6.06.2023, 15:59
Оқылды: 142

Шілдеден бастап қандастар «Ата жолы» картасын алады

Этникалық қазақтарға елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат беріледі.

атажолы

Биыл шілдеден бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын алып, Қазақстанға оңай жолмен кіру мүмкіндігіне ие болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, «Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты – тарихи Отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елімізге табысты бизнесмендерді тарту. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып берілетін болады. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.

«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие болады.

«Ата жолы» картасының иегері медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер жасап, соның қызметін пайдалана алады. Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға сәйкес, ҚР аумағында жұмысқа орналасып, Кәсіпкерлік кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілеріне сәйкес кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігіне ие болады. «Білім туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта арнаулы және/немесе жоғары білім, жеке оқу орындарында ақылы білім алады. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін пайдаланады.

Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын пайдалана алады», – делінген хабарламада.

«Ата жолы» картасы бар адамдардың ҚР мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды.

Бұдан басқа, егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алған жағдайда оның картасы жарамсыз деп танылады.

«Ата жолы» картасының иегерлері бизнеспен айналысқысы келсе, қоныстану өңірін өз бетінше таңдайды.

Сондай-ақ «Ата жолы» картасын алудың алгоритмі туралы қосымша хабарланатын болады.

halyq-uni.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале