25.01.2021, 14:28
Оқылды: 98

Шаруалармен мүдделес

БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының жиынында кәсіподақ құрылымын  нығайту, шаруа қожалықтарын  дамыту мәселелері талқыланды.  Басқосуға облыстық ауыл  шаруашылығы басқарма  басшысының орынбасары Сатқан  Өмірзақов, Орал қалалық  мәслихатының депутаты, «Ауыл»  партиясының өкілі Арман Биғалиев, шаруа қожалықтарының, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдері қатысты.

067C5916-CA87-428E-A5FD-C637CEE76A0A

«БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Медет» қоғамдық қорының директоры Амангелді Дәулетжанов жиынды ашып, қазіргі таңдағы кәсіподақ қызметкерлері алдындағы кәсіподақ құрылымдарын дамыту міндеттеріне тоқталды. Агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы қатарына мемлекеттік құрылымдармен қатар шаруа қожалықтарын, шағын және орта бизнес нысандарын, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тарту, біріктіру жұмыстарын күшейту қажет. «Біздің кәсіподақтың  басты міндеті – шаруа қожалықтарының мүддесін білдіру, олардың құқықтарын қорғау. Қазіргі уақытта шаруашылықтардың жұмысына кедергі келтіретін түйінді мәселелер жеткілікті. Олардың жанайқайын ешкім естімейді деп отырғанымыз жоқ, бірақ шаруалардың мүдделерін білдіретін,  құқықтарын қорғайтын құрылым қажеттігі сөзсіз. Ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіподақтың барлық бастамасын қолдап келеді. Бүгінгі жиынымызға кәсіподақ ұйымына мүше болған шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысып отыр. Қазіргі уақытта олардың қатары оннан асты, бұл үрдістің күш алатынына сенімдіміз», – деді Амангелді Дәулетжанов.

Аталмыш қоғамдық бірлестік өкілдері өткен жылғы қазан-қараша айларында аудандардағы шаруа қожалықтары өкілдерімен оннан астам кездесу өткізді. Басқосуларда кәсіподақ ұйымы өңір шаруаларын алаңдататын маңызды мәселелерді талқылады. Соның бірі – оңтүстік аудандардағы су тапшылығы мәселесі. Кәсіподақ ұйымы су тапшылығына қатысты мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын дайындады. Ақпан айының басында қоғамдық ұйым мемлекеттік құрылымдардың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізбек.

Онда облыс басшылығына шаруашылықтарды сумен қамту бағдарламасының жобасы таныстырылады.

Шаруа қожалықтарына жер учаскелерін беру мәселесі де өзекті. Көбінесе бұл мәселеде басымдық ірі шаруашылықтарға беріледі де, ұсақ шаруашылықтар назардан тыс қалады. Аталмыш кәсіподақ ұйымы мен «Медет» қоры жер беру мәселелеріне қоғамдық бақылау жүргізуге  пейілді.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале