жер аукцион арқылы берілуі керек. Бұл жердегі бар мәселе – өндірістік кооператив болып құрылуында. Басқарма басшысы егер кооператив тұтынушылар кооперативі болса, ешқандай дау болмас еді дейді. «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбай осы мәселені жерді тартып алмай-ақ, кооперативтің меншік түрін өзгертіп, мәмілеге келу арқылы шешуді ұсынды. Сондай-ақ кооперативтер құру туралы ережеге өзгерістер енгізу қажет екені де айтылды. ҚР Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Алмас Алпамышов бұл мәселені назарда ұстайтынын айтты. Құрылтайда сонымен қатар «Киіктердің өлімтігін не істейміз?», «Пайдаланылмай жатқан жерлердің мақсатын өзгертуге болмай ма?» деген сауалдар қойылып, малшының мәртебесін көтеру, механизаторлар даярлау қажеттігі жөнінде айтылды. Шыңғырлаудан келген «Болат» ШҚ-ның  жетекшісі Жаңыл Итулина кәсібін жүргізу барысында әкімшілік кедергілерге тап болып жатқанын айтып, шағымын жеткізді.

 

Ясипа  Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале