17.07.2026, 23:00
Оқылды: 119

Шахматшы Динара Сәдуақасова өз стипендиясын тағайындады

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Қазақстанның жетекші шахматшысы Динара Сәдуақасова Халықаралық шахмат күніне орай дарынды балаларды қолдауға бағытталған қайырымдылық стипендиялық бағдарламасын іске қосты.

930b52643ea554d293790d99e4bb7c4b

Фото: kazsports.kz

Атаулы стипендияның алғашқы иегері болып Атырау облысының 9 жастағы жас шахматшысы Ермұхан Саламат анықталды. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшыға 1 200 000 теңге көлемінде нысаналы грант тағайындалды. Осы қолдаудың арқасында ол бір жыл бойы ай сайын 100 000 теңге шәкіртақы алып, жаттығу процесіне, жарыстарға қатысуға және спорттық шеберлігін шыңдауға толық мүмкіндік алады.

Динара Сәдуақасованың айтуынша, Ермұхан жоғары аналитикалық қабілетімен және үлкен спорттық әлеуетімен ерекшеленеді.

«Болашақ чемпиондар тек Астана мен Алматыда ғана тәрбиеленбейді, еліміздің барлық өңірінде дарынды балалар көп. Өкінішке қарай, олардың қабілетін ашуға көбіне бастапқы мүмкіндіктің жетіспеуі кедергі болады. Сапалы жаттықтырушылармен жұмыс істеу, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысу айтарлықтай қаржыны талап етеді. Бұл стипендия таланты бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жас спортшыларға нақты қолдау көрсетуді мақсат етеді», – деді гроссмейстер.

Ол бұл бастаманың бір ғана шәкіртақымен шектелмейтінін және алдағы уақытта Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі дарынды жас шахматшыларға табысталатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, Динара Сәдуақасова — жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, әйелдер арасындағы рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық әйелдер гроссмейстері және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале