
Шетелде паспортты кімдер рәсімдей алады?
Құжатқа сәйкес, бұл қызметті Ішкі істер министрлігі Қазақстанның шетелдегі мекемелері арқылы көрсетеді. Паспортты шетелдік мекемелер арқылы азаматтардың белгілі бір санаттары рәсімдей алады. Олардың қатарында:
- Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратындар;
- шетелдік оқу орындарында білім алып жатқандар;
- шетелде еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер;
- Қазақстаннан тыс жерде туған және кәмелетке толмағандар;
- шетелде тұрақты тұратын, оқитын немесе жұмыс істейтін азаматтардың бірге тұратын отбасы мүшелері;
- Қазақстаннан тыс жерде тұратын шетел азаматының отбасы мүшелері;
- дипломатиялық қызмет персоналымен бірге шетелде тұратын олардың туыстары;
- егде жасына байланысты өз-өзіне қызмет көрсетуге қабілетсіз адамдар (қарттар);
- тыныс-тіршілігін шектейтін, ағза функцияларының тұрақты бұзылуы бар денсаулығы нашар адамдар;
- өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын жақын туыстарына күтім жасайтын адамдар;
- ұсталған немесе күзетпен ұстаудағы, қамауға алынған, сондай-ақ шет мемлекет аумағындағы пенитенциарлық мекемелерде жазасын өтеп жатқан адамдар.
Қанша уақыт күту керек?
Рәсімдеу мерзімі нақты шетелдік мекеменің арнайы цифрлық жүйеге қолжетімділігі бар-жоғына байланысты болады.
Бұл ретте шетелдік мекемеде қабылдауды күту уақыты 30 минуттан аспауы тиіс, ал өтініш берушіге қызмет көрсету уақыты - 10 минут.
"Мемлекеттік қызмет кезек тәртібімен, жеделдетілген қызмет көрсетусіз көрсетіледі, кезекті брондау көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырылады", - делінген құжатта.
Паспорт рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?
Қазақстанның шетелдегі мекемесі арқылы төлқұжат рәсімдеу үшін мыналар қажет:
- Белгіленген нысандағы өтініш.
- Баланың туу туралы куәлігі және ата-анасының немесе заңды өкілдерінің құжаттары (егер төлқұжат 16 жасқа толмаған балаға рәсімделсе). Кейбір жағдайларда шетелдік ата-ананың нотариалды куәландырылған келісімі де талап етіледі.
- Қазақстанның қолданыстағы паспорты (егер құжат ауыстырылса).
- Көлемі 3,5 × 4,5 сантиметр төрт түрлі-түсті сурет.
- Шетелде тұру негіздемесін растайтын құжат (мысалы, тұрақты тұру, оқу немесе жұмыс фактісі). Жағдайға байланысты отбасы ахуалы немесе денсаулық жағдайы туралы құжат та қажет болуы мүмкін. Түпнұсқасы мен көшірмесі керек.
- Болған елдің құзыретті органынан азаматтығының жоқтығы туралы анықтама (егер осы елдің заңнамасында мұндай анықтаманы беру көзделсе).
- Консулдық алымның төленгенін растайтын құжат.
Шетелдік органдар берген құжаттарды кейбір жағдайларда апостильдеу немесе заңдастыру қажет болады. Талаптарды алдын ала нақты шетелдік мекемеден біліп алған жөн.
Құжаттарды тапсырғаннан кейін не болады?
Егер құжаттар пакеті толық болса, шетелдік мекеме қызметкері олардың қабылданғанын растауы тиіс.
Құжаттарды қағаз жүзінде тапсырған кезде, өтініштің көшірмесіне қабылдау күні мен құжаттарды қабылдаған қызметкердің деректері көрсетілген белгі қойылады. Ұсынылған құжаттардың түпнұсқалары, әдетте, өтініш берушіге қайтарылады және шетелдік мекемеде сақтауға қалдырылмайды.
Егер тексеру кезінде қате немесе жетіспейтін құжаттар анықталса, өтініш берушіге оларды түзетуге уақыт беріледі. Бұл кезең қызмет көрсетудің жалпы мерзіміне кірмейді.
"Электрондық формулярдағы мәліметтердің деректер базасындағы ақпаратқа сәйкес келмеуі, рәсімдеу кодтарының сәйкессіздігі, графикалық ақпараттың сапасыздығы анықталған жағдайда, электрондық формулярлар қайтару себебі көрсетіле отырып, пысықтау үшін орындалмай СІМ-нің шетелдегі мекемелеріне қайтарылады", - делінген бұйрықта.
Паспорт беруден бас тарту себептері
Егер өтініш беруші немесе ол ұсынған құжаттар ереже талаптарына сәйкес келмесе, паспорт рәсімдеуден бас тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ адам қажетті дербес деректерге қол жеткізуге келісім бермесе немесе Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тіркеуі болмаса (заңда көзделген жағдайларда), бас тартуы мүмкін. Сонымен қатар өтініш беруші анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаған жағдайда бас тартылуы ықтимал.
Құжаттар Қазақстанға қалай жетеді?
Құжаттар қабылданғаннан кейін шетелдегі мекеме екі күнтізбелік күн ішінде оларды дипломатиялық пошта арқылы СІМ-ге жіберу үшін жинақтап, орап дайындайды.
Құжаттар СІМ-ге түскен соң, ведомство екі күнтізбелік күн ішінде оларды ІІМ-ге жолдайды. Онда 30 күнтізбелік күн ішінде құжаттар тексеріліп, паспорт дайындалады, содан кейін ол СІМ-ге қайта жіберіледі.
Содан кейін СІМ 25 күнтізбелік күн ішінде құжаттарды шетелдегі мекемеге тапсырады.
Дайын паспортты алғаннан кейін шетелдегі мекеме бес күнтізбелік күн ішінде бұл туралы өтініш берушіге хабарлайды.
Дайын паспортты қалай алуға болады?
Паспорт адамның өзіне немесе оның заңды өкіліне жеке өтініш жасаған кезде беріледі.
Егер ЖСН-ді жүйе арқылы қалыптастыру мүмкін болмаса, құжаттар ІІМ мен СІМ-ге қағаз жүзінде жіберіледі.
Паспортты алуды ұмытып кетсе не болады?
Егер адам паспортты алуға келмесе, ол бір жыл бойы сақталады.
"Дайындалған күннен бастап бір жыл өткен соң, ол кейін жою үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне жіберіледі", - делінген құжатта.