6.02.2024, 12:15
Оқылды: 76

Шекарада тауар тұр...

Отандық, соның ішінде батысқазақстандық тауар өндірушілер Еуропа аумағына өнімдерін жеткізуде кедергілерге тап болып отыр.

Кедергілерге тап болғандардың кедендік рәсімдеуден өткен, тиісті құжаттары бар. Еліміздің заңдылығына сәйкес кеден құрылымдарында, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында экспортталатын тауарларына Қазақстанда өндірілгені туралы сертификаттар берілген.  Сол тауарлар Прибалтика елдері аумағында кедендік рәсімдеуден өте алмай, шекарада тұр... «Неге ресімделмейді, себебі неде?» деген кәсіпкерлердің сансыз сұрағына Еуропа кеденшілері тарапынан жауап болмай тұр», – дейді «Т-Stroi» компаниясының  директоры  Илья  Резанов.

IMG_3153

Міне, осы жағдайды ескерген облыстық кәсіпкерлер палатасы өнеркәсіп және индустрияландыру бойынша салалық кеңес отырысын өткізді. Басқосу аталмыш кеңес  төрағасы, өңірлік кеңестің мүшесі Фарид Бахтиозиннің  төрағалығымен өтті. Сауда және интеграция министрлігі экспортты жылжыту басқармасы, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, «Атамекен» ҰКП департаменттері, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдықинновациялық даму басқармасы, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, кедендік брокер компаниялардың және кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері онлайн және офлайн режімінде  қатысты.

Орталық кеден құрылымдарына Литва елінің кеденшілерінен оралдық «Т-Stroi»  компаниясына қатысты хат түскен. Онда аталмыш компанияның құжаттарын жібере отырып, оның тауарларының кедендік рәсімдеуден өткенін, өнімдерінің БҚО-да өндірілгенін тағы растауды сұрайды. Жиынға онлайн қатысып отырған мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Светлана Әбдекерова сырттан келген бұл хатқа компания өнімдерінің облыста өндірілгенін  растап, жауап берілетінін айтты. Содан кейін сыртқы экономикалық қызметке қатысушы компанияның тауары тапсырыс берушіге  жетеді  деп  сендірді.

Ақ Жайық өңіріне бөлменің сапалы есіктері  бұрын Украинадан тасымалданатын. Қала берді көршілес Ресей облыстарынан әкелінетін. Қазіргі кезде сапалы  есіктер өндірісі өңірде жолға қойылды. «Euraziantrend» ЖШС – өңірдегі есік өндіруші. Компанияның өнімдеріне Еуропа елдерінен сұраныс күшті. Сондықтан Еуропа аумағында Оралдағы кәсіпорында өндірілген өнімдер рәсімделмей, шекарада тұрып қалған. Сондай-ақ тағы бір компанияның  тауарлары екі айдан бері шекара асып, діттеген жеріне жете алмай, басқа елдің «босағасынан» сығалап тұрғандай күй кешуде. Одан басқа «EXHOL», «UralTimberSolution» ЖШС-лары алыс шетелдердегі  кедендік кедергілерге байланысты қиналып, жұмыстарын тоқтатып  қойды.

– Белоруссиядан БҚО-ға көшіп келіп, терезе өндіре бастағанымызға екі жылдай уақыт болды. Қазақстанның өндірісшілерінің тізіліміне ендік. Еуропа  елдерімен әріптестік байланыс орнаттық. Норвегияға, Данияға, Исландияға тауарымызды тасымалдаймыз. Бұл күндері кәсіпорында жергілікті  60 тұрғынға тұрақты жұмыс беріп отырмыз. Қомақты салық төлемін төлеудеміз. Өндірісте 52 пайыз қазақстандық мазмұнға қол жеткізілді. Өнімдерімізге қазақстандық сертификаттар алынды. Ағаш терезе өндірудеміз, шикізатты Ресейден, Белоруссиядан алдыртамыз. Шикізатты Оралдағы өндіріс орнында өңдеп, терезеге «Стекло-сервис» компаниясының әйнектерін орнатамыз. Фурнитура, желім, бұрандалар, қораптар Қазақстандағы өндірісшілерден сатып алынуда. Осы екі жыл ішінде Еуропа елдеріне 200 жүк көлігін жөнелттік. Түсініспеушіліктің кесірінен бір сала түгелдей зардап шеге-ді. Кәсіпкерлікпен айналысу тәуекелді қажет етеді. Кейбір компания осындай кедергілерге байланысты жабылып қалып жатыр. Сондықтан мемлекеттік құрылымдардың көмегіне сүйене отырып, өндірісті, жұмыс орындарын сақтап қалуға ұмтылайық. Кәсіпкерлік субъектілері жабылса, одан бюджет те зиян шегеді ғой. Кәсіпкерлікке мемлекет қолдау көрсетеді дейміз. Бірақ  әлі күнге кірістер департаменті заңды, қайтаруға тиіс 200 млн теңге қосымша құн салығын қайтармай отыр. Тауарды экспортқа шығаруды рәсімдегенде, қосымша құн салығын төлейміз. Содан тауарлар межеленген жерге жеткен соң, салықшылар рәсімделген құжаттарымыздың заңдылығын тексеріп, төлеген ҚҚС-ты кері қайтаруы керек болатын. Бұдан өндірісті дамыту жоспарларымыз өрге тартпай, құлдырауда. Мұның бәрі компанияның қызметіне нұқсан келтіреді. Мемлекеттік кірістер комитетіне 10 хат жолданды. Күтіңіздер деп шығарыпсалма жауаппен діңкелетті. Ресімдеуді жеңілдету үшін еркін қойма мәселесін шешуді сұрағанбыз. Оған да жыл болды. Құжаттарды жинап жібереміз, олар келіп тексеріп, әйтеуір, тағы бір құжат жоқ деп шығады. Қажетті құжат тізімін де бермейді. Сондықтан сотқа екі мәселе бойынша талап-арыз дайындайдамыз. Енді оған шекарадан өту қиындығы қосылса, жағдайымыз мүшкілдене түспек. Осыдан кейін мемлекеттің қандай қолдауын айтасыз?   – деді «Tereze stail» компаниясының басшысы Виталий  Куликов.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Өтешованың айтуынша, палата мемлекетті құрылымдармен бірігіп, тауар өндірушілердің түйінді түйткілдерін шешуге жұмыстанады. Мемлекеттік құрылымдар ресімделген кедендік құжаттарды растап, тиісті мемлекеттердің кеден құрылымдарына  хат жолдап, қазақстандық тауарлардың ресімделуін талап етеді.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес Эльмира Өтешева 2024 жылғы 3 маусымнан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге тауарларды әкелу рәсіміндегі маңызды өзгерістермен және «Астана – 1» АЖ ақпараттық  жүйесін пайдаланушылардың есептік жазбаларын құру мәселелерімен таныстырды.

Кеңес отырысын қорытындылаған кеңес төрағасы Фарид Бахтиозин өңірдің бизнесін дамытудағы, кәсіпкерлік қызметке жәрдемдесудегі палатаның қызметіне оң баға берді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының туындаған түйткілді мәселелерді шешуде  мемлекеттік құрылымдармен, салалық департаменттермен бірлесіп жұмыстанатыны,  сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп орындарынан күрмеуі қиын мәселелерді жинау жөніндегі жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдайтыны белгілі болды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»,

Фото: М.Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале